Ардагер мұнайшы Көркембай Алданиязов бұл саланың қыр-сырын бес саусағындай біледі. Бұдан бірнеше жыл бұрын Форт-Шевченко қаласынан Ақтауға қоныс аударған соң, облыс орталығындағы арнаулы орта және жоғары оқу орындарында студенттерге мұнай тақырыбы бойынша дәрістер оқыды. Саланы терең білгендіктен, ол 100-ге жуық ғылыми мақаланың авторы атанды, сондай-ақ, оның еңбектері аймақтағы мұнайшы мамандығына оқытатын оқу орындарында пайдаланылып келеді.
К.Алданиязов өндірістегі шығындарды азайту мәселесі бойынша 10 жылға жуық ізденіп, дайындалған еңбегін Мәскеуде сәтті қорғап шықты. Ресейлік ғалымдар қазақ қартының еңбегін жоғары бағалап, таңданыстарын жасырмаған. Ал 80 жасқа таяп қалған, 3 баладан 8 немере, 2 шөбере сүйіп отырған қарияның ендігі мақсаты – еңбектерін қазақ тіліне аударту.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы