• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2016

Мемлекеттік қызметке мемлекетшілдер ғана лайық

686 рет
көрсетілді

Президент Н.Назарбаевтың Бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарында кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру алдымен аталған еді. Осыған орай құрылған Мемлекеттік қызмет істері министрлігі қазір қызу жұмыс үстінде. Осы ведомствоның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып беруді министр Талғат ДОНАҚОВТАН өтінген едік. – Талғат Советбекұлы, Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты бағдарламалық мақа­ласында мем­лекетті кәсібилендіру бағы­тындағы ең бірінші реформа мемлекеттік аппараттың ти­ім­­ділігін арттыру екенін атап көрсетті. Осы бағытта Мем­лекеттік қызмет істері ми­нис­трлігі құрылып, бұрын кө­бі­несе тек айыптау бағытын ғана ұстанған сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес агент­тігінің орнына Ұлттық бюро қа­лыптастырылып, ол ми­нис­тр­лік қарамағына енгізілді. Содан бері де бір­шама уақыт өтті. Осы ара­лықта қандай шаруалар атқа­рылды? – Өзіңіз атап өткендей, мем­лекеттік аппараттың тиімділігін арттыруды Елбасы өзінің «Ұлт Жоспары – қазақстандық ар­манға бастайтын жол» атты бағ­дарламалық мақаласында 100 қадамның ішінде ең бірінші ре­форма етіп белгіледі. Бұл мем­лекеттік қызметтің сапасы мен тиім­ділігіне аса зор мән беріліп отырғанын аңғартады. Біздің ведомство да ең алдымен, осы мін­деттерді орындау үшін құрыл­ғаны белгілі. Не атқарылды дегенге келсек, біріншіден, барлық ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылды. Министрліктің басым міндеттері Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жаңа мо­делін іске асыру және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу болып табылады. Минис­трліктің жанынан Сыбайлас жем­­­қорлыққа қарсы ұлттық іс-қи­­мыл бюросы құрылып, оған сы­бай­лас жемқорлық құқық бұзу­шылықтардың алдын алу, анықтау, ашу және тергеу жөніндегі негізгі функциялар жүктелді. Бүгінгі таң­да министрліктің құрылымы мен штаттық кестесі бекітіліп, ұйымдастырушылық іс-шаралары және қызметкерлерді тағайындау рәсімі аяқталып, министрліктің және Ұлттық бюроның жұмыс жоспарлары бекітіліп, жүзеге асырыла бастады. Яғни, барлық нор­ма­тивтік-құқықтық база әзірленіп, бекітілді. Екіншіден, мемлекеттік қыз­мет туралы заңнаманың талаптарына сай мемлекеттік қызметке тұрудың жаңа мансаптық моделін енгізіп, оны қолдануды ең алдымен өзімізден бастадық. Министрлік құрылғалы бері ведомствомызға жаңа қызметкерлер үш сатылы іріктеуден өтіп, қабылданды. Со­нымен қатар, ведомство ішінде қызметі жоғарылаған мемлекеттік қызметшілердің барлығы жаңа мансаптық модель бойынша конкурстан өтіп, тағайындалды. Ен­ді бұл қазір барлық мем­лекеттік органдарда енгізіледі. Әрине, алдымызда тұрған міндет-мақсаттар зор. Оларды кезең-ке­зең­мен жүзеге асыруға біздің ведомство қызметкерлері бар білімі мен білігін, тәжі­рибесін салады деп сеніммен айта аламын. Демек, алда әлі талай міндеттер күтіп тұр. Ол туралы да жұртшылықты мына сіздер арқылы, БАҚ арқылы құлағдар етіп отырамыз. – Мемлекеттік қызметті ре­фор­­ма­лаудың негізгі мақ­саты – кадрлардың кә­сіби дайын­­дығының ең жоғары дең­гейіне жетуімен қатар, қоғамға қо­жайын­дық етуден қыз­метшілік жа­сауға көшуін қамтамасыз ету екен­дігін Елба­сы көптен бері айтып келеді. Осы бағытта қандай же­тісті­ктерге қол жеткізілді дей аласыз? – Біздің қол жеткізген жетіс­тіктеріміз, ең алдымен, барлық атқарылатын шаралардың заң­намалық қамтамасыз етілуі. Қазақстан Республикасы мем­лекеттік қызметінің жаңа моделі тұжырымдамасына сәйкес мем­лекеттік қызмет жүйесінің ма­ңызды факторлары тиімділік, нәтижелілік, ашықтық және қо­ғамға есептілік қағидаттары, ха­лыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Осы қағидаттарды бекіту үшін заңнамалық база құрылуы тиіс еді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қыз­метшілерінің Әдеп кодексі бекі­тілді. Осы кодекс қожайындық ету­ден гөрі қызметшілік етуді ма­ңызды міндет етіп алға қойып отыр. Бұл құжатқа сәйкес мемле­кеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және қоғам мемлекеттік қызметшіні өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжі­рибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұм­сайды, өзінің Отаны – Қазақстан Респуб­­ликасына қалтқысыз әрі адал қызмет етуге септеседі деген үмі­тіміз бар. Неге десеңіз, мемле­кеттік қызметкер де осы қоғамның мүшесі ғой. Олар да Қазақстан халқының өкілі, сондықтан өз қызметіне адал болғаны ең алдымен өзіне тиімді. Әдеп кодексінен бөлек, мем­ле­кет­тік аппараттың халықпен өзара қа­рым-қатынастарында біржақты өктем көз­қарастардан арылып, азаматтарға мем­лекеттік қызметтерді тиімді және жедел түрде көрсетуге көшу мақсатында «Мем­лекет көрсететін қызметтер туралы» Заң қабылданды. Осы заңда көрсетілетін мем­лекеттік қызметтер саласы толығымен реттеледі. Яғни, осы қызметтердің түрлері, оларды көрсету мерзім­дері және басқа да барлық қа­тынастар қамтылған. Бұдан бөлек, мемлекеттің халық алдында есеп беруін арттыру мақсатында «Ақ­паратқа қолжетімділік туралы» Заң қабылданды. Осы заң ақ­паратты еркін алу жөніндегі халықтың құқығын іске асыруды қамтамасыз етеді. Мұны да мемлекеттік аппараттың ашық­тығын, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға үлкен сеп болатын құжат деп санаймыз. Ұлт Жоспарының 6-қадамына сәйкес бірінші басшыларға ең­бек­ақыны төлеу үшін арнаулы индикаторлардың бірі – мемлекеттік қызмет сапасын, өмір сапасын арттыру. Яғни, мемлекеттік органды басқаратын басшы ең алдымен көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүд­делі болады. Демек, осы бағытта бар білімі мен тәжірибесін жұм­сайды. Біздің пайымдауымызша, осы шаралардың бәрі қоғамға есептілік қағидаттары мен халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған. Және бүгінгі таңда олар өз жемісін бере бастады. – «Мемлекеттік қызмет ту­ра­лы» Заңның 3-бабының төр­тінші тармағында мем­­ле­кеттік қызметшілер еске­ре­тін бас­ты принциптер қата­рына азамат­та­рымыздың құ­қық­­тары мен олардың заң­ды мүд­делерiнiң мемлекет мүд­делерi алдындағы басымды екендігі айтылған. Іс жүзінде осы талап сақталмайтынын көз­бен көріп жүрміз. Басқасын айтпағанда, табиғат апатынан зардап шеккен азамат­тары­мыз заңды тұрғыдан тиесілі өтем­ақысын толық кө­лемде ала алмай, мем­лекеттік қызмет­шілердің есігін тоздырады. Басқа да осыған ұқсас жайттар жет­кілікті. Осындай істердің кесірінен аза­маттарымыздың мемлекетке деген сенімі де азая­ды емес пе? Мемлекеттік қыз­­мет­шілердің осындай істеріне қарсы қан­дай әрекеттер жасалады? – Әрине, ондай жекелеген жағ­­дайлар орын алып жатады. Бірақ, олар бұқаралық сипатқа ие деп айтуға болмайтын шығар. Әлемдік тәжірибе көр­сеткендей, қоғам алдында мемлекеттік қызметшінің бейнесі мен мемлекеттік бас­­қару органының абы­ройы қызметшінің кә­сібилігі мен мінсіз әдеп тәр­биесіне қарап анық­талады. Осы себептен Ұлт Жоспарының 12-қадамы ре­тінде мемлекеттік қыз­мет саласында жаңа Әдеп ережесін енгізу қа­жет­тілігі туындады. Нәти­же­сінде, «Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында қыз­меттік әдепке қатысты ереже ай­тарлықтай кү­шейді. Аталған заңға мем­лекеттік қызметке кір кел­тіретін теріс қылықтар туралы түсініктеме енгізілді. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қыз­метке кір келтіретін тәртіптік теріс қы­лықтар жасаған жағдайда, оған тәртіптік шараның мемлекеттік қызметтен шығару түріндегі және мемлекеттік қызметке қайта қабылдамау түріндегі тәртіптік шарасы қолданылатын болады. Жоғарыда аталған Әдеп ко­дексі­нің мазмұнды бөлігі мемле­кеттік қызметті алып жүру қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру деген ұстанымға негізделген. Мемлекеттік қызмет­шілердің ең негізгі міндеті –ха­лыққа сапалы мемлекеттік қыз­мет көрсетіп, олардың көңі­лінен шығу. Сол себепті, мемлекеттік қыз­метші әрқашан мемлекет көрсететін қызмет сапасын жетіл­діруге бағыт­талған шаралар қабыл­дап отыруы тиіс. Қабылданған Әдеп кодексінің нәти­желілігін көтеру мақсатында тиісті мониторинг пен бақылау жүргізіліп тұратын болады. Осы­ған орай, Қазақстанда бірін­ші рет Әдеп жөніндегі уәкіл инс­титуты енгізілді. Жаңа қа­был­данған заңнамаға сәйкес, Әдеп саласындағы бақылаудың инс­титуттық негізі өзгеріп тұра­ды. Әдеп бұзушылықтардың профилактикасы бұрын жұмыс жасап келген Тәртіптік кеңестің орнына әр ауданда құрылған Әдеп жөніндегі кеңеске жүктелді. Оның құрамына мем­лекеттік органдардың басшылары, мәсли­хат депутаттары, БАҚ және үкі­мет­тік емес ұйымдардың өкіл­дері, сондай-ақ, халықпен сенім білдірілген және кәсіби тәжіри­бесі мол өзге де тұлғалар кіреді. – Заңда мемлекеттік қызмет­тің тағы бір басты қағидаты ре­тінде жалпы қол­жетiмдiлiк, яғни өз қабi­леттерi мен кәсі­би даярлығына сәй­кес азаматтарымыз мемлекеттiк қыз­мет бойынша жоға­рылатылуда тең құ­қылы екендігі ай­тылған. Алайда, осы қағидаттың жиі бұзылатыны, яғни лауазымға лайық­ты еместілердің «өсіп» жата­тын жағ­дайлары кездесетіні жасырын емес. Субъек­ти­визмге ұшы­раған қызмет­керлер өз құ­қығын қалай қорғауы керек? Ми­нис­тр­лікте ондайлардың құқы бұзыл­мауын қадаға­лай­тын арнайы қыз­мет бар ма? – Бұл бағытта да біршама істер атқа­рылып жатыр. Соңғы кездері мұндай жағдайлар орын алғаны туралы ақпарат бізге келіп түскен жоқ. Бұған заңнаманың өзгеруі үлкен себеп болды деп санаймыз. Мемлекеттік қызметтің жа­ңа ман­саптық моделін енгізу арқылы мемлекеттік лауазымға ауысу тәртібімен тағайындау тәжірибесі тоқтатылып, қазір бос мем­лекеттік лауазымға орналасу конкурс ар­қылы өтуде. Кандидаттарды іріктеу бары­сында ашықтықты қамтамасыз ету үшін байқаушы мен сарапшылар институты қолданылады. Осылайша, 2016 жылы өткізілген төрт конкурстың үшеуі байқаушы немесе сарапшылардың қатысуы­мен өтті. Сонымен қатар, кон­курс­тық комиссияның кандидатпен әңгімелесуі барысында және қорытынды отырысына уәкілетті органның өкілдері, яғ­ни министрліктің немесе оның аумақтық құрылымдық бөлім­шелерінің өкілдері қатыса алады. Біздің 2015 жылғы 29 жел­тоқсандағы №12 бұйрығымызбен бекітілген мемлекеттік лауазым­дарға біліктілік талаптарына сәйкес жоғары лауазымдарға та­ғайындалу үшін төменгі санатта өткерген қызмет өтілі талап етіледі. Осы шаралар мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын сақтауға және субъективизмге жол бермеуге бағытталған. Ал ереже талаптарының сақтал­ғанына күмәні бар кандидаттар министрлікке немесе оның аумақ­тық бөлімшесіне, болмаса сотқа шағымдана алады. – Мемлекеттік қызметшінің әлеу­мет­тік қорғалуы бағытында жаңадан ен­гі­зіл­ген шаралар бар ма? Бар болса, қандай? – Әрине, мемлекеттік қызмет­шіге жоғары талап қойылса, оның әлеуметтік қорғалуы да тиіс­ті деңгейде болуы шарт деп санаймыз. Олардың бар­лығы заңда қарастырылған. «Қазақстан Респуб­ликасының мем­лекеттік қызметі туралы» жаңа Заңмен мемлекеттік қыз­метшілердің әлеуметтік кепіл­діктері күшейтілді. Мәселен, заң жұмыс орнында уақытша болмаған қызметшінің міндетін атқару үшін қосымша төлемдер, қызметке қайта орналастырылған тұлғалардың ішкі конкурсқа қатысу мүмкіндігі, ақталған қыз­­метшілерге келтірілген зиянды өтеу мәсе­лелерін айқын­дайды. Басшылар ауысу барысын­да мемлекеттік әкімшілік қыз­меттің тұрақты жұмысына әсер етпеу мақсатында заң сая­си мемлекеттік қызметшілер мен жауапты хатшылар, аппарат басшылары арасындағы өкілеттіктерді межеледі. Сонымен қатар, мемлекеттік қыз­метке ал­ғаш рет кірген қызметшілердің бейімделуі мақсатында, оларға сынақ мерзімі үш айды құрайды. Сынақ мерзімінің нәтижесi қана­ғаттанарлықсыз болғанда сынақ мерзімі тағы үш айға ұзартылады. Мемлекеттік қызметшіні сынақ мерзімінің нәтижелерi бойынша қызметтен шығару уәкiлеттi органмен келiсу бойынша ғана жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғау және қалпына келтіру әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі функ­цияларының бірі болып табылады. Аталған шаралар мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын одан сайын арттырады деп айтуға негіз бар. – Жасыратыны жоқ, қазір мемле­кеттік қызметшілер түрлі арандатуларға да тап болып жа­тады. Мысалы, есепшо­тына өзі білмейтін ақша түсіп қалуы мүмкін. Сондай-ақ, жүр­гізушісінен немесе басқа да бағыныстағы адамынан қаражат беріп жіберіп, артынан оны пара алды деп ұстатып жатқан да жағдайлар белгілі. Келі­сімсіз «пара» сияқты бол­ған мұн­дай жағ­дайлардан ол өзін өзі қалай ақтауы керек? – Заңда барлық мәселе тия­нақты айқын­далған. Атап айтсақ, заңмен белгіленген тәртіп бойынша, мемлекеттік қызмет­ші­лерге қатысты арандатушылық сипаттағы фактілер анықталған кезде, олар бұл туралы дереу тікелей басшысына хабарлауы керек. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 50-бабына (Мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіп­тік теріс қылықтар) сәйкес мем­лекеттiк қызметшінің шотына иесі білмей келiп түскен ақша анықталғаннан кейiн екi аптадан аспайтын мерзiмде мемле­кеттік кіріс органына түсуiнiң мән-жайлары туралы түсiнiктеме ұсы­ныла отырып, респуб­ликалық бюджетке аударылуға жатады. Құқық қорғау органы қызмет­керінің іс-әрекеттерінде теріс қылық құрамы анық­талған кезде, ішкі қауіпсіздік бөлімшесі теріс қылық туралы мәліметтерді тексеру, оны жасаудың мән-жай­ларын толық, жан-жақты және әділ анықтау мақсатында қызметтік тергеу жүр­гізеді. Мем­ле­кеттік қыз­метшіге қатысты арандатушылық сипаттағы факті­лердің орын алуы оны жауап­кершіліктен (тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық) босатады, ол үшін істің мән-жайлары жан-жақты әрі объективті тексеріледі. Әрине, ары таза, қолы таза мем­лекеттік қызметші еш уақытта да қуда­лан­байды. – Мемлекеттік қызметшінің заңсыз шешімінің кесірінен қыз­метінен қуылған бағы­ныс­тағы мемлекеттік қызметші бірнеше айдан кейін сот ше­шімімен орнына қайта оралса, жұмысын тастауға мәж­бүр болған айлары үшін өтем­ақы ала ма? Бұл өтем­ақы айып­тының есебінен өн­діріле ме, әлде бюджет есебінен төлене ме? – Қазақстан Республикасының Аза­маттық процестік кодексінің 297-бабы 4-тармағына сәйкес, мемлекеттік органның, жергілікті өзін өзі басқару органының, қо­ғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның немесе мем­лекеттік қызметшінің қабылдаған заңсыз шешімінің, жасаған заңсыз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) сал­дарынан азаматқа немесе заң­ды тұлғаға келтірілген зиян­ды өтеу талап қою ісін жүр­гізу тәртібімен жүзеге асырылады. Бұл ретте «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 62-бабында мем­лекеттік қызметшілер қызметтен заңсыз шығарылған жағдайда осыған байланысты оларға келтірілген нұқсан олар қызметтен шығарылған мемлекеттік органның есебінен толық көлемде өтелуге тиістігі көрсетілген. – Мемлекеттік қызмет­ші­лер­дің мем­лекетшілдігін арттыру бағытында қандай шаралар жасалады? – Мемлекетшілдік, патриотизм халық­қа қызмет етумен тығыз байланысты. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасында мем­лекеттік қызмет қазақстандық патриотизм қағидатына негізделеді. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының хал­қы мен Президенті алдында өз Отанын өркендету ісіне барлық күш-жігері мен білімін жұмсауға, елдің Конституциясы мен заң­дарын сақтауға, халқына адал да білікті қызмет етуге ант береді. Сонымен қатар, заңға сәйкес мемле­кеттiк қызметшiлердiң не­гiзгi мiндеттерiнің бірі азаматтар мен заңды тұлғалар құқық­тарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады. – Елбасы Н.Назарбаев өзі­нің аталған мақаласында аса н­әтижелі қызмет үшін бонус­тар төлеу қарастырылып, ол жүйе 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізіледі деген еді. Бұл қаражат бюд­жеттің қан­­дай шығыстарында қарас­тырылатын болады? – Ұлт Жоспарының 5-қада­мына сәйкес мемлекеттік қызмет­шілердің жалақысы қызметінің нәтижесіне байланысты өсіріледі. «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік қызметі туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік қыз­метшілердің еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік қызметшілер орындайтын жұмыстың сипатына, көлеміне және нәтижелеріне байланысты сараланып белгіленеді. Мемлекеттік қызметшілердің жұ­мысын баға­лаудың нәтижелері бонустарды төлеу жөніндегі шешімдерді қабылдауға негіз болып табылады. Қазіргі кезде Ұлттық экономика минис­трлігімен мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету, сон­дай-ақ, «Б» корпусының мем­лекеттік әкімшілік қызмет­шілерінің лауазымдық айлық ақыларына үстемақылар белгі­леу қағидалары мен шарттары әзірленуде. Қар­жыландыру мәселелері осы қағи­далар мен шарттарды әзірлеу барысында пысық­талатын болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»