«Алтай мұрасы» автоэкспедициясы Ресейдің Қосағаш ауданында
17 маусым күні ертемен Семей қаласынан солтүстік-шығысқа бет алып, қарағайлы орманды алқапты кесіп өтіп, «Ауыл» кеден бекетіне жеттік. Ол жерде Қазақстан-Ресей шекарасынан қажетті кедендік бақылаудан өткеннен кейін, түс әлетінде Алтай өлкесінің орталығы Барнаул қаласына атбасын тіредік. Айта кетер бір жәйт, Ресейде Алтайға қатысты екі субъект бар. Оның бірі Алтай республикасы, екіншісі Алтай өлкесі деп аталады.
Алтай өлкесі Сібір федералдық округіне кіреді. 1937 жылы 28 қыркүйекте құрылған. Әкімшілік орталығы – Барнаул қаласы. Біздің Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарымен шектеседі. Осы өлкені ерте орта ғасырда барын, шырын, арғын, қыпшақ қатарлы тайпалар мекендегені көптеген деректерден белгілі. Оларды біз Қырым мен Қап тауынан да, тіпті, өзіміздің Ораз Мұхаммет сұлтан билеген Қасым хандығының ірге-тасынан да көреміз. Солардың бірі – барындар мекендеген жер баяғыдан «Барын ауылы» деп аталса керек.
Барнаул қаласынан түстік ішіп, оңтүстік-шығысқа қарай Обь өзенін бойлай жүріп отырып, Бийск қаласына жеттік. Осы тұста Алтайдан шыққан екі үлкен артерия −Бие өзені мен Катунь өзені бір-бірімен қосылып, Обь өзенін құрайды екен. Ал Обь өзені Ресейдің ішкі аймағына қарай сұғынып барып біздің Ертіспен қосылып кететіні тағы бар. Осынау ұлы дариялар бастау алатын Алтай тауы шынымен де адамзат өркениетінің бесігі деуге әбден лайық. Бие мен Катунь өзендерінің салаларын құрайтын Таулы Алтай мен Алтай өлкесі бізді өзінің жап-жасыл жазирасымен баурап алды. Жері түгел дерлік қара топырақты, ылғалды, әрі орман-тоғайлы осынау өлке шаруашылыққа өте қолайлы екен. Ауылдар мен қала, қалашықтардың тұрғындары қара топырақты бау-бақшаларын баптап, жайбарақат өмір сүріп жатыпты. Жол-жөнекей күн еңкейіп қалғанда Сростки ауылына аялдап, осындағы Василий Шукшиннің мұражайына да кіріп шықтық. Мұнда әйгілі жазушының Алтайға арналған көптеген шығармалары дүниеге келген болатын.
Мұражайдан жайырақ аттанған біз Алтай өлкесі Алтай ауданының Катунь ауылына қонаға келдік. Кешкісін сам жамырағанда буырқана аққан қасиетті Катунь өзенін жағалай келіп, көпірден өтіп, жота басындағы «Ай» қонақүйіне орналастық. Бұл Таулы Алтай республикасының орталығы Таулы Алтай қаласына тиіп тұрған жер екен. Бір қызығы, Таулы Алтай республикасы мен Алтай өлкесінің арасын Катунь өзені ғана бөліп, біз өзеннің Алтай өлкесі жағындағы туристік базада қонақтаппыз. Өзеннің арғы жағы Таулы Алтай Республикасы. Орманды Алтайдың ит тұмсығы өтпейтін жыныстарын бүркенген жон таулары да осы тұстан басталады екен. Таулы Алтайға келсек, бүгінде ол Ресей Федерациясының құрамындағы ұлттық-мемлекеттік құрылым. Онда алтайлықтар (телеңгіттер), орыстар, қазақтар, украиндар мен немістер тұрады. Орталығы – Таулы Алтай қаласы. Республика солтүстік-батыста Алтай өлкесімен, оңтүстік-батыста – Қазақстанмен, оңтүстікте – Қытай және Моңғолиямен, шығыста – Тыва және Хакасия республикаларымен, солтүстік-шығыста Кемеров облысымен шекараласады.
Ертемен біздің автокеруен «Ай» көпірі арқылы Катунь өзенінен қайта өтіп, Таулы-Алтай қаласына құладық. Қала Алтай тауының солтүстік-батыс мүйісіндегі аласа таулы орманды адырлар мен Ұлал-ұшки мен Майма өзендерінің өзара қосылып, Қатун өзеніне құятын сағасына орналасқан. 2014 жылғы мәлімет бойынша қала тұрғындарының саны 64,4 мың болып, бүгінде ұдайы өсу үрдісі байқалуда. Орыстар қала тұрғындарының 60%-ын,алтайлықтар тұрғылықты тұрғын бола тұра 30-35 %-ын, ал қазақтар 5% -ды құрайды екен. Осында біздің экспедицияны Таулы Алтай республикасының басшылары күтіп алды. Әңгіме барысында тараптар мәдени-рухани байланыстарды тереңдетіп, алтайтану бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізу, Алтайдың түркі-моңғол халықтары тарихындағы орны мен рөлін дүниежүзіне насихаттау бойынша пікір алмасты. Қаладағы «Эл музейі» Таулы Алтай халықтарының, әсіресе, осындағы телеңгіттердің ерте заманнан қазірге дейінгі тарихы мен мәдениетінен сыр шертеді. Онда қола, темір дәуірі ескерткіштерінен бастап, ғұн, түркі дәуірінің жәдігерлері, Ресейдің Қытаймен шекарасындағы биік таулы алқаптан табылған Үкек ханшайымының мумияланған мүрдесі сақталған.
Түске қарай біздің автокеруен теп-тегіс Шүй трассасымен Алтай тауының ен қойнауларына қарай сүңгіп кетті. 1935 жылдан бастап неше мәрте жөндеуден өткен Шүй трассасы Таулы Алтай мен Барнаул, Новосібір қалаларын Моңғолиямен тұтастыратын бірден-бір халықаралық қатынас дәлізі болып келеді. Оны жасап шығу үшін де қаншама күш-қуат кеткені көрініп тұр. Таулы, орманды, өзен-сулы алқапқа қызыға көз салып келе жатып, Алла тағаланың өз кезінде Ресей империясының уысына осыншама бай өлкені қалай сыйлай салғанына қайран қаласың. Сыйлай салды деген айтарға ғана. XVI ғасырдан бастап бас көтерген Ресей империясы Сібір халықтарын ығыстыра, шығысқа қарай жылжи кеңейіп отырды. Әйтпесе, бұл өлке алтайлық ареалға кең тараған түркі халықтарының мекені болған.
2010 жылғы бүкілресейлік санақ нәтижесі бойынша аталған елде 647 мың 732 қазақ тұрған екен. Солардың ішінде 13 мыңға жуық қандасымыз Алтай республикасын, 8 мың қандасымыз Алтай өлкесін мекендеген. Жиыны – 20 мыңнан астам қазақ. Және олардың негізгі бөлігі тарихи атақоныстарында отыр деуге болады.
Таулы Алтай қаласынан Қатун өзенін бойлап 200 шақырымдай жүргеннен кейін Оңғұдай елді мекеніне жақындап келіп, орман арасында түстендік. Су жағасында қазан асып, тамақ пісіріп, түтін иісіне жырғап қалдық. Балалық шақта үлкендердің көшіп келе жатып далада дамылдап, көлік белін көтеретін кездері есімізге түсті. Алтайдың найзағайлы жаңбыры төбемізге таяп келгенше, біз де тамақтанып үлгеріп атқа қондық.
Алдымызда – қазақтар шоғырлы қоныстанған Қосағаш ауданы. Бұл атау «қатар өскен екі ағаш», «жұп ағаш» деген ұғымға байланысты шықса керек. Жер атының осы мағынасын 1979 жылы О.Т.Молчанова өзінің «Таулы Алтайдың топономикалық сөздігінде» В.Л.Поповтың жолжазбасына сүйеніп, нақтылап көрсетеді. Дегенмен, оның басқа да мағынасы бар деушілер табылады. Себебі, Алтай республикасы аумағына кіретін Орманды Алтайдан ары асып, Моңғолия жеріне, Таулы Алтайға қарай жүрген сайын орман азайып, Қосағаш ауданына кіргенде сап тыйылады. Сондықтан, жолаушылардың енді ары қарай ағаш жоқ, «қош бол, ағаш», «қош, ағаш» деген сөзіне байланысты жер атауы қалыптасқан деседі.
Катунь өзенінің бойымен келіп, оның бір саласы болып табылатын Шүй өзенін өрлеп 180 км жүргеннен кейін көптен армандаған сол Қосағаш ауданына да келіп қалдық. Теңіз деңгейінен 1 800 метр биікте орналасқан аудан орталығына кіре берісте әкім Әуелхан Жатқанбаев өзінің серіктерімен дәм-тұзын ала шығып күтіп тұр екен. Емен-жарқын қауышып, амандық-саулық сұрасқаннан кейін, ол бізді орталықтағы «Расул» қонақүйіне әкеліп түсірді. Бәрі де ойдағыдай. Әсіресе, Астанадан шыққалы менімен бір машинада келе жатқан осы өңірдің тумасы, академик Рахметқажы Берсімбаевтың көңілі көтеріңкі еді. Ағамыз өзінің туған ауылының бұрынғы жылдарға қарағанда едәуір жаңарып, өсіп қалғанына мәз.
Аудандағы экономикалық өсім туралы кешкі басқосуда аудан әкімі Ә.Жатқанбаев жан-жақты айтып өтті. Бұрындары аудан негізінен тек мал шаруашылығымен ғана айналысса, бүгінде өзінің жағрапиялық орналасуына байланысты транзиттік әлеуетін арттырып келеді екен. Ауданда қонақүйлер мен жанармай құю бекеттерінің саны артып, қосымша кәсіп түрлері көбейіпті. Оның үстіне, аудан табиғаты қатал шекаралық аймақта орналасқандықтан, тұрғындардың еңбек ақысы Солтүстік Сібір аймағымен теңестіріліп, жалақыға 90% үстеме қосылатын болыпты. Біз аудан қалашығының солтүстік-шығыс жағында 2014 жылы Ресей президенті В.Путин телекөпір арқылы тұсауын кескен Балахан күн энергия электр стансасының бүгінде толық қуатында жұмыс істеп, ауданды ғана емес көрші Ұлаған, Оңғұдай аудандарын да электр энергиясымен қамтамасыз етіп, әрі артық энергияны саудалаудан түскен қаржы Қосағаш ауданының бюджетіне қомақты пайда әкеліп отырғанына куә болдық.
Басқосуда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Е.Сыдықов Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдығына, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған бұл экспедицияның мақсат-міндеттеріне жан-жақты тоқтала келіп, сапардың басты миссиясының бірі алыста жатқан ағайынға тарихи Отанның сәлемін, ықыласын жеткізу, әрі ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Аудан әкіміне Қазақстан Республикасы Елтаңбасының сый-кәделік нұсқасын және көптеген кітаптарды, Семей студенттерінің Қосағаш жастарына жазған үндеу хатын табыстады.
Бүгінде Қосағаш ауданы мен Моңғолияның Баян-өлгей аймағы, Қытайдың Алтай аймақтары бір-бірімен шекаралас болғандықтан, Қосағаштағы қандастар қазақ тіліндегі радио, теледидар хабарларын тікелей тыңдап, көре алатын жағдайға жетіпті. Тұрғындардың көбі Қазақстанның «Отау-ТВ» құрылғысын орнатып алған. Бұл өз кезегінде олардың мәдени-рухани байланысын күшейтіп, тіл, дін, салт-дәстүрін жоғалтпай, жаңғыртып, байытып отыруларына мол мүмкіндік береді. Қосағашта қазақ тілінде «Шүйдің нұры» атты газет шығады. Бір қуанарлығы, Алтай республикасы мен Алтай өлкесі қазақтарының тіл, дін, салт-дәстүрді сақтауы, 96%-ның ислам дінін ұстануы көңілге қуаныш ұялатады. Қазақтар шоғырлы отыратын ауылдардың көбінде мешіт бар. Соған қарамастан, қандастарымыздың көпшілігін, әсіресе, үлкендерді ана тілдің бүгіні мен болашағы қатты алаңдататын көрінеді. Жалпы, Ресейге қарасты Алтайдағы қазақтардың 90%-ы отбасында, басқа да өзара қатынаста қазақ тілін қолданады. Енді олардың ұрпағы ана тілдерін ұмытпауы үшін Қазақстан өз тарапынан мәдениет, баспасөз, оқу құралдары бойынша қолдауларды көбейте түссе, деген тілектерін білдірді. Бірақ, ауданда қазақ тілінің мәртебесі жоғары екені байқалады. Мәселен, Жаңаауыл мен Төбелер толық қазақ ауылдары болса, аудан орталығы Қосағаш тұрғындарының 70%-ы қазақтар.
Ел-жұртпен болған кездесуден түйгеніміз, осындағы қазақтардың өз ана тілі мен ұлттық дәстүрлерін сақтап қалуда ата-бабаларымыз мың жылдан астам ұстанып келе жатқан ислам діні айрықша рөл атқарған. Соңғы жылдары отбасын құрған жастардың шариғат жолымен некесін қию және дүниеге келген нәрестеге азан шақырып ат қою дәстүрі қайта жандана бастапты. Жастар қазір көбіне-көп өз балаларына мұсылманша есімдерді қояды екен.
Біздің қаныққан мәліметіміз бойынша, бүгінде Таулы Алтай өңірінде жалпы 8 мешіт болса, Қосағаш, Жаңаауыл, Төбелер, Қошанты, Жазотыр ауылдарында соның 5-і және 1 намазхана жұмыс істейді. Қазір мешітке жастар көп барады. Жұма намазда Қосағашта 200-ден астам, ал өзге ауылдарда 50 шақты адам жиналады екен. Жалпы, бұл өңірде діни сенім жағынан мұсылман мен христиан діндерінен бөлек иегова куәгерлері мен тәңіршілдікті ұстанатын алтайлықтар өмір сүреді. Жол бойынан үйілген тастарды және жыртылған мата байланған ағаштарды көптеп кездестіруге болады. Бұл алтайлықтарға және жалпы түркі-моңғол халықтарына ортақ салт-ғұрыптың бір түрі болып табылады.
Көші-қон жайына келсек, қандастардың көбі өз атамекендерінде отыра бергенді қалайтыны байқалады. Тарихи Отанға оралу бүгінде әркімнің өз құқы. Дегенмен, осы арада бір қайшылықты ұғымның шекесі қылаң береді. Қосағаш қазақтары ешқашан бөгде елдің жерінде отырмыз деп қысылып-қымтырылмайды. Керісінше, бұл да өз жеріміз, ата-бабамыздың қара қонысы дейді. Олардың тек 20%-ы ғана Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлайтын көрінеді. Сондықтан, көшкендерін құшақ жая қабылдап, көшпей қалғандарына мәдени-рухани қолдау беру, олардың өз ана тілін сақтап қалуына көмектесу – біздің басты парызымыз. Арда Алтайдың төрт құбыласы түгел қазақ болып тұрғаны жақсы емес пе.
Қосағаш ауданындағы кездесуде Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазы сынды ақындар атамекен Алтай, түркі төрі және тәуелсіз еліміз туралы жырдан шашу шашса, дарынды әнші Ерлан Рысқали қазақтың дәстүрлі әндерін жүремелете орындап, алыстағы ағайынның ықыласына бөленді.
Одан әрі Жаңаауылдағы қазақтардың және Көгеру ауылындағы телеңгіттердің тарихи-этнографиялық мұражайларын, Балахан күн энергиясы стансасын аралап көрдік. Бір байқағанымыз – осындағы қазақ бауырларымыздың өздерінің салт-дәстүрін, ұлттық болмысын таза сақтап келе жатқаны. Оған біз бас сұққан мұражайдағы көптеген жәдігерлер куә. Жаңаауылдағы мұражай қызметкері Тілеубек Көшерхан бауырымыздың айтуынша, олар мұны өз күштерімен жасақтап, жоқтан бар ғып ұстап отырыпты. Ал бюджеттен қаржыланатын көрші Көгеру ауылындағы телеңгіттердің мұражайының жағдайы бұлардан әлдеқайда жақсы екені байқалады.
Аудан әкімі Әуелхан Жәзитұлының айтуынша, жетіспейтін жағдайлар баршылық. Соған қарамастан, осындағы аз ғана елдің қам-қаракетін жатпай-тұрмай ойлап, мұрнына су жетпей жүргені сезілгендей. Ол бізді аудан орталығынан Жазотырға баратын жол үстіндегі Белтір ауылына да бастап барды. 2003 жылғы қыркүйектегі жер сілкінісі кезінде Ресейдің Төтенше жағдайлар министрі С.Шойгу осында арнайы келіп, қираған ауылды толығымен басқа жаққа көшіріп, жаңадан ауыл салып беріпті. Кемеров облысының губернаторы А.Төлеев те ауылға көмірмен көмектескен екен.
Қосағаш ауданындағы сапарымыз бұдан соң осы ауданға қарасты шекаралық ауыл − Жазотырда жалғасты.
Тұрсынхан ЗӘКЕН,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Ресей Федерациясы
Таулы Алтай өлкесі