Қарағандыда жаңа энергоблок іске қосылды
«Қарағанды Энергия Орталығы» Қарағанды қаласы мен облысты электр энергиясымен және де жылумен қамтамасыз етіп отырған аса ірі өндіріс ошағы. Компанияның құрамына ЖЭО-1 және ЖЭО-3 сынды екі бірдей жылу электр стансасы енеді. Соңғысы өңірдегі ірі өндіріс орындарының бірінен саналады. Оның энергетикалық қуаты 560 МВт болса, жылу қуаты 1174 гкал/сағатты құрайды. Жалпы алғанда, бұл екі стансаның облыс орталығын жылу және электр қуатымен толықтай қамтамасыз етуге күші күні кешеге дейін еркін жетіп келген. Сонымен қатар, барлық әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық нысандар, балабақшалар, мектептер мен өндіріс ошақтары да осы стансалардан тіршілік нәрін тартады.
Негізі Қарағандыдағы №3 жылу электр орталығына қарасты жаңа энергоблоктың құрылысы осыдан төрт жыл бұрын басталған болатын. Мұндай қадамға өсіп-өркендеп жатқан облыстың энергетикалық қуат көздеріне деген тапшылығы итермелеген еді. Жобаны орындау барысында бірқатар озық құрылымдық технологиялық шешімдер жүзеге асырылды. Міне, осындай шаралардың арқасында «Қарағанды Электр Орталығы» ЖШС бүгінгі күнде облыс орталығына қосымша 110 мегаватт электр қуаты мен 180 Гкал/сағат жылу қуатын беру мүмкіндігіне ие болып отыр.
Қарағанды ЖЭО-3 стансасындағы жаңа энергиялық блокты пайдалануға беру салтанатына облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те қатысты. Өзінің құттықтау сөзінде өңір басшысы жаңа блок іске қосылғаннан кейін стансаның энергетикалық тиімділігінің 25 пайызға артатынын ерекше атап өтті.
«Біздің өңір үшін жаңа қуат көздері ілгері дамуымызға септігін тигізетін қосымша серпін. Ал жаңа қондырғының іске қосылуы облыс үшін жаңа кәсіпорындарды пайдалануға беру, тұрғын үйлер салу сынды маңызды жобаларды жүзеге асыруға қажетті аса зор резерв және қуатты қор болмақ. Бұған қоса бұл жоба аясында қарағандылықтар үшін жаңа жұмыс орындарының пайда болатынын да айта кеткен жөн», – деді облыс әкімі.
Аталған ірі жобаның бас мердігері және барлық құрал-жабдығын жеткізуші Қытайдың машина жасау саласындағы СМЕС деп аталатын ұлттық компаниясы. Аталған жобаның іске асуы энергетика саласындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың қанат жайып отырғанын көрсетеді. Бүгінгі күнде жобалық құны 185 миллион доллар болатын энергоблок құрылысы мен құрастыру жұмыстары толық аяқталған. Жаңа нысанның қаржылық әріптестері Қазақстан даму банкі мен «Сбербанк» АҚ-тың еншілес банкі болғанын да айта кеткен ләзім.
Жалпы, 2009 жылдан бастап Үкімет энергия көздеріне арналған мөлшерлі тариф енгізгелі компания инвестициялық бағдарламаларды іске асыра бастаған болатын. Жылу электр орталығының қуатын арттыру, оның құрал-жабдықтарын жаңарту және қайта құру мақсатында кәсіпорынға қомақты қаржы құйылды. Мысалы, мөлшерлі тарифтер бағдарламасы жұмыс істей бастаған бес жылдың ішінде бұл шараларға жұмсалған қаржы 65 миллиард теңгені құрады.
Қуаттылығы 110 мегаватт болатын жаңа әрі ірі энергетикалық блоктың құрылысы стансаны ұлғайту бағдарламасының екінші кезеңіне жатады. Ал 2012 жылы іске қосылған турбоагрегат бүгінгі күнде қалыпты жұмыс істеп тұр.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ