Құдай қосқан қосағы аяқ астынан дүние салған кезде Биғайша 24 жасқа енді ғана иек арта бастаған қол-аяғы балғадай келісті келіншек еді. Бұл тағдырдың салған ісіне не шара?! Ақбөпе, Елдос және Ақмарал атты үйелмелі-сүйелмелі үш перзентімен бірге ол азаматының артында ботадай боздап қала берді. Өзі жас, өзі көркем келіншекке ел ішінде отбасын құрайық деп сөз салушылар аз болған жоқ. «Маған бай табылар-ау. Алайда, әкесінің артында қалған үш қарғашыма қарағаштай пана, бәйтеректей сая боларлықтай асыл азамат табыла қояр ма екен?».
Ең алдымен оны осы мәселе көбірек толғандырып еді. Осы сауал жетегінде қабырғасымен көп кеңесті. Алайда, түбегейлі де тиянақты шешімге келе алмады. Әйтсе де текті әулеттен шыққан ресейлік қазақ азамат орнықты да кесімді сөзін айтқанда Биғайша өзінің келешектегі тағдырын онымен байланыстырғанды жөн көрді. Сөйтіп, біздің бүгінгі кейіпкеріміз сонау сексенінші жылдың жазында өз жүрегінің қалауын білдірген ресейлік қазақ азаматына тұрмысқа шығады. Әрі сол жаққа сол жазда қоныс аударады.
Осы арада оның ішкі жан дүниесін қинаған бір мәселе бар еді. Үш перзентінің бірі Ақмаралды нағашы апасы дүниеге келгеннен-ақ өзіне жақын тартып: «Ақмарал маған қыз болады», деп өзінше еншілеп жүруші еді. Кетерінде ол кісі Биғайшаға: «Ақмаралды маған қалдырып кет. Өзім өсіріп өзім тәрбиелеймін ешкімнен кем қылмаймын», деген өтінішін айтады. Биғайша бұл тілекті қайтара алмады.
Бұл осыдан отыз жыл бұрын болған жағдай еді. Жас өспей ме, жарлы байымай ма дегендей арада біраз жыл өткен кезде Ақмарал да бойжетті. Оңы мен солын таныды. Осы кезден бастап оны анасын іздеп табу керектігі жөніндегі ой жиі-жиі мазалай берді.
Осы оймен Казталов ауданы, Талдыапан ауылының тұрғыны Ақмарал Омарова 2000 жылдың бас кезінен анасына іздеу сала бастады. Республикалық «Бармысың бауырым?» бағдарламасына бірнеше рет бас сұғады. Алайда анасын іздеген қыздың іс-әрекеттерінің бәрі ешқандай нәтиже бермейді. Дегенмен, жыртық үйдің де құдайы бар дегендей өткен жылы анасының бір дерегі ашылғандай болады. Бұл қуанышты хабарды жеткізуге түрткі әрі себепкер болған мұрағаттанушы-журналист, Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы Ахмедияр Батырханов болып шығады. Сонда қалай болғаны? Бұл арада біріншіден айтайын дегеніміз, әріптесіміз Ахмедияр Батырханов бұған дейін де бір бірін жоғалтып алған бауырларды табыстыруға дәнекер бола білген құлағы түрік ізденімпаз жан екендігі. Хабар Казталов ауданының Талдыапан ауылында тұратын Ақмарал Омарованың құлағына жетеді. Сөйтіп, ол телефон шалып оған хабарласады. Құлағы қашан да түрік жүретін азамат қой. Ахмедияр Ақмаралдың анасына қатысты анықтаманы кездейсоқ кездескен таныстардан естігенін мәлімдейді. Құдай сәтін салғанда бұл анықтама шындыққа айналады.
Сөйтіп, аудандағы әріптесіміз Ақмаралдың анасының қазіргі тұратын мекенжайын көзбен көріп қолмен ұстағандай дәлме-дәл анықтап іздеушіге хабар береді. Бұл бүгінде жасы алпыстың үстіне шыққан Биғайша есімді жасы ұлғайған жан болып шығады. Ол Ресейдің Волгоград облысына қарасты Быков ауданының тұрғыны екен. Тіпті, А.Батырханов Ақмаралдың анасының осы аудандағы Катричев ауылында тұратынын да дәл анықтап беріпті. Міне, нағыз азамат нағыз зерделі, сұңғыла жан деп осы Ахмедиярды айтыңыз.
Ұзын сөздің қысқасы таяуда анасы мен қызы қайта табысты. Ресейге Ақмаралдың сүйіп қосылған жұбайы Қауыс мәрттік танытып өзі бастап алып барыпты. Сөйтіп, қыз арада 36 жыл өткен соң анасының айдай дидарын көрді. Оттай ыстық омырауына көмілді. Анасы мен қызының құшақтары айқасып жанарлары жасқа толды. Екеуі бірін бірі аймалап, өбіп, біріне бірі елжірей ұзақ қарап тұрыпты. Облыстық «Орал өңірі» газетінен осы қауышу жөнінде Данияр Оспанның материалымен танысқан кезде оқиға ізімен тағы бір мәрте алға аттай отырып толғауы тоқсан тіршіліктің осындай бір иірімдері жөнінде әңгіме қозғағанды жөн көрдік.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы