• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2016

Жердегі жабайы алманың жартысы Алматы өңірінде өседі

472 рет
көрсетілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. 2 маусым. Алматы облысында әлемдегі жабайы алмалардың жартысына жуығы өседі. Бұл туралы 7sunews.kz ақпарына сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. Мұның жайын облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шетелдік мамандар мәлім етті. Олардың мәліметінше, Қазақстанның жабайы алмалары - әлемдегі алмалардың қолдан өсірілетін мәдени түрлерінің түп атасы. Мұнда «Сиверс алмасы» атаулы жабайы алма өседі. Оған ХVIII ғасырда Орта Азияға сапары барысында жабайы алмаларды алғаш зерттеген неміс ғалымы Иоганна Сиверстің есімі берілген. Кейін ғылыми зерттеуді жалғастырған қазақ академигі Аймақ Жанғалиев «Сиверс» алмасының 40 түрін анықтап, ғылыми сипаттама берген. Францияның бас консулы Патрик Ренар, Іле және Жоңғар Алатауы қорықтарындағы алма бақтарында зерттеу жүргізген франциялық белгілі биолог-ғалым, өз еліндегі «Алма» қауымдастығының президенті Кэтрин Пэкс, «Беннетон» қорының директоры Марко Томаро (Италия) жабайы алмаларды зерттеу барысындағы жетістіктерін ортаға салды. Кездесуде шетелдік меймандар сондай-ақ журналистерге жабайы алмалар көлемінің 48 пайызы орналасқан айрықша аймақ - Жетісу өлкесіндегі генетикалық қордың сақталуы, оны дамыту туралы және табиғаттың бұл байлығын пайдалана отырып, туристік әлеуетті көтеру жолдарын әңгімелеп берді. Нұрбол Әлдібаев. Дерек, фото: 7sunews.kz.