• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2016

Аула клубы ашылды

944 рет
көрсетілді

Мамыр айының соңында Ақтөбе қаласының 147 жыл­дығына орай Әлия Молдағұлова даңғылындағы №56 «Д» үйде «Чемпион» аула клубы ашылды. Аула клубының ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және осы үйдің тұрғындары қа­тысты. Аула клубының салтанатты ашылуына бұған дейін ашылған «Батыс-2» аула клубының «Тол­қын» би тобының жас бишілері биден шашу шашты, Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің әскери дайындық пәнінің мұғалімі Алмат Жұмашев жетекшілік ете­тін «Ұлан» әскери-патриоттық клубының жас жауынгерлері әс­кери жатты­ғулардан өнер көрсетті. – Біздің негізгі мақсатымыз – өскелең ұрпақтың дамуына, тәлімді тәрбие алуына үлес қосу. Жастар болашақта мемлекет қамқорлығына елдің дамуы мен гүлденуі үшін өз үлесін қосу арқылы жауап қата­тынына сенемін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өскелең ұрпақтың дамуына ерекше назар аударып келе­ді. Соның нәтижесінде жас­тар­­­дың бос уақытын өткізуге арналған, әлеуетін ашуға мүм­кіндік беретін аула клубтары мен өзге де әлеуметтік нысандар салынуда. Бұл аула клубы мемлекет пен кәсіпкерліктің серіктестігі арқасында салынды. Біз кәсіпкерлерден көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатын спортқа, медицинаға, полиция­ға беруге ұсыныс жасағанбыз. Міне, бүгінгі аула клубы соның нәтижесі, – деді өңір басшысы. Осы үйдің тұрғындары атынан сөз алған Бақтыбек Жайбергенов ақсақал бұл клубтың балалардың жан-жақты қабілетті болып өсуіне ықпал ететінін айта келіп, Елбасы тапсырмасын абыройлы орындап отырған, балаларға осындай әсем сый жасаған облыс әкімдігіне және құрылыс компаниясына ризашылығын білдірді. «Centergroup» компаниялар тобы аула клубы ғимаратын пайдалануға беріп, мемлекет меншігіне тапсырды. 400 шаршы метрден астам алаңда жаттығу залы, бокс, самбо, қазақша күрес секциялары бар. Балаларды самбодан екі мәрте әлем чемпионы Байрам Аймағамбетов, бокстан екі дүркін Қазақстан чемпионы Мәди Шолақ, самбодан Азия чемпионы Берік Бәкешов жаттықтыратын болады. Айта кетейік, осындай аула клубтары биыл қаланың екі тұрғын үй алабында ашылады деп күтілуде. Нақтырақ айтар болсақ, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында клуб ашу үшін 34 миллион теңге қарастырылып отыр. Тағы 65 миллион теңге №11 шағын аудандағы 2 қабатты ғимаратты күрделі жөн­деуден өткізуге жұмсалады, кейін ол ғимаратта да аула клубы ашылмақ. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы