• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2016

«Ақ шәйнек, сары самаурын тұрса қайнап...»

1691 рет
көрсетілді

Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей түні» мерекелік кеші өтті. Халықаралық музейлер күніне және ел Тәуелсіз­дігінің 25 жылдығына орай өткен шара аясында «Ақ шәйнек, сары самаурын, тұрса қайнап...» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге ХІХ-ХХ ғасырларға жататын пішіні домалақ, қадақша, кубок, цилиндр тәрізді жиырмадан астам самаурын түрлері қойылды. Олардың музей қорындағы үл­гілері сирек кездесетіндігімен ерекшеленеді. Кей самаурынның сырты түрлі нақыштармен бедерленген. Бірақ бұйымды шы­ғарған зауыттың бірқатар байқаулар жүл­дегері екенін біл­діретін бел­гілердің кейбірі самау­рынның ес­кіруінен анық көрінбейді. Музей қызметкерлерінің айтуынша, қазақ тұрмысына, сондай-ақ, жайма табақ, кесе, шай қасық сияқты ыдыс түрлері де дендеп енген. Ресейде самаурын жасау ісі XVIII ғасырда жақсы дамыған. 1850 жылдары Тула қаласында ғана осы салада 28 фабрика жұмыс істеген екен. Ал аталған бұйым қазақ жеріне XІХ ғасырдан бастап келе бастады. – Ата-бабаларымыз самаурын­ды молшылықтың белгісі санаған. Бір қызығы, темір табыла бер­мейтіндіктен, ыдыс неғұрлым ауыр болса, соғұрлым қымбат бағаланған. XVIII-ХІХ ғасырларда шүмек орнатылған самаурын өндіріл­ген. Біз білетін қазіргі самау­рындар кезең-кезеңімен же­тілдіріліп отыр­ған. Қазақ елі оның отынмен қайнатылатын түрін кеңінен пайдаланды. Музей қорында атадан балаға мұра болып келе жатқан көне жәді­герлер, ұлттық бұйымдар молынан сақ­талған, – дейді музейдің жоғары дә­режелі маманы Гүлнұр Төртенова. Көрме барысында музей ауласында сары самаурынға от жағылып, меймандарға ыстық шай берілді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» СЕМЕЙ