Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен 2003 жылдан бастау алған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бүкіл әлемдік қоғамдастықтың және Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі ең маңызды және елеулі бастамалардың бірі болып табылады. Съезге әлемнің түкпір-түкпірінен әртүрлі діндер мен конфессиялар өкілдерінің қатысушылары құрамының өзі әлемдік діндерді біріктіретін жалпыадамзаттық іргелі қағидаттар мен этикалық нормалардан хабар береді.
Сонау 2003 жылы өткен І Съезге қатысушылардың өз үндеуінде көтерген «Діни сенімдер мен ұстанымдардың әртүрлілігі өзара күмәндану, кемсіту және жәбірлеуге емес, керісінше, әрбір дін мен мәдениеттің өзіндік бірегейлігін көрсететін үйлесімділігіне алып келуі керек» деген басты ойды одан кейінгі өткен съездерге қатысушылар бекем ұстанып келеді.
Өз діни сеніміңді еркін ұстану және жер бетінде Құдайдың адамзатқа берген ең үлкен сыйы болып табылатын бейбітшілікті, өзара келісім мен өзара сенімді сақтап қалуға ұмтылудан көрініс табатын жауапкершілік – Астана форумына қатысушыларды біріктіретін басты құндылық екеніне сенемін.
Дәл осы ортақ құндылықтар әрқайсымыздың наным-сенімдеріміздің өзгешеліктеріне қарамастан, қоғамда дінаралық келісім мен ауызбіршілікті орнықтыруға бағытталған мәселелерді келіссөздер үстелінде талқылау үшін жиналуымыздың іргетасы болып табылады.
Қазақстандағы Православие шіркеуі өзінің барлық қызмет саласында қоғамдағы адамгершілікті, мейірімділікті және өзара сүйіспеншілікті қолдауға ұмтылады.
2015 жылы өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өте мәнді мағынаға ие шарамен аяқталды. Форумға қатысушылар «Мәңгілік Ел» даңқ қақпасы маңында орналасқан «Рухани жарасым» аллеясының салтанатты ашылуына қатысып, өздерінің атаулы ағаш көшеттерін отырғызды.
Астана дінаралық форумы да әлем елдері мен халықтары арасында бейбітшілік пен бауырмалдық рухының салтанат құруына ықпал етуі тиіс екендігі секілді бұл ағаштар да уақыт өте келе тамырын кеңге жайып, жайқалып өсіп, Астана тұрғындарының бойына татулық сезімін ұялататынына сенімдімін.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев кейде дінді құспен теңейді. Шынымен де, сенім адамға қанат бітіреді, оның барлық ұмтылыстарын рухтандырып, көңіліне үміт ұялатады және оны мәңгілікке қатысты етеді. Осы ғажайып құс бұдан әрі қарай да біздің кең-байтақ жерімізде қалықтай берсін. Елімізде әлемдік және дәстүрлі діндердің татулығы арта берсін.
АЛЕКСАНДР,
Қазақстандағы Орыс православие шіркеуі Митрополит округінің басшысы