Қазақстанда «Біріккен ядролық зерттеулер институты» БЯЗИ халықаралық үкіметаралық ұйымының күндері басталғаны мәлім. Осыған орай кеше елордада БЯЗИ-дың 60 жылдығына және еліміздің Орталық Азиядағы алғашқы ДЦ-60 ауыр иондар үдеткішін пайдаланып келе жатқанына 10 жыл толуына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Елімізде ядролық ғылымды дамытудың жаңа перспективалық бағыттарын қамтыған жиынның алғы сөзін Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев алды. Оның айтуына қарағанда Біріккен ядролық зерттеулер институты ядролық ғылымда әлемде мойындалған және ең беделді халықаралық орталық болып табылады. Қазақстандық ғалымдар БЯЗИ жұмыстарына оның негізі қаланғалы бері қатысып келеді. 1956 жылдары КСРО құрамынан қатысса, 1992 жылдары тәуелсіз Қазақстанның өкілдері ретінде қатысуда.
Ең заманауи эксперименттік базасы және жоғары білікті кадрлары бар БЯЗИ 60 жыл бойы Қазақстанның физика ғылымының дамуына үлес қосуда. Мұның тамаша мысалы ретінде БЯЗИ Ядролық физика институтымен бірлесіп Астанада заманауи ғылыми-зерттеу кешенін құрғанын айтуға болады. Ал оның негізі Орталық Азиядағы бірінші заманауи ДЦ-60 ауыр иондар үдеткіші болып табылады.
Бұл ретте еліміздің Біріккен ядролық зерттеулер институтының теңдей мүшесі екендігін, ондағы бес мың қызметкердің ішінде қазақстандықтардың саны екінші орында екендігін атап айтқан Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев аталған институттың еңбегі орасан екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ілгері зерттеулерде көп жаңалықтары бар орталықтың ашқан бес ауыр элементінің төртеуі қазақстандық ғалымдардың қатысуымен жасалғандығын көлденең тартты. «Ядролық физика институтының Астана филиалында ДЦ-60 деген үдеткіш жұмыс істейді. Бұл Орталық Азиядағы ең ауыр иондар үдеткіші. Оның қызметі Елбасының жақында ғана жұртшылыққа жол тартқан «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне сәйкес келеді», – деді ол. Осы орайда ядролық техниканы тек бейбіт мақсатта пайдаланудың нақты мысалы аталған үдеткіш болып отырғандығын атап көрсете келе, бүгінгі конференцияның мақсаты да Қазақстанның барлық зерттеулері бейбіт мақсатқа бағытталғанын әлемге паш ету екендігін еске салды.
Сонымен қатар, ғалымдар қазақстандық мамандардың NICA жобасы бойынша ғылыми-зерттеулерге қатысуын жаңа білім беру технологияларын қолдана отырып, БЯЗИ-мен бірлесіп аспирантурада және PhD докторантурасында ғылым кандидаттары мен докторларын дайындау мәселесін талқылауды жоспарлап отыр. Қазақстандық аспиранттар мен докторлар БЯЗИ халықаралық орталығында зерттеу жұмыстарын өткізумен қатар, бірлесіп алынған ғылыми нәтижелердің зияткерлiк меншiк құқығына ие болады. Ал ДЦ-60 үдеткішінің 10 жылдық жұмысы ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулерді және технологиялық әзірлемелерді, сондай-ақ елімізде құрылып жатқан атом саласы үшін жоғары білікті кадрларды даярлауды жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, еліміз үшін ион-іздік жарғақтарды өндіру технологиясы және оларды биологияда, медицинада және өнеркәсіпте қолдану сынды жаңа бағыттарға жол ашты.