Президент Н.Назарбаевтың жүйелі түрде айтатын сөзі: Тыныштық. Татулық. Бірлік. Бәрі – тарихтың тағылымынан туған сөздер. Бәрі – ежелгі бабалардан екшеліп жеткен нұсқаулар. Тыныштықтың қадірін білген бабалар: «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» депті. Тату елдің төбесі көкке жететінін де олар бізге өсиет етіпті: «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген екен. Бірлік болмай, тірлік болмайтынына әбден көзі жеткен ғұламалар «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» депті.
Осы үш ұлы сөздің ұлағатты мысалы тарихымыздан да табылады. 1643 жылы Орбұлақ шайқасында жаудың 50 мың қолын қазақтың татулығы мен бірлігі жарасқан 700 жауынгері оқпана қазып жеңіске жетсе, 1726 жылы қазақтың үш аймағынан бас қосқан билер мен батырлар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшыраған елге қорған болып, Ордабасыда бас біріктірді. Бас біріктірген жерде қазақ ешқашан жеңілген емес. 2016 жылы осы үш ұлы сөздің жүзеге асуы арқылы қазақтың жүзі жарқын.
Ал жүз жыл бұрын, яғни 1916 жылы қазақ қандай күн кешіп еді? Елді ақ патша билеген бодан заман еді. Әрі тәуелсіздігі жоқ, әрі тыныштығы жоқ халықтың қалай быт-шыт болғанын жүз жыл бойы ұмыта алмай келеміз. Жаркент және Верный уезін жайлаған халық көтерілісі жалпы Қазақстандағы, оның ішінде Жетісу өлкесіндегі ерекше қырғын тапқан көтеріліс болды. Ұлы Мұхтар Әуезовтің оған үлкен мән беріп, «Қилы заман» атты шығарма жазуы, сол көтеріліс жайында Ілияс Жансүгіровтің егжей-тегжейлі, жан-жақты, деректер жинауы тегін емес еді.
1916 жылдың дүрбелеңі – ұрпақ ұмытпайтын қасірет. Кезінде «үйін жарлығы» атанған патша бұйрығы бойынша, әскердің қара жұмысына мұсылмандар алынатын болады. Алдын ала түсіндіру жұмысы жүргізілмегендіктен, ол жарлықты қазақ, қырғыз, ұйғыр, дүнген халықтары үлкен үреймен қарсы алады. 1846 жылы Ұлы жүз қазақтары орыс патшалығына бағынып, Қапалда қол қойғанда, патша оларды әскерге алмаймыз, тек салық төлетеміз деп уәде берген екен. Сол уәде жазылған қағазды Тезек төренің кереге басына мақтанышпен іліп қойғанын Семенов-Тяньшаньский өз естелігінде жазады. Сол уәдені естіген, білетін Ұзақ Саурықов «үйін жарлығын» естігенде, «Патша уәдесінен тайды, сондықтан өтірік айтқан оның жарлығын орындамаймыз», – деп қарсылық білдіреді. Қазақтардың әскерге алу мен әскердің қара жұмысына салуды ажырата қоймағанын Ұзақ батырдың әлгі сөзі-ақ айғақтайды.
Патшаның «үйін жарлығы» Жетісу өлкесіне кешеуілдеп, шілде айында жетеді. Қарқара көтерілісінің алғашқы қақтығысы 3 тамызда Верный уезіне қарасты Асы жайлауында, Серікбай Қанаев басқаратын Қызылбөрік болысында, Серікбайдың өзі Қарқараға кеткен кезде болады. «Қызылбөрік ісі» аталған бұл қақтығыс патша жарлығына мүлде қатысы жоқ жағдайда ушығады. Мұқаметжан Тынышпаевтың берген түсіндірмесіне қарағанда, бір әйелге қырындаған орыс офицер оған өзінің «мықтылығын» көрсетпек болып, болыс хатшысына: «Қара жұмысқа алынатындардың тізімін әкел!», – деп бұйырады. Оған орыс хатшысы: «Тізім жасалынған жоқ. Серікбай болыс: «Мен келгенше жасамаңдар, деп кеткен», – деген жауап қайырады. Оған ашуланған офицер мәселені түсіндірмек болған бір топ ақсақалды қамап тастайды. Атты-жаяулы қазақтар сол арада қаптап кетеді де, қаумалаған жұрттың екпінінен қорыққан офицер тапаншасын аспанға атып қалады. Оны қате түсінген нөкерлері сол арада екі қазақты атып тастайды. Топ ішінде тұрған аңшы қазақ жігіті де бір орысты атып жібереді. Ақырында оншақты нөкерлерін ертіп әписер ауылдан қашып шығады. Сол бетімен Алматыға барып жазалау отрядын жетектеп әкеледі. Мәселенің ақ-қарасын ақыл-парасатпен шешпей, тек ашу-ызаға билеткен патша шенеуніктері орыс пен қазақтың арасын тек жалған намысқа шабудың нәтижесінде, өшіруге келмейтіндей өртке айналдырып жібереді.
Қарқараға Подборковтың (Ақжелке) орнына басшы болып келген ротмистр Кравченко қара жұмыстың қыр-сырын ұға алмай дүрліккен елді сабырға шақырудың орнына бір аптаның ішінде тізім жасап бересіңдер деген үзілді-кесілді бұйрық береді. Өздерін ел деп, адам деп санамай отырған Кравченконың қылығына ызаланған Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір батырлар: «Бала өлгенше, шал өлсін! Бала бермейміз!», деген батыл шешім жасайды. 1916 жылы майданның қара жұмысына барған, одан аман оралған, қайтпай қалған да қазақтар бар. Менің туған ауылым Ақжазықтағы Әкпірәжі деген атамыздың Қалиақпар деген інісі де кетіп, бірақ содан оралмапты. Оқтан өлді ме, аурудан өлді ме ешкім білмейді. Соған қарағанда, Ұзақ батырдың: «Бала өлгенше, шал өлсін», дегені дұрыс та.
Кравченко: «Бастаушы топты қамап тастасам, басшысыз қалған жұрт жуаси қояды», – деп қателеседі. Әубәкір Солтанбаевтың бауыры Жақыпберді 800 қолды 12 тамызда Қарқараға бастап әкеп тұтқында жатқан бауырларын құтқарып алмақ болады, оған сол арадан тағы 200 адам қосылады. Солай болғанын осы оқиғаның басы-қасында болған Іргебай Дәлденбаев ақсақал (сазгер Бейбіт Дәлденбаевтың атасы), өз естелігінде анық жазған. Алайда, фон Берг 5000 қазақ қатысты деп сотқа берген түсініктемесінде асыра көрсетеді.
Қарқараға беттеген мың қаралы қолды хорунжий фон Берг пен Моргунов дегендердің отряды қоршап алып қырмақ болады. Соны дер кезінде байқап қалған қазақтар аз шығынмен зорға қашып құтылады. Қарқара көтерілісі деп жүрген негізгі қақтығыс сонымен бітеді. Елдің жаппай қарсылығынан қорыққан Кравченко жәрмеңкені өртеп, өзі түнделетіп Қарақолға (Пржевальск) қашып кетеді. Орыс пен қазақ арасында айта қоярлықтай атыс-шабыс болмайды. Бірақ наразылық білдірген қазақтар, қазақ болғанда да албан тайпасының адамдары Верный уезіне қарасты Асыда, Түргенде, Жаркент уезіне қарасты Қырғызсайда, Көміршіде, Жалаңашта, Талдыбұлақта, Нарынқолда жаппай атқа қонады. Сондықтан бұл көтерілісті Қарқара көтерілісі деп атау тар шеңберді қамтиды, дұрысы – Албан көтерілісі деп айту. Олардың басын біріктірген – өлсек те, тірілсек те бірге боламыз деген бауырмалдық.
Мемлекеттік мұрағаттың 90-қорында 29 жастағы фон Берг хорунжийдің сотқа берген түсініктемесі бар. Соны оқыған адам Қарқара көтерілісінің қалай қырғынға ұшырағанын анық-қанық ұғады. Оның айтуынша, орыс омарташыларын қазақтар жәбірлеп, мал-мүлкін тартып алып, өздерін жазалап жатқандығын айтып, соларды құтқаруға Кравченко отрядын жұмсайды. Ол межеге түнгі 12-ден асқанда жетеді. Ызалы қазақтар, шынында, Башарин, Зуев деген орыстардың омартасын қиратып, оларды қорқытып қоқан-лоқы жасаған екен, бірақ бәрі дін аман, ешбірі өлмеген. Алайда, 28 адамнан тұратын отрядты басқарған хорунжий осыған ызаланып, таңғы сағат 5-те қазақ ауылының 2 күзетшісін өлтіреді. Олардың айқайынан оянып кеткен ауыл адамының 50-ін тағы қылышпен шабады. Не үшін? Екі омарташыны қорқытқаны үшін және ол екі омарташының орыс болғаны үшін. Бергтің өз ауылында ұйықтап жатқан «көтерілісшілерге» ызаланғаны соншама, таңғы 8-де екінші қазақ ауылына шабуылдап, нәтижесінде 80 адамның өлі денесін санап, 12 адамды жаралап, «жеңіске» жетеді, қалғандарын да қыруы мүмкін бе еді, кім біледі, бірақ олар тауға қашып кетеді. Қашып кеткендер, сөз жоқ, бала-шаға, қатын-қалаш. Ал ауылдағы үй-үйді ақтарғанда, 1 ауылдан 5 мылтық, икон, орыс әйелдерінің көйлегі, ал 2 ауылдан 2 мылтық табылды деп жазады. Көріп отырсыз ғой, мылтықтар қарсы шыққан адамдардың қолынан емес, үйінен табылады. Сонда мылтығын үйіне тығып қойып, өздері орыс әскеріне қарсы шыққан қандай батыр көтерілісшілер? Орыс иконын, орыс әйелінің көйлегін қазақтар не қылмақ? Және оларды қайдан алған? Башарин мен Зуевтің ауылындағы иконды әкеліп үйіне сақтайтындай не жағдайлары бар? Тіпті, солай болған күннің өзінде 2+50+80 адамды өлтіріп тастауға солар себеп бола ма? Бергтің 28 адамының бірде-бірі тіпті жарақат та алмайды. Жарақат алатындай жағдай да жоқ екені аңғарылып тұр. Міне, тәуелсіздігі жоқ, қорғайтын мемлекеті, әскері, заңы жоқ қазақтың халі 1916 жылы осылай болған.
Фон Бергтің ашуы 132 қазақты өлтірген соң да басылмай, жол-жөнекей тағы 4 қазақты атып тастайды. Не үшін жазалап, ондай «ерлікке» неге құлшынғанын мен түсіне де алмаймын, түсіндіре де алмаймын.
Фон Бергтің одан әрі не жазғанын қараңыз. 1916 жылдың 12 тамызында таңғы сағат 10-да Сынтас жақтан ақ ту көтерген 500-дей адам келе жатқаны көрінеді. Ақ ту көтерді деген сөз – «біз бейбіт адамбыз» дегені. Бірақ Берг оған еш мән бермейді. Оларды көтерілісшілерге санайды. Өйткені, олар орыс емес. Оларды қырып салмақ болып тұрғанында Кравченкодан: «Шабуылдама. Кері қайт!», – деген бұйрық жетіп үлгереді. Ол бұйрық Бергке онша ұнамайды. Сағат 12 кезінде ешбір бұйрықсыз тауға көтеріліп, мал-мүлкімен Сырт жайлауына қарай көшіп бара жатқан қазақтардың қашатын жолын кесіп, әй-шәй жоқ ақ ту көтерген, ақбоз атқа мінген қазақты өзі атып салады. Аттан екі қолын ербеңдетіп құлап түскенін сүйсіне анықтап жазады. Кейін қараса, өлген адамның мойнында Александр ІІІ-тің алтын медалы бар, болыс кісі екен. Оның аты-жөнін де анықтап жатпайды. Неге ақ ту көтеріп келе жатқанына мән де бермейді. Болысты атып тастағанын көрген жұрт тұс-тұсқа бейберекет қаша жөнеледі. Берг «батырдың» отряды «көтерілісшілерді» қуып жүріп қылышпен шапқылап өлтіреді. Бұл жолы ол қанша «көтерілісшіні» шауып өлтіргенін санамайды. Себебі, сай-сайда қуалап өлтірген қатын-қалашты санап шығу оған артық еңбек еді. Бірақ ротмистр Кравченкоға 10 мың мал, 40 түйеге артқан мүлік, әр үйірі жүз бастан тұратын екі үйір жылқы және ақша әкелгенін анық жазады. Ақша әкелгеніне қарағанда, өлген адамның қойны-қонышын ақтарған ғой, әрине. Ақшаны ешкім алақанына ұстап жатып өлмейді ғой?!
13 тамыз күні отрядтың 25 казак болғанын Берг анықтап айтады. Оған бөтен 7 ерікті қосылады. Қарқара жақтан тағы ақ ту көтерген топ адам көрінеді. Келіссөзге шақырып, ақ ту көтерген топты тағы тым-тырақай қуалап, қылышпен шапқылайды, «стали их рубить» дейді масаттанып. Олар Қарақол жақтан сауда жасап келе жатқан дүнгендер екен, бекерден-бекер 300-і қырылады, 11-і ғана тұтқынға алынады, 200 сом ақша жиналады. «Көтерілісті басудың» батырлығы осындай.
14 тамыз күні Қарқара отряды Қарақолға қарай аттанады, жолда 8 адамды жайпайды (их уложили). Одан кейін 23 адамды тағы өлтіреді. 15 тамыз қарсыластар 50-ден астам адамынан өлідей айырылады. 18 тамыз күні 3 қырғыздың көзін жояды. Тағы 14 адамды өлтіреді.
20 тамызда тағы ақ ту көтерген қырғыздарды қырады. Сонан соң тағы бір тобын жайратады, тек біреуі ғана қашып құтылады. Енді Берг қанша адам өлтіргенін санамайды да. 25 тамыз күні ақ ту көтерген дүнген «бүлікшілерінің» 300-ге тарта адамын қылышпен шауып өлтіреді, арыққа, қораға тығылғандарын тауып алып шабады.
28 тамызда және оған қосылған 4 ерікті жол бойы 40 қырғызды өлтіреді. Олар 7 мың қырғызға қарсы шығып әуелі 24 адамды атып тастайды. Содан соңғы шатқалға тығылған 7 мың қырғыздың 50-і ғана тұтқынға түседі де, қалғаны сол арада қырылады. Сайдың іші толған өлік болғандықтан қайтарда жота-жотамен ғана жүре алдық деп жазады Берг. Бұл жолы 12 адамнан айырылғанын айтады.
Бұл – Жетісу әскерінің 1- жүздігінің командирі 29 жастағы хорунжий фон Бергтің ғана әрекеті. Ол мұның бәрін 1916 жылдың 26 қазанында Верный аймақтық сотының тергеушісіне берген жазба жауабында көрсеткен.
Біз 1916 жылғы көтерілісті басуға келген бір ғана фон Бергтің әрекетін ат-үсті баяндадық. Ал мұндай жазалаушы Жетісу жерінде қанша болғанын есептеп, түгендеп жатпадық. Оның бәрі мемлекеттік мұрағатта сақтаулы.
Жүз жыл бұрын өтіп кеткен жағдайды білу бізге не береді? Анау кінәлі, мынау кінәсіз деп баға бергеннен не ұтамыз? Бәрі өтті, кетті, енді оны ешкім түзете алмайды. Кезінде ондай қырғынды қолдан келсе болдырмау керек еді, қолдан келмеді. Өйткені, тәуелсіздігі жоқ халықпен билеуші елдің басшылары санаспады. Бізге бүгінгі керегі – өткеннен сабақ алу. Осыдан келіп, бүгінгі тәуелсіздіктің құны мен бағасы анықталады. Бодан елдің бір Бергтен шеккен азабы осындай, ал Қарқара көтерілісін басу үшін, Ташкенттен, Алматыдан, Жаркенттен жазалау отрядтары келгенін білеміз. Олардың бірде-бірі татулыққа, бірлікке шақырып келген жоқ, тек басып-жаншуға келді.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне көңіл аударайықшы: онда да Мәскеуден, Новосібірден, Қырғыздан тағы жазалаушылар келді. 1916 жылдың оқиғасына ішкі де, сыртқы да әрекеті айнымай ұқсайды.
Бергтің күн-түн демей қыруынан қазақтар 1916 жылдың күзінде Қытаймен шекарада аштықтан, панасыздықтан жаппай қырылса, 1930 жылы зорлап колхоздастырудан да қазақтар дәл солай қырылды. Бәрі ұқсас. Себебі, тәуелсіздіктің жоқтығы – қандай саясатпен алдасаң да ұқсас.
Біз 1643 жылғы Орбұлақ шайқасында тәуелсіздігімізді сақтап қалдық. 1723 жылмен 1758 жылға дейін 35 жылға созылған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зобалаңында да тәуелсіздігімізді сақтап қалып едік. Бірақ, әлсірегендіктен, ішкі алауыздықтан, бірліктің, татулықтың болмағандығынан ақыры тәуелді елге айналдық. Орбұлақтың, Ордабасының, Қалмаққырылғанның, Аңырақайдың, Ойрантөбенің ұлы жеңістері түпкі нәтижеге қолымызды тиянақты түрде жеткізе алмады. Себебі, Бірлік, Татулық саясатын ұстанған басшыларымыз да, батырымыз да болмады. Батырлар батырлығын жасап өледі. Ал батырдың ерлігін саясат көрегендігімен үйлестіре алатын басшы болмаған соң, бәрі бекер болады екен.
Сондықтан нәтижеге жету жолында құрбан болған батырларымызды шын пиғылмен ардақтағымыз келсе, онда бүгінгі тәуелсіздігіміздің әр күнін қадірлеп өтуге тиіспіз. Өйте алмасақ, елсүйгіштігімізге сын.
Бұл күнде тәуелсіздік қара күшпен сақталмайды.Тек біліммен, ақылмен, ішкі және сыртқы татулықпен, білгір саясатпен сақталады. Орбұлақтың, Ордабасының, Қалмаққырылғанның, Аңырақайдың, Ойрантөбенің тағы-тағылардың өтеуі –тек Татулық, Бірлік, Тыныштық! Оларды сақтау да ерлік.
Жоғарыдағы фон Бергтің және мұрағатта сақталған басқалардың қылығынан нені көруге болады? Ең басты көретініміз: патша шенеуніктері әу бастан-ақ дұрыс саясат ұстанбаған. Олар қазаққа деген өшпенділік туғызуды ғана ойлаған. Сөйтіп, қазақтарды жаппай жамандаған. Ал жаппай жамандау – соғыс саясаты. Аямай жамандаған адамдарды аямай қыруға болады деген сөз. Ақыры халықтар арасындағы татулық ойран болып, ол ақыры қазақтың аяусыз қырылуына әкеп соқты. Қорғансыз халықты орыс бір қорласа, қалмақтар тағы қорлады. Дәрменсіз жұрт көз алдында зорланған қызына, қорланған әйелі мен келініне ара түсе алмады. Ол аздай, орыс қаны төгілген Қарақол, Қарқара өңірінен орыс автономиясын құруға Жетісу облысының әскери губернаторы М.А.Фольбаум бұйрық шығарды.
Осындай қилы заманда патша үкіметі құлап, орнына Уақытша өкімет орнады. Қытайға қашқан қазақтарды уақытша өкімет (Керенский өкіметі) өз Отанына қайтарды. Қайта оралған қазақтар мен орыстар арасындағы атыс-шабыс тыйыла қоймай орыстар «екі аяқты киік атамыз» деп қазақтарды әр қалтарыста өлтіріп кете бастап еді, оны Кеңес өкіметі тоқтатты. Ол тарихты боямалауға, бұрмалауға қақымыз жоқ. Тек одан сабақ алуға тиіспіз.
Тыныштық, татулық, бірлік сырттан да, іштен де бұзылады. Бұрын қазақты басқа жұрт казак пен қазақтың тектес екенін танытпау үшін, «қырғыз», өзгеден кем екенін көрсету үшін «варвар» – жабайы, мәдени өмірден алшақтығын таныту үшін «туземцы» – түзде өмір сүретіндер деген сипатта айтқаны мысал болады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», дейтін Абайдың ой биіктігіне әр адам да, халық та әлі көтеріле алмай келеді.
Ағайын арасының тыныштығын, татулығы мен бірлігін сақтай алмай жүрген адамдар ұлт тыныштығын ойлай ала ма? Тайпаның, рудың қамынан аса алмай жүрген адамдар мемлекеттің қамын қалай жейді? Ана жақтың адамы, мына жақтың адамы деп, бір қазақты алалап жүрген адамдардың мемлекетінің бірлігін ойлауға өресі жете ме? Тәуелсіздік алғалы 25 жыл өтсе де, не баласын, не немересін қазақ мектебіне бермей жүргендерге қазақ тілінің қадір-қасиетін қалай үйретуге болады? Өйт десең, зорлады дейді, бүйт десең, жеке басымның құқығы, өзім білемін дейді. Бір-бірін тыңдамайтын, мойындамайтын, соны тәуелсіздік санайтын жандарды мемлекеттің билігінде ұстау оңай ма. Білуге ұмтылудың орнына бүлдіру арқылы аяқтан шалғысы келетін адамдарға ауызбірліктің елге де, оған да қажет екенін қалай ұқтыруға болады? Осының бәрін ушықтырып алмай басқару қалай оңай болмақ?
Бүгін біздің мемлекетте тыныштық бар, татулық пен бірлік бар. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бірақ қазақтың бәленбай пайызы әлі қазақ тілінде сөйлемейді. Оқымайтыны одан да көп. Өз атын қазақ тілінде жазып бере алмайтыны тіпті мол. Соған кім кінәлі?
Қазақша мектеп ашылып жатыр. Алайда, Алматыдағы орыс мектептерінің жартысынан көбі – қазақ балалары. Рас, орыс тілінсіз, ағылшын тілінсіз біз болашақта әлемдік байланысқа шыға алмаймыз. Ол бірақ қазақ тілін білмей-ақ қой деген сөз емес қой?! Үш тілді де білуіміз керек. Бірақ ең әуелі өз тілімізді – қазақ тілін меңгеруіміз қажет. Қазақ тілін үйрену арқылы ғана, өзге тілді өз тілімізбен салыстыра отырып қана әлемдік байланысқа көтерілуіміз керек. Соның бәрі біздің ішкі татулығымыз бен бірлігіміздің арқасында ғана жүзеге асады.
Менің өз ойым бойынша, қазақ балалары бастауыш мектепті өз ана тілінде оқығаны дұрыс. Сонда білімнің іргетасы өз тілінде қаланған бала өзге тілді оңай үйренеді. Өйткені, әр елдің тілін өз елінің тілімен салыстыра отырып үйренеді. Өйтпесе, өз тілінен гөрі өзге тілдің ықпалына ауып кетуі әбден мүмкін. Содан барып ондай баланың отансүйгіштігі, елсүйгіштігі күңгірт тарта бастайды. Тыныштық, татулық, бірлік бізге осы мәселелердің ең дұрыс, ең тиімді жолын таба білу үшін қажет. Туа қалған пікірталастар жаулық саналмай тілеулестік саналуы да татулығымыз бен тыныштығымызды бекіте түседі.
1916 жылы елдің тыныштығы татулығы мен бірлігі әуелі жоғарыдан – патшадан, сонан соң сырттан, яғни қазақты жабайы, надан санаған шенеуніктер тарапынан бұзылды. Оған қазақтың өз ішіндегі білім, түсінік дәрежесінің әрқилылығы да үстеме болды.
Тәуелсіздіктің 25 жылында біз тыныштық пен татулықтың, бірліктің дос қызығатын, дұшпан қызғанатындай іргетасын қалай білдік. Тек оған тоқмейілсімей, тынымсыз дамыту, нығайту әрбіріміздің азаматтық міндетіміз.
Ашу-ызаға, кектенген, жеккөруге ерік берген адам ақылынан айырылған адаммен бірдей. Бейкүнә әйелді зорлап, қасындағы балаларын қорлап, сонан соң өлтіріп кетуі; Тасашы деген жерде бір еркекті өлтіріп, сол күйі ағашқа іліп кетуі; киіз үйде жаңа босанып жатқан келіншекті жас нәрестесімен және қасында отырған енесімен қоса өртеп жіберуі мұның бәрін сабыр сақтаған адамның ісі деу – өте қиын. Сондықтан елдің ауызбірлігін, амандығын ойлаған адам ешқашан ашу-ызаға, кекке ерік бермеуі керек. Тек тыныштықты, бірлікті, татулықты сақтаған басшы ғана елдің бейбіт дамуына, білім алуына, мәдениетін өркендетуіне шексіз мүмкіндік жасайды. 1916 жыл мен 2016 жылды салыстырғанда, біздің көзіміз осыған анық жетеді.
Қазақта: «Битке өкпелеп тоныңды отқа тастама» деген сөз бар. Бір қарағанда бәлендей айшықты сөз емес. Алайда, астарына мән беріп қарасаң, «Бір- біріңнің бас араздығыңа бола еліңнің тәуелсіздігін тәлкекке салма!» деген тәлім шығады. Біз ұстанатын басты бағдар – осы. Өмірде кім-кімге ренжімейді? Ауылдың, ауданның, облыстың әкімі, елдің сан түрлі министрі мен басшысы бар. Солардың бәрі бізді риза қылып жүрген жоқ. Бірі білімсіз, бірі мейірімсіз, тіпті мәдениетсізі де кездеседі. Олардың білмегендеріне өкпелеп, ғасырлар бойы төгілген тер мен шашылған қанның өтеуімен келген Тәуелсіздігімізді шайқалтуға қақымыз бар ма? Әр жағдайды кеңінен қарап, өткіншісіне бола бірлігімізді шайқалтпай, оған білімділікпен тежеу сала білгеніміз дұрыс. Азаматтық дегеніміз меніңше, сол.
Жарты әлемді жаулап алған Шыңғыс хан тарихына қараңыз. Жалайыр, найман, керей, меркіт, қоңырат, татар, тағы басқа түрік тайпаларының басын қосып Шыңғыс хан құрған күшті мемлекеттің де түбіне сол бөліну жеткеніне тарих куә. Жаулап алған жерін төрт баласына бөліп берді. Төртке бөлінген елі ешқашан қайта бірікпеді, бірте-бірте бәрі ыдырады.
Шыңғыс ханның айтулы немересі Бату құрған Алтын Орданы қараңыз. Еділ бойына, Қырым жеріне қаншама түркі қаласын салды. Өзбек ханның сыйлы қонағы болған арап саяхатшысы Ибн Баттутаның жазуынша «тезек» дейтін отын жағатын Алтын Орда халқының астанасы Сарай қаласының көшесі атпен жүргенде жарты күннен астам уақыт алатын ұзын екен. Царацин, яғни мұсылман халқы тұратын Сарай қаласының көлемі, кейінгі зерттеушілердің анықтауынша, 35 шаршы шақырым (км) болған. Бұл сол кездегі әлем қалаларының ең ірісінің бірі деген сөз. Сондай үлкен астанасы, Аштархан, Сарайшық секілді ірі-ірі қаласы, Қырымға дейін созылған ұлан-байтақ даласы болған сол Алтын Орда халқы бірлік пен татулықты сақтай алмағандықтан, өзі билеп отырған елге сіңіп, жойылып кетті.
Керей хан мен Жәнібек бөлініп қазақ хандығын құрды.
Бүкіл Еуропаға үрей туғызған Осман империясы да ыдырай-ыдырай, содан Түркия ғана қалды.
Қарап отырсаң, бүлінудің бәрі бөлінуден басталады екен. Ал әрбір бөліну өз кезінде қажеттіліктен туады. Өйткені, ұлан-байтақ жерді бөлмей басқару мүмкін емес. Демек, бәрінің де шегі бар. Мемлекеттің бірлігі бүлінсе, бара-бара бәрі бүлінеді. Сондықтан бірге болған ел ғана ортақ бақытқа қол жеткізеді.
1916 жылы жүздеп, мыңдап қырылған қазақты әлем түгіл өз қазағы да естіп-білмеген, ал 2016 жылы бір адамның қастандықтан өлгенін бүкіл әлем біледі. Заман өзгерді, әлем өзгерді. Қазақ та әлемдік ой-санадан қалыспауы қажет.
Біздің елде көп ұлт пен халықтың өкілдері тұрады. Сондықтан еліміздің тыныштығы мен татулығы, бірлігі тек қазақ пен қазақтың емес, сол ұлт өкілдерінің өзара татулығы мен түсіністігінен де тұрады. Бір халықты екінші халыққа айдап салу саясатының кесапатынан 1916 жылы фон Бергтің отрядындағы Айса деген тараншы қазақ ауылын аяусыз қырып-жоюға айрықша белсенділікпен қатысады. Ондай саясаттың қазаққа да, тараншыға да опа бермегенін бүгінгі ұрпақ тарихи тәліммен түсінуі тиіс. Ал түсінік өз-өзінен келе қалмайды. Оған жету үшін, білім, мәдениет қажет. Білім алу үшін, мәдениетке жету үшін, сөз жоқ, елдің тыныштығы, ауызбірлігі мен татулығы керек. Осының бәріне ой сап қарасаң, дұрыс саясат дегеннің бағасын біле түсесің. Соғыс, араздық орнаған жерде ағайындыққа, бауырмалдыққа орын жоқ екенін біз ешқашан естен шығармауымыз керек.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді қазақ. Сол сөздің шындығына қараңыз: жүз жыл бұрын, 1916 жылы, бір халықты екінші халық кемсітіп, «екі аяқты киік» деп аңға теңесе, қазір, 2016 жылы, Қазақстанда тұратын барша жұрт Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында отандас, жерлес болып, бір шаңырақтың астында өмір сүруде. Даму, ілгерілеу деген – осы.
Кез келген мемлекет елді басқару ісін ыңғайлы жағдайға келтіру үшін, облысқа, штатқа, тағы басқаға бөледі. Бұл әкімдік бөлу. Олардың бағдарламасы, мақсаты, жоспары – бәрі ортақ, бәрі бір мүддеге бағынған. Ал бір мемлекетті руға, тайпаға бөлу өте қауіпті. Руға бірігу, тайпаға топтасу тарихтың белгілі кезеңінде ілгерілеу үрдісіне жатты, ал қазіргі кезеңде, барлық мүмкіндікті мемлекет мүддесіне жұмылдыру қажет жағдайда, руға немесе тайпаға бірігу халықтық мүддені ұсақ, жеке мүдделерге бөлшектеп жібереді. Сондықтан зиянды. Бұл, философияның тілімен айтқанда, бекерлеуді бекерлеу заңына жатады. Яғни, бір кезде тиімді болған жағдай енді тиімсіз, сондықтан ол бекерленуі тиіс. Нақтылап айтқанда – бір кезде бірігуге жатқан әрекет енді бөлінуге әкелетін болды. Яғни, ру, тайпаға бірігу мемлекеттің бірігуін тежейді, тіпті әлсіретеді.
Ру-тайпаның бірігуін барлық мемлекет басынан кешкен. Ол – олар үшін өткен шақ. Біз де сөйтуге міндеттіміз. Оны жүзеге асыру – ең алдымен зиялы қауымның міндеті. Борышы десем де болады. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегенді бабаларымыз бекер айтпаған. Соны біз тезірек түсініп, тезірек қолға алсақ, солғұрлым мемлекетіміз тезірек нығаяды. Қазақ жеті атаға дейін бір-бірімен туыс, қыз алыспайды. Одан асқан соң бәрі бір елдің, бір ұлттың, бір мемлекеттің адамы.
Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне, оның ішінде Жетісудің ең шетіндегі Қарқара көтерілісіне 100 жыл толып отыр. Оған қоса, Желтоқсан көтерілісіне – 30 жыл. Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге – 25 жыл. Бәрі – тарихтың қасиетті кезеңі. Соларды салыстыра, байыбына жете қарағанда, тәуелсіздіктің құны мен бағасы айқындала түседі. Президент Н.Назарбаевтың неге «Тыныштық!Татулық! Бірлік!» деп жиі айтатынын жан-тәнімізбен түсінетін боламыз. Ал түсіністік бар жерде Татулық, Тыныштық, Бірлік міндетті түрде болады.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АЛМАТЫ
*1916 жыл эскиздері. Ә.Қастеев картинасынан көшірме