Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Генерал де Голлдің Байқоңыр ғарыш айлағына сапарының 50 жылдығына арналған Шарль де Голль қорының президенті Жак Годфрен мырзаның қатысуымен конференция өтті, деп хабарлады Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.
Бұл шара Франция мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастың 25 жыл толуына арналған шағын мәдени маусымның бастамасы болып саналады.
Конференцияда сөз алған Францияның Қазақстандағы елшісі Франсиа Этьен мұндай шаралардың екі ел қарым-қатынасына оң ықпал ететінін атап өтті.
Ал Шарль де Голль қорының президенті Жак Годфрен Генерал де Голль туралы, оның қоғамдағы орны жайында баяндады. «Ондаған жылдар өткеннен кейін біз еске алып отыратын өз елінің, өз мемлекетінің тарихында өшпес із қалдырған саяси қайраткерлер енді көп те бола бермейді», – деді Жак Годфрен.
Қонақтар конференция барысында Шарль де Голльдің өмірі және оның Франция президенті болғандағы қызметі туралы әңгімеледі. Сол сияқты сөз сөйлегендер Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың серпіні, Генерал де Голльдің Қазақстанға сапарының тарихи маңызы және екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың одан әрі дамуы туралы мәселелерге тоқталды.
Шараның ресми бөлімінің соңында Ұлттық музей директорының орынбасары Жәкен Таймағамбетов қонақтарға алғысын білдіріп, музейдің атынан шағын естелік кәдесый тапсырды.
Жак Годфрен Ұлттық музейдің витриналарының бірінен өзінің лайықты орнын алатын Шарль де Голль қорының ескерткіш медалін музейге сыйға тартты.