• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2016

Азамат

356 рет
көрсетілді

Бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық универ­ситеті қалашығының жобасы сонау жетпісінші жылдардың (ол кезде КазГУград) бас кезінде жа­сал­ған. Сол кезде кеңестік ұлт­­тық республикалар арасында еш­қан­дай баламасы болмаған бұл жар­қын жобаның авторы, сол кездегі Қазақ мемлекеттік  университетінің ректоры Өмірбек Жолдасбеков еді. Ал бұл қалашықта 1975 жылы пайдалануға берілген тұңғыш нысан журналистика факультетінің жатақханасы болатын. КазГУ-дің қалашығы кейін өзге факультеттердің жатақ­ха­на­ларымен және оқу ғима­рат­тары­мен толыға түсті. Жетпісінші-сек­сенінші жылдардың жастары мен студенттері мамандықтары мен фа­культеттерінің әртүрлі бол­ғаны­на қарамастан, бір-бірімен мидай араласып жататын. Бір-бірімен тез танысып, тез табысатын. Мұн­дай әдет, әсіресе, қала­шық­тағы жатақ­ханада тұратын сту­денттерге көбі­рек тән болатын. Сондай кезде біздің танысып, кейіннен жақсы дос, жолдас бо­лып кеткен замандасымыз – онын­шы жатақханада тұратын заң факультетінің студенті Мақсұтхан Ахметов еді. Сол кезде-ақ тау қозғалса қоз­ғал­майтын, салмақты, орнықты мінезді, дос-жолдастарына деген кеңпейіл көңілі мен достыққа адал­дығы оның адамгершілік бей­несін тұғырландыра түсетінін бай­қай­тынбыз. Қазақ поэзиясының патриархы, марқұм Қадыр Мырза Әлі бір өлеңін былайша өрнектепті: «О бастан-ақ жарат, мейлің, жаратпа, Бал қоссаң да бармайды аузым шарапқа. Сері болып құмартпадым шылымға, Сұлуларға жоқ едім мен бұрын да». Міне, осы Қадекең айт­қандай, Мақсұтхан арақ-шарапқа да, шылымға да әуес болмады. Кері­сінше, ашығын айтқанда, ол кездің студенттері ыңғайы келіп тұрғанда бірер саптыаяқ сыра­ны сіміре салудан бас тартпай­тын. Ол уақытының денін Пушкин кітап­ханасында, қала берді уни­вер­ситеттің спорт залын­да өт­кі­зетін. Ақ тер, көк тер болып ауыр атлети­каның патшасы – зіл темір  көтеру­­мен шұғылданып, спорт­тың бұл түрі бойынша тәп-тәуір нәти­же­ге жеткені де ұмытыла қойған жоқ. Ол бес жыл бойы оныншы жатақ­ханадағы студенттік кеңес­тің тө­рағасы болды. Бесінші мен онын­шы жатақхананың арасы таяқ тастамдай ғана. Екеуінің ара­сын сайға түскендей төменде жат­қан жаяу жол ғана бөліп тұра­тын. Біздің байқағанымыз, ол бұл қоғамдық жұмысында өзін жатақ­ханада тұратындарға сыйлат­тыра білгендігі. Біреумен артық-ауыз сөзге келіп керілдесіп тұрғанын естімеппіз де, көрмеппіз де. Кері­сін­ше заманы бір, жастары қатар­лас жоғары және төменгі курс сту­денттері оның айтқанын жерге тастамайтынына да талай мәрте куә болғанбыз. Қалашықтағы жатақхана­лар­дың секциялық бөлігі екі және үш адамдық орындардан тұра­тын. Олар үшеу еді. Біріншісі – бүгін­гі кейіпкеріміз Мақсұтхан Ахметов, жоғарыда айтылғандай, жатақ­ханадағы сту­дент­тік кеңес­тің төрағасы болса, екіншісі – Сәрсенбай Дәулетов жет­пісінші жылдардың студенттерін тәртіпке бағыттай білген жедел комсомол дружинасының командирі. Осы­нау қоғамдық студенттік құры­лым кезінде ОКД деген атпен кең танымал болды. Үшіншісі – дос-жолдастары арасында әзіл-қал­жыңы жарасқан, көңілі қашанда ашық-жарқын, кім-кімді де жа­тырқамай бауырына тарта біле­тін болашақ заңгер Бақтияр Бай­мурзин болатын. Ол өзін төраға мен командирдің ортасындағы «жайын жаспын» деп атайтын. Бізді Көкшетаудың сырбаз жігіті Мақсұтханмен таныстырған да осы оралдық жігіт Бақтияр еді. Мақсұтхан Ахметовтың бо­йын­дағы тапсырылған іске деген жауап­кершілік, өзінің болашақ ма­ма­ндығына деген адалдық, табан­дылық пен тындырымдылық, айтқ­ан сөзінде тұра білу секілді биік адамгершілік қасиеттер сту­дент­тік кезде толық қалыптасып үл­гер­ген. 1982 жылы Қазақ мемлекеттік  уни­вер­­­си­те­тінің заң факультетін аяқ­­т­а­ған­нан кейін ол жас маман ретін­де өзінің «Кербез сұлу – Көк­ше­тауына» қарай бағыт алды. Ол мұнда прокуратура, сот органдары­на қызметке орналасқаннан кейін өз мамандығын қолдың бес сауса­ғын­дай жетік меңгерген, кәсі­би дең­гейі терең, біліктілігі жоға­ры заң­гер ретінде көрсете білге­нін, үз­дік судья атанғанын естіп жүрдік. Мақсұтханның жетістіктеріне өз жетістігіміздей қуандық. Ол Шортанды аудандық сотының төрағасы болып тағайындалған кезде құттықтап, шынайы дос­тық көңіліміз бен пейілімізді білдірдік. Ол бұған балаша қуанып, ри­за­шылығын жеткізді. Мақсұтхан Сәлімұлы бүгінде Ақмола облы­сындағы Степногорск қалалық соты­ның төрағасы қызметін абы­роймен атқарып жүр. Ол қай кез­де де, қандай жағдайда да аза­маттық биіктен аласарып көрген жоқ. Кербез сұлу Көкше­тау­дың табиғаты тамаша, атауы да айы­рықша Көрнекті деген ауы­лында туып-өскен, бір кезде­гі сту­денттік дос бүгінгі күні респуб­ли­ка­мыз­дағы сот жүйесінің белді бір өкілі. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы Суретте: Мақсұтхан Ахметов