• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Жер – халықтың игілігі

423 рет
көрсетілді

Кеше Астанада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысы өтті. Ұлттық академиялық кітапханада өткен жиында еліміздегі жер реформасына қатысты маңызды пікірлер, тұщымды ұсыныстар айтылды. Еліміздегі беделді 5 саяси партияның, ең ірі 17 қоғамдық бірлестіктің, өңірлердегі 500-ден аса үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіріп отырған Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысын Мұхтар Құл-Мұхаммед ашты. Ол өзінің кіріспе сөзінде аталған коалицияның қоғамымыздағы ықпалына қысқаша тоқталып өтті. «Өткен Президенттік сайлауда Отаны­мыздың саяси тұрақтылығы мен орнықты дамуын, экономикалық өрлеуін мақсат еткен еліміздің жетекші саяси партиялары, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдары жалпыұлттық коалицияға біріккен болатын. Бүгін біз осы тамаша дәстүрді жалғастыра отырып, жеріміздің тағдыры толғандыратын барша отандастарымызды өз қатарымызға шақырып, Жер кодексін бірігіп талқылауға белсене атсалысуын өтінеміз», деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жер секілді киелі мәселеге қатысты заң жобасының тағдыры митингілерде емес, осындай мейлінше ашық, анық жағдайда өтетін басқосулар мен сабырлы, салмақты талқылауларда шешілуі керек екенін атап өтті. Бұдан кейін спикер Жер рефор­ма­сы бойынша комиссияның екі отырысы өтіп, ашық талқылаулар арқылы көптеген мәселелер халыққа тікелей жетіп жатқанын, облыстарда қоғамдық кеңестер құрылғанын, оған барлық мүдделі тараптар, қызы­ғу­шылық танытушылар, пікір айта­мын деушілер қатыса алатынын жеткізді. «Мемлекет басшысы миллион­даған адамдардың тағдырына әсер ететін заңнамаларды бұқаралық ашық алаңдарда, барлық өңірлерде талқылау туралы тапсырма бергені баршаңызға мәлім. Кез келген азамат осында келіп, пікірін айта алады. Біз де осы дәстүрді жалғастырып, аталған мәселені ашық талқылауға жиналып отырмыз», деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев өз кезегінде жер реформасына қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. «Ақ жол» партиясы Елбасы жария­лаған мораториді толық қол­дайды. Осы орайда тиімді ұсыныстар, ой саларлық пікірлер ашық айтылуы қажет. Жер реформасы бойынша ко­миссия халқымыздың алдында, келер ұрпақ алдында ұятқа қалдырмайтын шешім қабылдағаны абзал. Жалпы, жекеменшiк – нарықтық экономиканың негiзi. Сондықтан, «Ақ жол» партиясы жердің жеке­меншікке берілуін құптайды. Де­генмен, бұл жерде агроөнеркәсіп кеше­нін тиімді басқару үлгісін еске­руге тиіспіз. Мемлекет агро­өнеркәсіп кешенін дамыту үшін қомақ­ты қаражат аударып келеді. Алай­да, оның тиісті нәтиже бермеуі ойлан­дырады. Осы саланың ұдайы сын­ның астында қалуы да соның айғағы емес пе?» деді А.Перуашев. Сондай-ақ, спикер шетелдік компаниялардың Қазақстан жерін жалға алу мәселесіне де назар аудар­ды. Оның сөзіне қарағанда, егер шетелдік компаниялар еліміздің ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар әкеліп, сала­ға инвестиция құйып, онда жаң­ғыртулар жүргізсе, ондай компа­ния­ларды қолдауға әбден болады. «Шетелдік компаниялардың қыз­метін, агротехникалық, эколо­гия­лық және басқа да нормаларды сақтауын бақылау жоғары деңгей­де ұйымдастырылуы қажет. Осы ретте, Қазақстанмен тікелей шек­ара­ласатын елдердің компания­ла­рына жерді жалға беру құқығын алып тастауды ұсынамын. Бұл Қазақстанның интеграциялық мін­деттемелерін ескере отырып, сепаратизм мен қоғамдық қатынастардағы қауіп­тер­дің алдын алу, болғызбау мақсатында жасалуы шарт», деді депутат. Сонымен қатар, А.Перуашев Қазақстанда жерге иелік ету құқығы бар компаниялардағы шетелдік құрылтайшылардың үлесін қайта қарау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде бұл шектеу 51 пайыз деңгейінде тұр. «Мемлекет басшысы жақында еліміздегі шетелдіктер үлесі басым компаниялардың иелігінен жер­ді алып, оны оларға жалға ғана беру туралы айтты. Ал ондай құрыл­тай­шылардың үлесін 25 пайызға дейін төмендетуге болады», деді депутат. Қазақстан Коммунистiк халық партиясының хатшысы, Мәжiлiс де­­путаты Жамбыл Ахметбеков ауыл­­шаруашылық жерлерiн тиісті мақсат­та пайдаланбаған азаматтарға үлкен мөлшерде айыппұл салуды ұсынды. «Бiз, коммунистер, Елбасының Жер кодексіне байланысты жария­лаған мораторийін толық қолдап, қуаттаймыз. Бұған қоса, біздің партия ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердi дұрыс пайдаланбағаны үшiн жергiлiктi атқарушы орган­дарға жауапкершiлiктi күшейту керек деп санайды. Сондай-ақ, ауыл­шаруашылық жерлерiнiң құнар­лылығын төмендеткенi, мақсатына сай пайдаланбағаны үшiн үлкен мөл­шерде айыппұл салу қажет. Ал алына­тын айыппұлды аудандық бюджет­терде қалдырып, оларды сол аудан­ның ауыл шаруашылығын дамыту мақ­сатында пайдаланған жөн, дедi Ж.Ахметбеков. Одан әрі спи­кер билiк орындарының азамат­тық қоғамның барлық топтарымен лайықты үнқатысу орнатуы тиiс екенін жеткізді. Ал «Ауыл» партиясының төраға­сы, Сенат депутаты Әли Бектаев жерді жекеменшікке де, жалға беру­де де қатаң бақылау орнатудың ма­ңыз­дылығына назар аударды. «Біздің партия жер және ауыл шаруашылығы мамандарымен ақыл­даса келе, жерге қатысты рефор­­маларды толық қолдайтынын мәлім­­дейді. Дегенмен, ұсыныс-пікір­­ле­ріміз де баршылық. Соның ішінде бүгінгі резонансқа қатысты айтар болсақ, халық бәрін түсінеді, алайда, жұрт­шылыққа дұрыс ақпарат жеткізу мәсе­лесінде олқылықтар бар. Негі­зінен, жағдай ашық айтылып, атқарыл­ған шаралар ұғынықты жет­кізі­луі керек еді. Ең бастысы, жер қай кезде де өз иесін табуы қажет. Соны­мен бірге, жерді жалға берсек те, жеке­меншікке берсек те оған қадаға­лау қатаң болуы тиіс. Ол бір ғана министр­лік арқылы қада­ғалан­бай, халық та, қоғам да, әкім­діктер де бұған мүдделі болуы шарт», деді Ә.Бектаев. Сонымен бірге, сенатор жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді. «Әрине, жерді ешкімге бермей ұстап отыра беруге де болады. Алай­да, жердің құнарын арттырып, одан қа­жетті өнім алуға қазір қазақ­стан­дық шаруалардың жағдайы келмей­ді. Оның үстіне қазір ауыл­шаруа­шылық айналымында игеріліп жат­қан 100 млн. гектардан астам жер бол­с­а, 100 млн. гектардан астам жер бос, тіпті, қараусыз жатыр. 2 млн. ты­ңай­ған жеріміз бар. Осыны игеру үшін де қаражат тапшы», деді Ә. Бектаев. Сонымен қатар, «Ауыл» партия­сының төрағасы елімізде 1 млн. 200 мыңнан астам азамат үй салу үшін жер учаскелерін алу кезегінде тұрғанын сөз етті. «Жер мәселесіне қатысты проб­ле­малар көтеріліп жатқан кезде, оның көлеңкелі тұстарына да назар аударған ләзім. Бұлардың бар­лығы да халықтың әлеуметтік жағ­дайына, тұрмыс-тіршілігіне тіке­лей байланысты. Мәселен, Ұлт­тық экономика министрлігінің мәлі­метіне қарағанда, 1 млн. 200 мың­нан астам азамат үй салу үшін жер учас­келерін алу кезегінде тұр. Олар­дың көпшілігі жастар, жас отба­сылар. Осы ретте айта кетерлігі, Үкімет қаулысы арқылы инфра­қ­ұ­рылымы жоқ жерлерді беруге тый­ым салынған. Осыны сылтау еткен әкімдер жұртқа жер беруді тоқтатты», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, соңғы 10-12 жыл көлемінде үй салуға жер бөлу мүлдем мардымсыз жүргізілген, тіпті, жоқтың қасы десе де болады. «Міне, жер туралы әңгіме төңірегінде елдің ызасын тудыратын осындай мәселе де бар ғой. Сондықтан да, бұл проблеманы сараптап, кейбір кедергілерді алып тастап, нақты шешімдер қабылдайтын кез келген секілді», деді партия төрағасы. Сондай-ақ, Ә.Бектаев елді мекен­дердің маңындағы жайылымдар мәселесіне де қатысушылар назарын аударды. Оның мәліметінше, соңғы 10 жыл көлемінде экономиканың ілгерілеуіне байланысты халықтың әл-ауқаты жақсарып, тұрғындардың қолындағы мал саны да едәуір кө­бейген. Бұл ретте, бұрынғы норма­тив­терге сәйкес, ортақ пайдалануға берілген жайылымдар тарылып, мал жаюға өріске шығаруға кедергілер кездесіп жатыр. «Ертеректе кей­біреу­­лердің иелігіне кеткен, жалға берілген жайылымның бәрін реви­зиядан өткізуге тиіспіз. Артық алын­­ған жерлер ортақ пайдалануға беріліп, елді мекендер тұрғындарына жағдай жасалуы керек. Өйткені, ауыл тұрғындарының тұрмысы мал шаруашылығына тікелей байла­нысты», деді спикер. Бұдан кейін Халық Қаһарманы, «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» ҚБ үйлестіру кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ерта­ев, Мәжіліс депутаты Юрий Тимо­щенко, «Ардагерлер ұйымы» рес­пуб­­ликалық қоғамдық бірлестігі Орта­­лық кеңе­сінің төрағасы Өмір­зақ Озған­баев, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Агрофирма «Родина» ЖШС ди­­ректоры Иван Сауэр, «Қазақ­стан­­ның Еңбек Ері», «Алтын­са­рино» ЖШС директоры Борис Кня­­зев, «Атамекен» ҰКП басқар­ма төр­­аға­­сының орынбасары Нұр­­жан Әл­таев, Кәсіподақтар феде­рация­с­ының төрағасы Әбілғазы Құса­йы­­нов, ҚР Кәсіпкерлер фору­мы­ның бас­қарма төрағасы Райымбек Бата­лов, «Қазақстанның азаматтық алья­н­сы» ЗТБ президенті Нұрлан Ерім­­бетов және тағы басқалар сөз сөй­леп, өздерінің жер реформасына қатыс­т­ы ұсыныс-пікірлерін жет­кізді. Олардың барлығы да жерді эконо­микамызды дамытып, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту мақсатында орнымен пайдалану қажеттігін сөз етті. Осы арада айта кетейік, «Ро­дина» агрофирмасының басшысы Иван Сауэрдің «Жұртшылықты ты­ныш­тандыру үшін «жер шетел­дік­терге сатылмайды» деген сөз жет­кі­ліксіз. Заңда «шетелдік аза­мат­қа жер сату әрекеті Отанға опа­сыздық жа­сау» деп жазу керек», де­ген пікірі қаты­­­су­шыларды елең еткізді. Сол сәтте, Мұх­­тар Құл-Мұ­хаммед «Мен БАҚ-тар­­­ды осын­дай мәлімдемелерге ерек­­­ше назар аударса екен деймін», деді. Жиын соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед өз ойларын ортаға салып, тұщымды пікірлерін айтқан барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Отырыс қорытындысы бойын­ша Демократиялық күштердің жалпы­ұлттық коалициясының бірлескен үндеуі қабылданды. Бүгін біз алдымызда тұрған жер реформасына қатысты мәселені мей­лінше ашық талқыладық. Әртүрлі пікірлер айтылды. Тіпті, бір сұраққа қатысты мүлдем қарама-қайшы пікір­лерді де естідік. Десек те, оның басым көпшілігінде жердің қамқор иесі болу керектігіне және ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер осы салада айтарлықтай тәжірибесі бар нағыз аграрлы сала мамандарына, яғни өз ісінің шеберлеріне берілуі керекті­гіне ерекше назар аударылды, деді жиынды қорытындылаған ­М.Құл-Мұхаммед. Сонымен қатар, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді толығымен түгендеуді тыңғылықты жүргізу керектігі жөнінде де пікірлер айтылды. Жерді жалға алған шетелдіктер­дің оны түрлі қитұрқылықтар ар­қылы жекеменшікке алуын мүлде болдырмайтын механизмдер енгізілуі керек. Жер тек қазақстандықтарға берілуге тиіс және олардың өз үлесін шетелдіктерге сатуына жол бермейтін заң нормалары болғаны дұрыс деген ұсыныстар айтылды. Жердің нақты құнын анықтау тәсілін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс енгізілді. Заңда қоғамның кең көлемде қатысуымен және тек бәсекелестік негізінде жүргізілетін аукциондар мен конкурстарды ашық өткізудің тәртібі нақты белгіленуі керек. Шекаралық аймақтардағы жер­лерді, сондай-ақ, елді мекендер жа­нындағы жайылымдар мен шабын­дықтарды жалға беруге тыйым салу жөніндегі ұсыныстарды қолдауға әбден тұрарлық деп білемін. Сіздердің барлық ұсыныстары­ңыз мұқият зерттеліп, жүйеленгеннен кейін Мемлекет басшысының тап­сырмасымен құрылған жер рефор­ма­сына қатысты республикалық ко­миссияға жолданады. Біздің коалициямыздың отыры­сы барлық қоғамдық күштердің ара­­сын­дағы келелі келіссөздердің маңыз­дылығын тағы бір дәлелдеп берді. Жал­пыұлттық диалогтың ешқандай ба­ла­масы жоқ. Тек ­ке­ліссөзге келу ар­қы­лы ғана біз көп­тің көңілінен шы­ғатын заң жобасын жасауға қол жет­кізе аламыз. Осы­­лай ғана қоғамдағы тұрақтылықты ­­сақ­тап, мемлекет дамуы­ның болаша­ғына жол ашамыз, деп түйіндеді сөзін М.Құл-Мұ­хаммед. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»