• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2016

Актер бақыты

481 рет
көрсетілді

Биыл Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев актерлық ғұмырында сомдаған шоқтығы биік рөлі – сексендегі Сүйеу қарттың жасына келіпті. Бір жерде көгерген дарақтай болған дарын иесінің мерейтойы сенбі күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында мәреге жетті. Қазақтың театр өнерінің қара шаңырағында алпыс жылға жуық қызмет етіп, 200-ге тарта рөлді сомдап, кесек келбетті кейіпкерлерді тірілткен Сәбит ағамыз дәл осы жо­лы абыздық жасқа келгенде ел­дің де ақсақалы мен ақылшысына айналғаны даусыз. Бәсекелі шығар­машылық ортада шынайы құрметке ие болып, көрерменнің риясыз сүйіспеншілігіне жалаңаш талантпен жете салу қиын. Оразбаевтай актер бұл белеске адами қасиет­тері­мен, еңбекқорлығымен, ішкі мәдениетімен көтерілгенін көрдік. Шығармашылық кеште алды­мен Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхаме­диұлы Елба­сының мерейтой иесіне құттықтау хатын оқып берді. Парламент Сена­тының депутаты Нұрлан Оразалин Палата Төрағасы Қасым-Жомарт То­қаев­тың сәлемін жеткізіп, Қазақ­стан Жазушылар одағының да атынан құттықтады, ақындық арынмен Сәбит ағамызға жыр арнады. Сәбит Оразбаевқа арналған толассыз құттықтаулар легінде қазақтың біртуар азаматтары, облыс басшылары мен туған өлке­сінен арнайы келген адамдар да көп болды. Мерейтой иесімен өмірде де, өнерде де үзеңгілес, тағдырлас келе жатқан атақты актер Асанәлі Әшімов Сәбиттей актердің ба­қыты қайда байланғанын, бүкіл ғибратты ғұмырын, кісілік келбе­тін қалжыңмен болса да ғажап жет­кізді. Өресі биік тұлғалардың жарасымды әзілдерінің астарында олардың бүкіл өмірі, қиналысы мен қуанышы жатқаны сөзсіз. Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов таланты бүкіл ұлт­қа ортақ қазына болған актер­дің өнеріне сахна мен экранның ұлы шебері Иннокентий Смокту­нов­скийдің берген бағасын жас журналистік күндерінен үзіп алып, қызықты әңгімеледі. Бұл «Қан мен тердегі» Сүйеу қартқа қатысты естеліктер болатын. Сөз соңында Сауытбек Абдрахманов Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өз қолымен жа­зыл­­ған құттықтауын табыстады. Осылайша ұлттық театрға сапа­лық өзгеріс әкелген 60-шы жылғы буынның көрнекті өкілі Сәбит Оразбаевтың тағылымды кеші тамаша естеліктерге ұласа берді. Театрдың бүкіл ұжымы да адам ретінде де, актер ретінде де бақыты жанған және осы бақытын тапқан абыз тұлғаға шын ниеттен жүз дейтін жасты тілеп тарасты. Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО халық әртісі: – Сәбит, Райымбек үшеуміз жұбы­мыз жазылмайтын жолдас болдық. Бірге оқуға түстік, бірге жүрдік, театр­ға да бірге келдік. Үйленгенде бір-бірімізге күйеу жолдас болдық, балаларымыз дүниеге келгенде перзентханадан бірге шығарысып алдық, үй алғанда өзіміз баспаналы болғандай жүрегіміз жарыла бірге қуандық. Аналарымызды Алматыға көшіріп әкеліп, қолы­мызға алып, ақ батасын естідік. Біздің аналарымыз да тең құр­быдай бір-бірімен араласып кетті. Қалжыңым жарасқан, өнердің аламанында тізе қосып қатар шап­қан Сәбит туралы айтарым көп. Досым туралы естеліктерім жазған кіта­бымда да бар. Әлі де жазармын. Өнерде тіресетін серіктесің мықты болса ғана өсесің. Сәбит, Райымбек, Ес­болған, Әнуар, Әзірбайжан – бә­рі­міз бір топ болып, құйысқан түйістіріп қатар шаптық. Бір-бірі­міз­ді өсірдік. Біз Әзірбайжанның қой­ған спектакльдері арқылы өстік, біз­бен бірге Әзірбайжанның өзі де өсті. Нүкетай МЫШБАЕВА, Қа­зақ­станның халық әртісі: – Біз Сәбит екеуміз түйдей құр­даспыз. Сәкеңмен 61 жылдан бері өнерде бірге келе жатырмын. Маң­­ғаз, салмақты жігіт болды. Бір иығына фотоаппаратын, бір иығына домбырасын асып алып жү­ретін. «Ойбай, мына Сәбиттің фотоаппараты бар екен, бай жігіт шығар», деп ойлайтынбыз қыздар жағы. Ол заманда фотоаппарат дегеніңіз тым қат дүние, екінің бірінде бола бермейтін қымбат бұйым еді. Сөйтсек, қолында қарт анасы бар, өзі пәтерде тұрады, фотоаппарат оның күнкөрісінің бір көзі екен ғой. Содан институтты тәмамдап, Райымбек Сейт­метов, Фарида Шәрі­пова, Матан Мұраталиев, Рау­шан Әуезбаева, Сәбит Оразбаев және мен, алты курстас М.Әуезов театрына жұ­мысқа қабылдандық. Көп спектакльде Сәбит екеуміз сахналас болдық. Сәбитпен ойнау оңай емес еді. Өресі де, өнері де биік екені білінетін. Грим бөлмесінің тұсынан қай уақытта өтіп бара жатсақ та, Сәбиттің ән айтып отыратынын еститінбіз. Домбырасын қолынан тастамады. Сәбит – еңбек­қорлығының арқасында қадір-қасиетін жоғалтпай, абырой-беделге ие болған жігіт. Өз басым осыған риза боламын. Ерлан БІЛӘЛОВ, М.Әуезов театры­ның директоры: – Сәбит ағаның азаматтығын, адамгершілігін, парасат-пайымын әрқашан жоғары бағалаймын. Ерекше дарынымен, маңдай тері­мен, кісілік қадір-қасиетінің озық­тығымен бүгінгі биігіне жетіп отыр­ғаны кейінгі толқынға үлгі болса игі. «Балалар, осы естеріңде болсын» деп ниетті жақсылыққа бұрып жүруді, мейірбандықтан қол үзбеуді театрға бірінші келген күннен бас­тап үйретті. Ағамыздың айтқан осы бір ауыз жақсы сөзі күні бүгінге дейін жадымызда жаңғырып тұрады. Үлкенге ізетті, кішіге пейілді, ақыл-кеңесін биік парасатпен, асқан мәдениетпен айта білетін ағамызды неге абыз деп айтпасқа, бұл мінезін неге мақтан тұтпасқа? Сәбит ағаның пікір-пайымы, түр-тұлғасы, өмірге көзқарасы, кірленбеген жүрегінің тазалығы әрдайым мені таң қал­дырумен келеді. Ғибрат сыйлайды. Әңгімелессем, рахаттанамын. Ойынын көрсем, шабыттанамын. Сәбит ағаның бүгінгі мерейлі қуанышы – алты Алаштың, қазақ өнерінің қуанышы. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» Алматы