• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Еңбегі еленбей, өзі ескерілмей қалғаны ма?

407 рет
көрсетілді

Александр Тасболатов. Әлемнің әміршісі – еңбек дейді. Өйткені, тек еңбекпен ғана жеміс өңбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек. Мұны әр қазақ біледі, сондықтан жұмысты жақсы істесек, жақсы өмір сүреміз дейді.  Соған сай талай қазақ барынша еңбек еткісі келеді. Мұны да білетін Үкімет шаруаға кәсібің үстесін, мынау тиісті несібең деп көмек қолын созып жатыр. Ал сол Үкіметтің көмегі жаңағы еңбек етем деген шаруаға жетпей жатқанын сол Үкімет біле ме екен? Еңбек етіп, өзіңді-өзің асырау, қала берсе өзгелерді жарылқау Елбасының да сындарлы саясаты. Мұны жүзеге асыру жергілікті әкімдердің тікелей міндеті. Бірақ осы міндет талапқа сай неге орындалмайды? «Көктемнің бір күні - жылға азық» дегендей, күн жылына кетпенін қолына алып, бар шаруамды дөңгелетем деген адамдарға неге уақытылы субсидия берілмейді? Дәлірек айтқанда, неге бергізбейді? Бұдан соң қандай еңбек, қандай жеміс өңбек? Мұндай әлеуметтік мәселелерді Президент «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадамда» айтқан болатын. «Менің назарымдағы басты мәселе – әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету» деген болатын сонда Елбасы. Өте дұрыс. Қамқорлық көрсету қажеттілік болып табылады, өйткені, әлеуметтік мәселелерді шешуге еліміздің барлық азаматтарының өмірі мен күн сайынғы өзін өзі сезінулері тәуелді. Ал бірақ жергілікті жерлердегі шаруалар жақсы еңбек ету үшін құлашын кеңге жая алмай отырғандарын жасырмайды. Кім кінәлі? Жалпы халықтың сенімі жоғалмас үшін осы бір арадағы күдікті түйіткілдер қашан тарқатылады? Оны тудыратын жергілікті шенеуніктер қашан бір жауапқа тартылады? Миықтарынан күліп, мұрттары майланып жүре бере ме? Елбасы «Парақорларды анықтау, сотқа тарту жеткіліксіз» деп, сонау «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында-ақ айтқан болатын. Алайда, бұл туралы жергілікті халықтан арыз-шағымдар ағылып жатыр. Хат артында адам бар. Халықты ашындырмау керек деген болатын Мемлекет басшысы. Тіпті, сондай бірқатар адамдардың хаты газетке де жарияланды. Мәселен, «Субсидиядан қашанғы қағыламын?..» атты оқырман хатында (20.04.2016)  оның авторы Несіпкүл Кезеңбаева: «Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ауыл шаруа­шы­лығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соған орай мен Елбасы саясатына иек артқандықтан, Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Қостоған ауылында «Дәурен» шаруа қожалығын құрған едім. Алайда, бұл «дәуреніміз» ұзаққа бармады. 1993 жылы мем­лекеттік жер қорынан алынған 196 гектар алқаппен аудандағы әйелдер арасында бірінші болып егінші­лік­пен айналыса бастадым. Соны­мен не керек, өткен жылы Меркі ауданының басшылығы барлық шаруа қожалықтарына қант қызыл­шасын өсіру туралы ұсыныс тастады. Өйткені, Меркі қант зауытына шикізат қажет еді. Мен бұл іске білек түре кірісіп, жерімді дайындаған соң аудан әкімінің орынбасары М.Өмірбековке барып, «жерім дайын, тек техника мен қаражат керек» деп көмек сұрадым. Ол «қызылша екі құлақ болғанда, маған келіңіз, субсидия аласыз», - деген уәдесін берді. Содан 61 гектар жерге қызыл­ша егіп, оның барлық күтімін жа­садым. Және де жерімнің 40 гек­­тарына сафлор, ал 40 гектарына арпа өсірдім. Орайы келгенде айта кететін бір жайт, ел Үкіметі қант қызылшасының әр гектарына 50 мың теңге субсидия береді дегеннен кейін тиісті құжаттарымды да өткізген едім. Қызылша алқабымның жайын тексеру үшін аудан әкімдігінің арнайы комиссиясы да келіп көріп, тиісті қорытындыларын берді. Тіпті, Сарымолдаев ауыл­дық округы әкімінің анықтамасы да бар. Алай­да, менің ең­бегім зая кете­тін болды, сосын Меркі ауданы әкімінің ауыл шаруа­шылығын қада­ғалайтын орынбасары М.Өмір­­бековтің алдына бір­­неше рет барсам да, еш­бір көмек көрсетілмеді. Не керек, сөйтіп, мемлекет сәуір айында бөлген заңды қар­жыны дер кезінде ала алмай, арық тартуға, қызылша алқабын суаруға мүмкіндік болмады. Өзімнің қант қызылшасы мен арпаға субсидия алма­ғаным туралы аудан басшы­ларына бірнеше рет айттым. Тіпті, былтырғы шіл­де айында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары А.Нұралиевке де барып, жағдайымды айтып жеткіздім. Бұл жайттан облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының бас­­шысы Н.Нұржігітов те жақ­сы хабардар. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін одан ешбір нәтиже жоқ. Об­лыс аудан­ға сілтесе, ал аудан бас­шылары мені құр­ғақ уә­демен бос әуреге салып ке­леді. Ол ол ма, облыс бас­­шы­лығының атына был­тырғы жылдың желтоқсан айындағы жаз­ған арызыма әлі күнге дейін жауап жоқ. Осындай жау­апсыздық салдарынан мен Меркі қант зауытына қызылша тұқы­мын алғаным үшін 449 мың теңге, ал жер жыртып, тұқым сепкен тракторшы жігітке 80 мың теңгедей қарыз болдым. Сонда ме­нің жазығым не? Аудан бас­шыларының міндеті Елбасы тапсырмасына сай кәсіпкерлерге, ша­руаларға жағдай жасау, көмек беру және халыққа қызмет көрсету емес пе еді?», дейді.  Алайда, бір өкініштісі, бұл жағдай биыл да қайталанайын деп тұрғанын Несіпкүл Кезеңбаева тағы да ашына хабарлады. Сонда бұл жергілікті шенеуніктерге «әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа болмағаны ма? Тек өз білгендерін істеп жүре бере ме? Несіпкүл Кезеңбаева секілді адамдардың өтінішіне назар аудармай ма? Сол сияқты «Жалғызбасты әйелдің жанайқайы» (29.03.2016) атты мақалада  (авторы А. Тұрапбайұлы) тұрақты істеп келе жатқан жұмысынан бір күнде қысқартылып қалған Жиенгүл Камалова редакциямызға арыз хат жазып, бұл қысқартудың тұрмысына ауыр тиіп отырғандығын айтыпты. 2010 жылы «Жол жөндеуші компания» ЖШС-нің Бейнеу жол жөндеу жөніндегі дирекциясына жолсерік болып орналасқан Ж.Камалова аталған серіктестіктің Қызылордадағы филиалында міндетін біраз уақыт атқарып, 2014 жылдың наурызынан бастап Бейнеуге қайта ауыстырылады. Оның айтуынша, 2015 жылдың 2 наурызында «Жол жөндеуші компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы болып табылатын Бейнеу жол жөндеу дирекциясының басқарушы директоры оны шақыртып алып, қолына жолсеріктік қызметінен қысқарғаны туралы хабарламаны ұстатқан. Қызылорда филиалында жұмыс істеген кездерінде не ауызша, не жазбаша ескерту алмаған Жиенгүлдің күйеуі бұрын қайтыс болғаны, отбасының жалғыз асыраушысы екені және Альянс банктен алған несиесін сол жалақысымен жауып отырғаны еш ескерілмеген. Басында баспанасы жоқ, балаларын осы қызметі арқылы асырап отырған жалғызбасты әйелдің мынадай аянышты тағдыры кімге болса да ой салардай. Осы тұрғыдан келгенде, балалары үшін жанталасқан ананы тағдырдың тауқыметіне итере салып, жұмысынан шығарып жіберу қаншалықты заңға да, адамгершілік қағидаттарына да саяды деп айта аламыз ба? Қорыта айтқанда, жалғызбасты әйелдің басындағы ауыртпалық мемлекетіміз үшін үлкен сын емес пе. Мұндай келеңсіздік қашанға дейін қайталана бермек? Енді осы мәселе де қашан бір шешімін табады деп ойлаймыз. Ал сондай тағы бір «Су аяғы құрдымға кетпей ме?» атты  өзекті мақалада Қ. Оспанов ақсақалдың өмір бойына туған еліне адал еңбек етіп келіп, су тасқыны зардабы кезінде бар ауыртпалықпен бетпе-бет жалғыз қалғаны қынжыла айтылады. Өйткені бәріміз жақсы білеміз, қалай көктем басталды дегенше еліміздің әрбір өңірінде қарғын су тасқынынан зардап шегетін елді мекендер аз болмайды. Жыл сайын қайталана беретін осындай су тасқыны былтыр Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы Қарабұлақ ауылдық округ аймақтарында да орын алғаны белгілі. Осындағы «Сана би» шаруа қожалығының иесі Қуанышбек Оспанов өзінің сол су тасқынынан зардап шеккенін айтып, бұзылған баспанасын әлі күнге жөндеп бермегеніне налып, редакциямызға арнайы хат жолдаған. Қазіргі кезде Қуанышбек ақсақал зайыбымен, яғни он бала тәрбиелеп өсірген батыр ана Майрамен бірге қыстақта шаруашылық басында құлауға айналған үйді жөндеп өмір сүріп жатқан жайлары бар. Ал қыстақтан 14 шақырым жердегі Қарасу бөлімшесінде баласы Игілік Оспанов тұрады екен. Оның да өз отбасы, үш баласы бар. Былтыр көктемде орын алған қарғын су салдарынан бүлінген үйлердің жайын анықтау үшін облыс орталығы Қарағандыдан арнайы комиссия келіп, ақсақалдың атына тіркелген екі үйді де тұруға жарамсыз деп тапқан. Содан Қарасу бөлімшесіндегі құлауға айналған үйлер қайта салынса, соның ішінде Игіліктің де баспанасы қалпына келтіріліпті. Алайда, 14 шақырым жердегі екінші баспана ескерусіз қалған. Басында іргетасының орны қазылып қойылғанымен, іс әрі қарай жылжымапты. Міне, айдаладағы қыстақтағы құлауға айналған баспанада екі қарт адамды біле тұра қыстың қысылтаяңына қалдыру қандай заңда қаралған, дейді мақаланы жазған біздің тілшіміз. Егер Ақтоғай ауданы әкімі орынбасарының жауабына жүгінсек, онда аудандық құрылыс бөлімі тарапынан ешқандай кедергі келтірілмеген. Әлі күнге не баспанасының жөнделмегеніне, не қайырымдылық қорынан бөлінуге тиісті қаржы бөлінбегендігіне налып, Оспановтың хат жазатындай жөні де бар. Өйткені, үй құжатының барлығын тиісті орындарға өткізіп те қойған. Осылайша, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы «Сана би» шаруа қожалығының иесі Қуанышбек Оспанов тұрғын үй құжаттарының барлығын облыстық қайырымдылық қорына өткізіп, өңір басшылығы тарапынан бір қолдау бола ма деген үмітпен отырған жайы бар. Әрине, үміт үзілмейді. Демек, Қазақстан жері әр қазақтың  төл жері екендігі қалай талассыз шындық болып табылса,  ондағы әр қазақтың жағдайына назар аудару биліктің төл міндеті екендігі де еш талас тудырмайды. Мұны, алдымен, биліктегілер ұмытпағаны жөн-ау.