Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпия және Паралимпия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арналған медальдардың дизайны таныстырылды.
Баспасөз конференциясы аясында өткен рәсімге Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Томас Бах қатысты. Мәліметтер бойынша, жазғы Ойындарға барлығы 2488 медаль дайындалған екен. Алтын мен күмістің саны – 812 болса, қола медаль саны – 864.
Салмағы 500 грамды құрайтын медаль сынапты пайдаланбай, өндіріс талаптарына сай алтыннан жасалса, күміс пен қоланың 30 пайызы қайта өңделген материалдардан болған. Ал медальдар ілінетін ленталар материалының жартысы қайта өңделген пластикалық бөтелкелерден дайындалады. Бағалы заттарды сақтауға арналған қаптамалар Оңтүстік Америкада өсетін Кордия Гоэлда ағашынан жасалып отыр.
Дизайнерлердің идеялары бойынша, Рио Ойындары медалінің ортаңғы жағы жуанырақ болады. Ал жүлдегердің есімі мен спорт түрі лазермен сыртқы шетінің бойына жазылады.
Паралимпия ойындарының медальдарына да өзгерістер енгізіледі. Әрбір марапаттың ішінде шулы камера болады. Ол нашар көретін спортшыларға марапаттың дауысын естуге мүмкіндік береді. Алтын медаль – дауысы ең қаттысы болса, қола медаль – дауысы ең төмені.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»