• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2016

Үйлену оңай, үй болу қиын

721 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан­ның» 28 мамыр күнгі нөмірінде жарық көрген Айнаш Есалидің «Татулығы таусылғандар» деген мақаласы қазіргі қазақ қоғамының көзге ұрып тұрған келеңсіз кеселдерінің бірі ретінде бірден оқырманның кең талқылауына түсіп кетті. Оны аталмыш жарияланым соңынан келіп түсіп жатқан комменттер де анық аңғартады. Біздің халқымыз үшін айтуға ауыр саналатын бұл тақырып шынында көпшілікті терең толғандырады екен. Бұған себеп те жоқ емес. Бүгін қосыла салып, ертең ажырасып жататын жастарды қазір қазақтың қай ауылынан да кезіктіре беруге болады. «Осы өмірге лайық семья құрған» жастардың ыстық-суықтары басылмай жатып, ажырасып кете барулары әлеуметтік дертке айналғандай. Атам заманнан жер дауы мен жесір дауын бәрінен жоғары қойған қазақтың бүгінгі ұрпағы арасындағы ажы­расушылық фактілерінің көбейіп кетуіне не себеп? Ал олардың қатарында жасаған тірліктеріне дұрыс баға бере алмайтын жастардың асау толқыны ғана емес, бірнеше балалы болып үлгерген, ақыл тоқтататын кезге жеткен аға буын да ұшырасып қалады. Автордың мақаласына үңілсек, Қазақстан ажырасудың саны жағынан дүниежүзінде алғашқы ондыққа кіреді екен. Тіпті, кейбір деректерде еліміз бірінші бестіктің ішінде жүр. Әлбетте, кез келген әрекеттің өзіндік себептері болады. Сол сияқты бұл тенденция кеше мен бүгін жайдан-жай пайда бола салған жоқ. Мұның дені үйле­нуші жастардың отбасынан алған тәлім-тәрбиесімен тығыз байланысты. Ал оларға өнеге көрсететін ата-ананың тірлігі кейде көңіл көншітпейді. Бүгінде «Барған жеріңе судай батып, тас­тай сің», деген ұлағат айтатын әке-шеше қалмай барады. Мұның өзі жастардың алғашқы кездес­кен қиындыққа шыдай алмай, бір-бірлерімен жауласып шыға келулеріне жеткізіп жүр. Осы жерде халқымыздың «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақалы тағы да алдымыздан шығар еді... Енді аталмыш мақалаға орай келіп түскен пікірлердің бір­қатарына сөз береміз. Қамбар Қазақ соңғы жүз жылда да дәл қазіргідей ажыраспаған шығар. Ажырасудың неше түрлі себебі бар. Мұның көбі түсінбеушіліктен, күйеуінің момындығынан, жуас­тығынан болып жатады. Айдын Бүгінгі күнгі үлкен мәселе­лердің бірі осы болып отыр. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, дәл қазіргідей жағдай болмаған шығар. Қыз – жатжұрттық. Келін болып түскенде, сол үйді қалай бақытты етемін деп баруы керек. Ал ер адам таңдап алған сұлуымен бақытты отбасы болып кету үшін барын жасауы керек. Дидар Қазір бұл проблема тууының көптеген себептері бар. Жас отбасына қашанда болсын дұрыс бағыт-бағдар көрсететін ата-ана болуы керек. Бүгінгі күнгі кей отбасына қарасаң, келініне ақыл айтатын дұрыс ене жоқ. Ұзатылып кеткен қызына шешесі: «Ұнамаса, қайтып кел. Ішіме сыйған қызым, сыртыма да сыяды», деп отырады. Осыдан барып, отбасының шырқы бұзылады. Жазира Мен әлі күнге дейін бір нәрсені түсінбеймін. Бұрынғы кездері қазақ не үшін ажыраспаған? Ал қазіргі жағдай неге мүлдем бас­қаша? Әлде қазақ халқының Батыс елдеріне айналып бара жатқаны ма? Құралай Соңғы жағындағы қыздар туралы жазғаныңыз көңілден шықты. «Алайда, бойжеткендердің көбі сол еркіндікті дұрыс түсінбеу арқылы өз бақытын өзі балталап жатқанын білмейді. Ашық-шашық жүру, не болса соны айту, ішімдік ішіп-шегу замана үрдісі деп біледі. Мұнда тұрған не бар деп ойлайды. Кейде жап-жақсы қыздар теріс әдеттерге ереді. Осыдан кейін сен өзіңнің жақсы қыз екеніңді дәлелдеп көр. Бұл жәй жастықтың ісі екенін түсіндіріп ал. Бәрі бекер болуы мүмкін». Рас қой. Қасымхан Шаңырақтың шайқалуына бас­ты себеп – ол отағасының құмар ойынға әуес болуы. Казино, карта секілді ойындар ер азаматтарды құрдымға тартып барады. Осыны тоқтату керек. Салтанат Менің құрбым соңғы жылдары сұйық жүріске салынды. Таяуда бір досым сол қызды саунада сатылып жүрген жерінен көріпті. Айтайын дегенім, сол құрбым тұрмыс құрды. Қазір «мен бақыттымын, бақытымды таптым», деп жүр. Ал мен оның жеңіл жүрісін бірден қойып кетті дегенге сенбеймін. Данагүл Менің тұрмыс құрғаныма 7 жыл өтті. Соңғы кезде күйеуім жұмыс­тан кеш келіп, ерте кетіп, жүріс-тұрысын өзгертті. Екеуміздің 4 баламыз бар. Қорқатыным шаңы­рағымыз шайқалып қалмай ма деп. Не істеуге болады? Гүлжайна Расымен қазір татулығы тау­сылғандар көп. Ажырасу жас ерекшелігіне қарамайтын болды. Қоғамдық індетке айналып барады. Отбасындағы тұрақтылықты ұстап қалу үшін әйел заты бәрін жасайды, тек оны ер азаматтарымыз түсіне бермейді. Жанарбек Қазір сананы тұрмыс билеген заман. Алайда, шаңырақты берік ұстап, балаларының болашағын ойлайтын сана біздегі отбасы мүшелерінде кемшін түсіп жатыр. Көбі нәпсіқұмарлыққа жол беріп, нәтижесінде ажырасып тынады. Болат Адам ажырасатын болса әйе­лінің жаман жақтарын айтпау керек. Өйткені, ол сол адамның таңдауы. Бәріне сабыр, өмір бойы бірге тұратын адамдар өздері бір-бірлерін табады. Мұрат Әйелі жақсы болса, күйеуі үйден кетпейді. Керісінше, үйден шықпай, екеуі өмірдің, бала­ларының қызығына тоймай жү­ретін еді. Мақала жақсы жазыл­ған. Ажырасатындар арасында кінәні екі жақтан табуға болады. Әйелінің мінезінен, жігіттің асығыс үйленгенінен. Досым Мен бір жігітті білемін. Оның үш баласы бар. Бірақ үйіне бар­ғысы келмейді. Неге деп сұрасам айтпайды. Оның әйелімен де таныс­пын. Өткен жолы әйелі күйеуінің машинасының артқы терезесін кірпішпен сындырып тастапты. Сол кезде МАИ келіп, не болғанын сұраса күйеуі: «Мұны менің әйелім жасаған шығар. Басқа ешкім жасамайды», депті. Содан МАИ арыз жаздыра алмай кетіп қалыпты. Соны маған өзі айтты. Қазір күйеуі анда-санда үйіне барып тұрады. Балалары үшін баратынын түсінемін. Балаларына ай сайын ақшалай көмектесіп тұрады екен. Ажырасқысы келеді, ал әйелі ажырасуға қарсы. Өйткені, далада қалатынын біледі. Ералы Менің бір досым 7 жылдан бері жалғыз тұрып келе жатыр. Бір баласы бар. Алимент төлейді. Бірақ бұрынғы әйелі оған балаларын көрсеткісі келмейді. Ана әйелдің әке-шешесі де немересін көрсетуге қарсы екен. Міне, осындай «семейка». Санжар Бір келіншекті білуші едім. Күйеуі тұрақты жұмыс істемейді, ол аздай әйелін ұрып-соғып, тыныштық бермейтін. Төркініне барса, үйіңе бар деп қайтарып жібереді екен. Сөйтіп жүргенде, ана оңбаған оны ұрып, өлтіріп қойыпты. Ешкім дәлелдемеген соң, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Соған күйінемін. Құдай жазасын берер, бірақ тағы біреуді алыпты, оны да бақытты етіп жатқаны шамалы. Одан да байғұс өлген келіншегі ажырасып кетпеді ме екен деп ойланамын.