А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жүрек ырғағының бұзылуы - мерцательді (жыпылық) аритмия бойынша жасалған хирургиялық ота сәтті өтті.
Бүгінде жүректің соғу ырғағы бұзылуының бірнеше түрі бар десек, соның ішінде өте жиі кездесетіні – мерцательдік аритмия, яғни жыпылық аритмиясы. Ол жүрек ауруының үштен бір бөлігін, яғни 30 пайызын құрайды. Жыпылық аритмиясының жиі кездесетін асқынуынан тромбоэмболия және созылмалы жүрек жетіспеушілігі пайда болады. Ол өз кезегінде аритмиялық дилатациялық кардиомиопатияға өтуі мүмкін. Осы аритмия кезінде жүрекішілік тромб үлкен қанайналым шеңберіне өту қауіптілігі бар. Сондай-ақ, ол әртүрлі ағзалардың тромбоэмболиясына алып келеді, оның ішінде үштен екісі мидың қантамырларына түседі. Әрбір алтыншы ишемиялық инсульт жыпылық аритмиясы бар науқастарда дамиды.
Қазақстанда бұл ауру дәрінің көмегімен емделіп келген. Оның емдік тиімділігі 50 пайыз болса, кейінгі жылдары хирургиялық жолмен, яғни жүректі ашпай қан тамырынан катетер арқылы ошақтарды күйдірумен емдеуде. Оның емдік тиімділігі 70-75 пайыз болғандықтан, аурудың қайталану мүмкіндігі жоғары. Ал бүгінде шетелде жыпылық аритмияны емдеуде торакоскопиялық радиожиілікті аблация жасалады. Бұл отаның ерекшелігі, жүректі толық ашпайды. Кеудеден үш тесік тесіп, видеоскоп аппараты арқылы тамырдың ішімен емес, ошақты жүректің импульстары жүретін жолдарын лазермен күйдіріп емдейді. Әлемдік тәжірибе бойынша бұл аталмыш әдістің емдік әсері 80-90 пайыз жағдайда тиімді болып табылады. Басқа да тиімділігі, яғни азинвазивтілігі және қайта қалпына келу уақытының қысқалығы. Науқастар үшінші тәулікте ауруханадан шығарылады.
Қазақстанда тұңғыш отаны Нидерланды елі Лейден қаласының Университеттік медициналық орталығынан келген кардио-торакалді хирург Jerry Braun мырзаның басшылығымен Орталықтың кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев жасады. Ота үш сағатқа созылған. Шеберлік дәріс шеңберінде екі күнде төрт ота жасалып, Астана, Алматы, Павлодар, Тараз қалаларынан келген мамандарға дәріс оқылды.
– Төрт пациенттің бірі Алматы облысы Жамбыл ауданынан келген 69 жастағы науқас Базарбай Дәнеғұлов бұған дейін дәрімен емделген. Оның көмегі болмаған соң катетерлік абляция жасалған. Бірақ, ол ем де көмектеспеген соң осы әдісті бірінші рет қолдандық. Қазір пациенттің жүрек ырғағы қалпына келді. Екінші науқас Алматы облысы, Қарасай ауданының 58 жастағы тұрғыны Арыстан Бажанов алты айдан бері жыпылық аритмиясымен ауырған. Бұл кісіге екі рет катетрлі абляция жасалғанымен, көмектеспеген. Осы отадан кейін науқастың жүрек ырғағы қалыпты жағдайға келді. Жүректі тексергеннен кейін жиырылу қабілеті де жоғарылады, – деді бізге бөлімше дәрігері, кардиохирург Роза Тайманова.
Ота жасалған науқас Базарбай Дәнеғұловпен кездескенімізде өзінің осы аурумен жиырма бес жылдан бері ауыратынын, егер жүректің қалыпты соғуы минутына 60-80 аралығында болса, жасы ұлғайған сайын күн, түн демей 180-200-ге дейін жетіп, асқақтап кететінін, бүгінгі емнен кейін қалыпты соққанына қуанып отырғанын жеткізді.
– Мүмкіндікті пайдаланып, сүйікті газетіміз «Егемен» арқылы дертіме ара түсіп, шипа тапқан орталықтың «алтын қолды» кардиохирургтеріне, барлық медициналық қызметкерлеріне, шетелдік дәрігер қонағымызға шын жүректен алғыс айтамын. Осындай жағдай жасап, тегін емдеп отырған үкіметімізге, Елбасына зор ықыласымды білдіремін, – деді Базарбай аға.
Шеберлік-дәріс соңында пікір және тәжірибе алмасу мақсатында дөңгелек үстел өтті.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»