• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2016

Жібек жолы жаңғырады

382 рет
көрсетілді

Алматы облысында халықаралық инвестициялық форум өтті Таңғажайып тамаша табиғатымен ерек­ше­ленетін Алматы облысында «Жібек жолын жаңғырту арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашу» атты халықаралық инвестициялық форум болып өтті. Форумға Алматы облысының әкімі Амандақ Батталов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров, сонымен қатар еліміздегі дипломатиялық миссиялар мен елшіліктердің және шетелдік, отандық ірі бизнестің әлеуетті инвесторлары, ұлттық компаниялары мен экономика саласындағы мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты. Форумды Алматы облысы ұйымдастырып отырғандықтан, осы өңір басшысы пленарлық отырысты ашып, Жетісу жеріне инвестиция тартудың барысына тоқталып, жаңа деректерді ортаға салды. «Мемлекеттік саясатқа сай инвестиция тартуда Жетісу жерінде соңғы жылдары атқарылған жұмыстың бір парасын келтірсек, республика бойынша былтырғы жылы облысымыз 4-ші орыннан көрінді. Құны 34,7 млрд. теңге болатын 170 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл 3,6 мың жаңа жұмыс орнының құрылуына ықпал етті. Ағымдағы жылы сомасы 94 млрд. теңге болатын 115 жоба қолға алынып, 4,4 мың жұмыс орнын ашу жоспарланды. Жалпы алғанда 2016-2020 жылдары құны 2 триллион теңге болатын 443 жоба бойынша 23 мың жұмыс орнын ашу межеленіп отыр. Негізі заман талабына сай агроөндірістік технологиямен ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы өндіре білсек, 100 млн.-нан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкіндігіміз бар. Біздің іргемізде оңтүстік мегополистің үлкен рыногы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта азық-түлік белдеуі шеңберінде аймақаралық кооперацияны дамытуды ойластырудамыз. Біз үшін Қытай рыногы ашылды. Өткен айда ресми шақыртумен біз көрші мемлекеттің шекаралық өңіріне барып қайттық. Тұтастай алғанда, Қытай шекарасы мен Алматы облысының шекарасы 700 шақырымға созылған. Үрімші қаласында бізбен кездес­кен жергілікті кәсіпкерлер өнімдерімізге үлкен қызығушылық танытты. Иран рыногына жол ашуға үлкен үміт артып отырмыз. Бүгінгі форумға қатысып отырған ирандық бизнесмендерге алғысымды білдіремін. Олармен бірігіп үлкен жобаларға жол ашу қажеттілігі туып отыр. Бүгінгі таңда біздің алдымызға суармалы жер көлемін кеңейту жөнінде тапсырма түсті. Әрине, жер картасының электронды кешені жасалған. Бұл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге мониторинг жүргізіп, жерге қатысты мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдерін таңдап алуға көмектеседі. Ирригациялық жүйені қалпына келтіру есебінен ғана 126 мың гектар жерді айналымға кіргізу жоспарланған. Бұл ретте Ислам даму банкі, Еуразия даму банкі арқылы миллиардтап қаражат бөлініп, ірі жобаларды жүзеге асыру нақтыланды. Жетісудің төл дақылы қант қызылшасын өсіру мүмкіндігі пайда болып, соған орай Көксу, Қарабұлақ, Ақсу қант зауыттарын іске қосуға жол ашылды. Бүгінгі таңда Алматы облысында 12 өндірістік жылыжай бар. Республикамызда жоғары сапалы жүгері тұқымын өндіретін бірден бір облыспыз. Арғы жылмен салыстырғанда былтыр жүгері тұқымын егу 5,5 мың гектарға көбейіп, барлығы 76 мың гектарды құрады. Бұл ретте Жаркент крахмал сірне зауыты жылына 100 мың тоннаға дейін жүгеріні қайта өңдеу мүмкіндігі бар. Шекаралық қарым-қатынасты жақсарту мақсатында Қорғас халықаралық орталығы өз жұмысын бастады. Алматы облысы Панфилов ауданы аумағындағы Қорғас бекеті арқылы күн сайын 1200-1800 адам шекарадан өтіп, қайтып кіре алады. Қорғас-Шығыс қақпасы арқылы арнайы экономикалық жоба жүзеге асты. Бүгінгі күнге дейін құны 150 млрд. теңге болатын 69 жоба тіркелді. Тіркеу одан әрі жалғасуда. Сонымен қатар, Құрғақ Порт құрылысы аяқталып қалды. Тек Қорғас-Шығыс қақпасынан 34 мың жұмыс орнын ашу қаралған. Бұл үшін ел шекарасындағы Нұркент елді мекенінде тұратын екі мың адам санын 2022 жылы 50 мыңға жеткізу көзделгені тағы бар», деді Амандық Батталов. Тұтастай алғанда таяу жылдары Алматы облысында экономикалық өсімді өрлету үшін 5 индустриялық аймақ іске қосылады. Олар Талдықорған, Қапшағай қалалары мен Іле, Жамбыл,Талғар аудандарында орналасады. Табиғат мүмкіндіктерін молынан пайдалану үшін өңірде туризмді дамыту ерекше екпін алған. Алакөл жағалауында жазғы туризм және Қаскелең, Текелі қалаларында тау шаңғысы секілді қысқы туризм даму үстінде. Күн және жел электр стансалары да жарыса бой көтеруде. Оның сыртында облыс әкімдігі 2020 жылға дейін 443 жобаны жүзеге асырмақ. Бұл алдағы уақыт еншісінде. Өз кезегінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мінбеге көтеріліп, сарапшылар мәліметтеріне сүйене қала маңындағы аймақты өркендету үшін азық-түлік белдеуін дамыту қажеттілігіне тоқталды. Бүгінгі таңда Алматының іргесіндегі елді мекендерден күн сайын жарты миллионаға жуық адам, 300 мың автокөлік қалаға кіреді екен. Өз кезектерінде алматылықтар ауылды жерлерде агроөндірістік бизнесті дамытуға күш салуда. Бұл үшін Алматы облысы мен қаласы арасында энергетика, туризм, көлік құрылымдары бойынша жақсы байланыс орнату қажеттігін де айтты. Ал Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өзі басқарып отырған өңірдің мүмкіндіктерін паш етті. Инвесторларды мемлекеттік қолдау жөнінде Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров, кәсіпкерлікте электронды картаны дамыту жөнінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Алтаев, Қорғас-Шығыс қақпасы еркін экономикалық аймағының инвестициялық әлеуеті жөнінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Қанат Алпысбаев мағлұмат берді. Халықаралық форум қорытындысы бо­йынша Алматы облысы мен Жамбыл облысы әкімдіктер арасында өзара ынтымақтастық туралы, сонымен қатар Алматы облысы аумағында жұмыс істейтін компаниялармен 900 миллионнан астам АҚШ доллары көлемінде келісімдер жасалды. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Талғар ауданы