Атырау тұрғыны Елена Приданова өзінің жер басып жүргенін сот арқылы дәлелдеді
Әр адам өзінің алдында не күтіп тұрғанын ешқашан біле қоймас, сірә. Әйтпесе, қателікке де ұрындырар шалыс қадам жасамас еді. Тіпті, тағдырдың теперішін де көрмеген болар еді. Дегенмен, Атыраудың тұрғыны Елена Приданованың басынан өткені еріксіз ойға қалдырады. Ол өзінің азаматтық некедегі күйеуі Николай Орловпен бірге үш бала тәрбиелеп, қала іргесіндегі шаруа қожалықтарының бірінде жалдамалы жұмыс жасаған. Қожалық иесінің уақытша баспанасында тұрған. Күнделікті ішетін тамақ, уақыт өткізер жұмыс табылғасын, Николай мен Елена алаңсыз жүре берген. Николайдың туыстары бар-жоғы белгісіз, ал Елена өзінің туысқандарымен мүлдем хабарласпай қойыпты. Алайда, олар тұрып жатқан баспана өртеніп, бір күнде әрі жұмыссыз, әрі баспанасыз қалды.
Қақаған қыста үш баламен далада қалған отбасының ахуалы әлеуметтік желі арқылы белгілі болды. Жергілікті биліктің араласуымен Николай мен Еленаға қолдау көрсетілді. Сол кезде азаматтық некедегі ерлі-зайыптылардың да, олардың балаларының да жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ екені анықталды. Бір таңданарлығы, Елена Приданова қайтыс болғандар санатында болып шықты. Тұрмыстың ауырлығы арқаға батқаны аздай, өзінің өлілер санатында болуы Еленаға жығылған сәтте желкесіне тиген жұдырықтай әсер етті. Енді оған тірі екенін дәлелдеу үшін не істеу керек еді?
– Азаматша Е.Приданова ұзақ уақыт бойы Атырау облысындағы ауылдық округтердің бірінде өмір сүріп, туыстарымен хабарласпаған. Бірнеше жылдар өткеннен кейін тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге арналған дағдарыс орталығына түскен уақытта өзінің қаза тапқандар есебінде тұрғанын білген. Өз құқығын қорғау мақсатында Атырау қалалық сотына өзіне қатысты қайтыс болу туралы актілік жазбаның және қайтыс болу туралы куәлікті заңсыз деп табу туралы арызбен жүгінген. Сот отырысында жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында фотосуреттер арқылы арызданушының туыстары мәйіттің ұқсас болуына байланысты Е.Приданова деп танығаны анықталды. Кейіннен арызданушының туыстарының бірі азаматша Е.Приданованы қайтыс болды деп тану туралы куәлігін алған. Сот отырысында арызданушының барлық туыстары Е.Приданованы өздерінің әпкесі, тәтесі ретінде таныған. Жинақталған барлық дәлелдемелердің жиынтығымен сот арызданушы Е.Приданованың талабын негізді деп танып, оған қатысты қайтыс болу туралы актілік жазбаны және қайтыс болу туралы куәлікті заңсыз деп таныды, – деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев.
Тегінде, тірі адамды өлді деуге бола ма? Десек те, тағдырдың теперішін көрген, тұрмысының ауырлығына көнген Елена Приданова өзінің тірі екенін сот арқылы дәлелдеді. Енді ол өзін өмірге жаңа келгендей сезінеді. Шындығында, енді азаматтық некедегі күйеуі Николай Орловпен бірге үш бала тәрбиелеген оның өмірі жаңа арнаға бет бұратын болар...
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ