Бейбіт саясатымыз танылған шақ
Мұхиттың арғы бетінен қуанышты хабар естіп отырмыз. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде Қазақстан осы беделді халықаралық ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне екі жылға мүшелікке сайланды. Мұны тәуелсіздігін алғанына 25 жыл ғана болған жас ел үшін биік мәртебе деп білеміз. Дауыс беруші мемлекеттердің басым көпшілігі Қазақстан үшін қол көтерген. Бұл Қазақстанның бейбітшілікті пір тұтатын сыртқы саясатын бүкіл әлемнің мойындағанының тағы бір дәлелі екені анық. Қауіпсіздік Кеңеске Қазақстанның Орталық Азиядан мүше болып сайланған бірінші ел екені, елдің де, Елбасының да тұлғасының әлем жұрты алдында жоталана түскені көңілге мақтаныш ұялатады. Ақпарат тасқындаған бүгінгідей күрделі уақытта дүниежүзіндегі алпауыт елдердің Қазақстанды бұлай мойындауы олар бізде бейбітшілік үшін жасалған ұлан-ғайыр жұмыстардан хабардар деген сөз. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қарусыздану, ядролық қаруды таратпау бағытында талмай жүргізіп келе жатқан жігерлі жұмыстарын әлемнің тыныштықты жақтаған жұрты тарапынан да мойындала бастады десек, артық айтқанымыз емес. Алдымен, тәуелсіздігін енді алып, саяси сахнаға көтерілген ел ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Семей полигонын жапты. Мұндай қадамға барған елді әлемнен табу қиын. Сонымен қатар, Елбасы мемлекеттер басшыларының, ірі қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың халықаралық бас қосуында әлемді ядролық қарудан тазарту жөнінде айтып келеді. Арысын айтпағанда, осы көктемде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен Ядролық қарусыздану жөніндегі ІV саммитте Американың саяси және қоғам қайраткерлері, әскери ұйымдар басшылары алдында сөз сөйлеп, өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін мәлім етті. Ядролық қарудың зардабын әлем жұрты түсінетіндей уақыт жетті. Өткен ғасырдың 40-жылдарының ішінде Жапонияға тасталған атом бомбасынан, өзіміздегі Семей полигонындағы жерасты ядролық сынақтарынан болған қасіреттің ізі әлі білінеді. Қазір әлемнің бірсыпыра елдеріндегі террорлық жарылыстардан қаншама бейбіт тұрғындар зардап шегіп отыр. Терроршылар адамдарды баудай түсіріп, қырып-жоюда. Ешқандай кінәсіз адамдар өмірге осындай содырлықтың құрбаны болуы үшін келмейді. Әр адам Жаратқанның игілігімен өмір сүріп, ұрпақ өсіріп, өркениет жасауды мақсат тұтады. Тек бейбіт уақытта ғана адам алаңсыз өмір сүреді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше ретінде алдағы уақытта Қазақстан бейбітшілікке халықаралық деңгейде атсалысатын болады. Ядролық қарусыздану жөніндегі ІV саммитте сөйлеген сөзінде ядролық қарудың қазір әлемді алаңдатып отырғандығын, сондықтан оның содырлар қолына түсіп қалмауын ескерткен болатын. Ядролық қарудан, атом жарылысынан келген зардапты әлем тарихы біледі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдар үшін мүшелікке қабылдануы – Елбасының бейбітшілік үшін жүргізіп келе жатқан жұмысының қайтарымы десе де болады. Тілеген АХМЕТОВ, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие және әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры, профессор ҚОСТАНАЙБедел беки түсті
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарында бейбітшілік пен тыныштықтың тұғырын бекіткен ел ретінде әлемге танылып келеді. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемендіктің елең-алаңында ұстанған сарабдал саясатының жемісі екені сөзсіз. Бейбіт өмір сүрудің қазақстандық жолын айқындаған Мемлекет басшысы мемлекетаралық мәмілегерліктің ұлағатты ұстанымын қалыптастырып, әлемдік аренада игілікті істерге ұйытқы бола білді. Өміршең бастамалардың бастауында болып, дүниежүзілік қауіпсіздіктің қабырғалы мәселелерінде өзіндік тың идеяларымен көрінді. Қашанда бейбіт өмір мен тыныш қоғамдық дамудың бастамашысы болып келе жатқан Қазақстанның Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайланғаны туралы хабарды қуана қарсы алдық. Бұл туралы үстіміздегі жылғы 28 маусымда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің қорытындысында мәлім болды. Қараңыз, тәуелсіздігін алғанына небәрі 25 жыл толғалы отырған Қазақстанның кандидатурасын дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекеттің қолдауы біздің еліміздің әлем алдындағы биік беделі мен бедерін көрсетеді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мемлекеттен құралатынын, ал оның бесеуінің – Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Францияның тұрақты мүшелік мәртебесі бар екенін, оның екі жылдық мерзімге бес өңірлік топтардың атынан сайланатынын ескерсек, Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы беделінің жоғары екенін айқын аңғаруға әбден болады. Қазақстан 2017 жылдың басынан Азия мемлекеттері арасынан Малайзияны алмастырады. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың «Бұл Қазақстанның және Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі биік беделінің, оның жаһандық және өңірлік мәселелерді реттеуге, ядролық қарусыздану және таратпау мәселелерін ілгерілетуге қосқан бірегей үлесінің жарқын көрінісі», деп бағалауы да сондықтан. Қазір әлем тынышсыз бола бастады. Жер-жерде лаңкестік оқиғалар орын алуда, әлемдік соғыс өртінің тұтанып кету қаупі байқалады. Бұл әркімді, соның ішінде бүкіл бір елдің тізгінін ұстаған, халықтың жауапкершілігін мойнына алған мемлекет басшыларының қаперінде болуы керектігін Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ұдайы еске салып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының ядролық қарудан бас тарту, оны бейбіт мақсатқа пайдалану туралы ойлары өміршең идея, адамзат үшін қауіпсіздіктің кепілі екені сөзсіз. Күллі әлем жұртшылығы бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық оқиғалардың куәсі болуда. Еуропаға толассыз ағылған босқындар легі, Сириядағы жүздеген мың адамдар құрбандығына соқтырған сұрапыл соғыс, Түркияда, Бельгияда, Пәкістан және басқа мемлекеттерде болып жатқан лаңкестік әрекеттер ойландырары сөзсіз. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан, оның тізгінін тәуелсіздік алғаннан бері мығым ұстап келе жатқан Елбасы Н.Назарбаев бейбіт қатар өмір сүрудің жолдарын ұсынып, әлемді ұдайы бейбітшілікке шақырып келеді. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы біздің мемлекетіміздің бейбітшілік сүйгіш сыртқы және ішкі саясатының халықаралық қоғамдастықта жоғары бағаланатынының нақты дәлелі болды деу орынды. БҰҰ Жарғысы бойынша жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілеттенген ең маңызды саяси органның құрамына Орталық Азия мемлекеттері арасында тарихта бірінші болып Қазақстанның сайлануы біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Бұл барша қазақстандықтар үшін маңызды тарихи оқиға, есте қалар сәт дегім келеді. Келдібай ЕСПАҒАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және келісім кеңесі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасыҮлгі
Қазақстанның алыстағы алып шаһар – Нью-Йорк төрінде, БҰҰ шеңберінде топ жаруы – туған еліміздің төл тарихында қалатын сәт. БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен жиын соңында Қазақстанның аталмыш ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға уақытша мүше болып сайланғанын жариялады. Орталық Азия мемлекеттері арасынан ең бірінші болып биік орыннан көріну – еліміз үшін өз алдына бөлек бедел. Ал, ол мәртебе жайдан-жай келе салған жоқ. Әлем мемлекеттерінің бізді қолдап дауыс беру нәтижесінде жеңіске жетіп, бәсекелестерден басым түстік. Дауыс беру құқығына ие 140-қа жуық мемлекеттің Қазақстанды лайық көргендігі, шындығында қуанарлық жайт. Ал еліміздің бәсекелесі Таиланд Корольдігінің еншісіне бар болғаны 50 дауыс тиген екен. Бұл жеңіске Қазақстандағы бейбіт өмір, сан ұлттардың өзара бірлікте тағдыр кешуі, ядролық қарусыздану жолындағы тың бастамалары мен жер-жаһанда бейбітшілік мәселесін басты орынға қоюға үлес қосуға талпынысы себепкер болды дей аламын. Мен Қазақстанда өмір сүруші және осы елдің азаматы ретінде еліміздегі мамыражай тұрмысты жоғары бағалаймын, әрі оны ешқашан көлеңке шалмауына мүдделімін. Сол себепті біздің еліміздегі бейбітшілік бағытындағы ұстаным мен үлгі өзгелерге сабақ болар жөні бар деп ойлаймын. Ақмарал ЗЕЙІЛОВА, Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының директоры Маңғыстау облысыҰлттық рухтың күші
Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүше болып сайланғанын ел газеті «Егеменнен» оқып қатты қуандық. Шыны керек, біз спортшылар әлемдік деңгейде ел мерейін көтеру, көк байрақты желбірету секілді құндылықтарды жақсы түсінеміз. Спорттың қандай да бір түрінен облыстық жарыста топ жарған жан республикалық бәсекеде жұлдызы жанып құрлықаралық, тіпті әлемдік жарыста чемпион болуды армандайды. Сол арманының уақытын белгілеп алдына мақсат етіп қояды. Нәтижесінде ұлттық рухтан бойына алапат күш алып, маңдайы жарқырап тұрады. Еліміздің саяси аренада биікке көтерілгенін қазақы жалпақ тілмен осылай да түсінуге болатын шығар. Құдайға шүкір, Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында еліміздің мерейі артты. Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүшелікке үміткер болған Қазақстан үшін 28 маусым күні 138 мемлекеттің жақтап дауыс бергенін қалай мақтанып айтсақ та артық болмайды. Себебі, БҰҰ Жарғысы бойынша жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілеттенген ең маңызды саяси органның құрамына ену оңай емес. Біле білсек, біздің еліміз Орталық Азия тарихында бірінші болып осындай үлкен сенімге ие болып отыр. Дәл осы сәтте менің ойыма Елбасының Қазақстанды Азия барысына теңегені түседі. Сондықтан біз жетісулықтар мұны да жақсылықтың белгісі деп санаймыз. Өйткені, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаттағы беделінің биік те мығым екенін мына қуаныш растап отыр. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында ел қуанышына қуаныш қосылып, ең бастысы айрандай ұйып отырған еліміздің қауіпсіздігі берік сақталған үстіне сақтала түскеніне тағы бір мәрте көзіміз жете түсті. Тұратбек ШАРАПИЕВ, Алматы облыстық дене- шынықтыру және спорт басқармасының басшысы ТАЛДЫҚОРҒАНІргелі жұрт екенімізді тағы бір дәлелдедік
Жандар КӘРІБАЕВ, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланғанын, Бас Ассамблеяда өткен дауыс беру кезінде Қазақстан 138 мемлекеттің қолдауына ие болғанын естіп, қуаныштан мерейіміз тасып, мәртебеміз артып отыр. Мұны сындарлы саясатта даңғыл жол сала білген Елбасымыздың ерен еңбегімен келген барша еліміздің жеңісі, жетістігі деп ұққанымыз абзал. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған отандық дипломатияның жемісті жұмысының нәтижесінде осындай биікті бағындырып отырмыз. Бұл тарихи оқиға бүкіл әлем таныған сыртқы саясаты сындарлы ел екенімізді тағы бір дәлелдеп берді. Бұл жетістікке жету жолында қазақстандық дипломаттар корпусы, қоғам қайраткерлері аянбай еңбек етіп, өлшеусіз үлестерін қоса білді. Сондықтан да, ел болып айтулы оқиғаның бағасын біліп, мерейлі жауапкершілігін сезінгеніміз ләзім. Иә, сан зұлматтан аман шыққан ұлтымыз бүгінгі күні арайлап атқан азат таңын көріп отыр. Ел болып, керегемізді кеңге жайып, көрші мемлекеттермен тереземізді теңестірдік. Айналасы ширек ғасырдың ішінде мемлекетіміздің жаңа астанасын әлемге паш еттік. ЕҚЫҰ-ға төраға болып сайландық, Сарыарқа төсінде саммит өткізіп, әлемдегі беделіміздің қандай екенін анықтадық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретінде маңызды рөл атқара отырып, Орталық Азиядағы даму мен тұрақтылыққа өз үлесін қосты. Халықаралық қоғамдастық ядролық қаруды таратпау және тұрақты даму ісіне қосқан еліміздің үлесін мойындады. Бүгінде әлемде дамудың баламалы идеяларына деген зор сұраныс бар. Осы тұрғыдан алғанда Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік мәні бар бастамалардың қуатты генераторына айналып қана қоймай, тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытып, беделін өсіріп келеді. «Қазақстанның бүгінгі жоғары халықаралық беделі – бұл ішкі жетістіктеріміздің, дәйекті бейбітсүйгіш саясатымыздың, сондай-ақ ядролық қарудан бас тарту, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік діндер лидерлерінің съездерін өткізу, Тәжікстандағы, Ауғанстандағы, Ирактағы антитеррорлық күреске және бітімгершілік миссияларға қатысу секілді ірі халықаралық бастамалардың тікелей нәтижесі» деп Елбасымыз айтқандай, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланғанымыз еркіндіксүйгіш егемен еліміздің тарихындағы көңіл марқаяр толайым табыстарымыздың жарқын көрінісі екендігі даусыз. ТАРАЗБәріміз үшін тарихи жеңіс
Кейінгі жылдары жер шары аса мазасызданып кетті. Террористік актілер күтпеген жерлерден бұрқ ете қалады. Жақында ғана Ыстанбұл әуежайында болған жарылыс лаңкестерде адамдық қасиет, Отан деген ұғым жоқтығын көрсетті. Планетамыздың ізгі ойлы адамдарына мыңдаған халықты қайғының көз жасына суаратын қанқұйлы соғыс емес, бейбіт өмір керек. Біздің Қазақстанымыз осы мақсатқа қызмет етіп келеді. Өз басым БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болу жолында 138 мемлекеттің Қазақстан пайдасына дауыс беруін бейбітшілікті сақтауға берілген дауыс деп қабылдаймын. Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына тұрақты емес мүше болуы – тарихи жеңіс. Еліміздің, Елбасының жеңісі. Біздің еліміз – Орталық Азиядағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына сайланған тұңғыш мемлекет. Бұл жеңіске жету жолында Қазақ елі көп еңбектенді. Жағымды жаңалықты өңірдегі түрлі ұлттар мен ұлыс өкілдері де қуана қабылдады. Қазақстан – ядролық қарудан саналы түрде бас тартқан бірден-бір мемлекет. Қырып-жоюға бағытталған қаржы соғыс өртін тұтатуға емес, бейбіт мақсатқа жұмсалуы керек. Біздің Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік саясат аренасында осындай ізгі ниет, биік парасатымен айдынданып тұр. Бұл – еліміздің де, Елбасымыздың да жеңісі. Ол бейбітшілік жолында қыруар жұмыстар жасап жатыр. Хасан БАЦИЕВ, «Вайнах» чешен- ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысыҚуанышпен қабылдадық
Қазақстандықтар еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын үлкен қуанышпен қабылдады. Бұл – баршамыздың жүрегімізді жылытқан жағымды жаңалық болды. БҰҰ Бас Ассамблеясында Қазақ елі 138 дауыс жинап, Тайландтың алдына шықты. Жалпы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлану – тарихи оқиға. Аталған Қауіпсіздік Кеңесі әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін, халықаралық қақтығыстарға соқтыруы ықтимал кез келген дау-шарды зерттеуге өкілетті ұйым. Қауіпсіздік пен бейбітшілікті қолдау бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі құқық бұзушы мемлекеттерге қарсы санкцияларды анықтаумен де айналысады. Сондықтан Қазақстанның кеңеске тұрақты емес мүше болып енуі тарихи жетістік. Бұл – ертедегі Төле би, Қазыбек би, хакім Абайлардың түйінді сөздері мен толғақты ойларынан бастап, Алаш қайраткерлерінің саяси қызметтерімен жалғасқан, тамырын тереңнен алатын еліміздің дипломатиялық қызметіне берілген биік баға. 2017-2018 жылдарға Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке сайлануын еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлемге бейбітшілікті насихаттаған ауқымды жұмысының нәтижесі деп білемін. Яғни, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан 25 жыл ішіндегі саяси шешімдердің әлемдік қауымдастық алдындағы бір қорытындысы. Сондай-ақ, Елбасының адамзат қасіретінің ошағына айналған Семей полигонын жабу және Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тарту жөніндегі тарихи шешімінің нәтижесі деуге де болады. Мемлекет басшысы еліміздің аталған миссия аясында былтыр БҰҰ сессиясында жариялаған «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесін ілгерілетуге ілкімді жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Бұл да шын мәнінде ұлт болып толысқандығымыздың белгісі. Қазақстанның қарапайым азаматы ретінде тарих үшін осындай қысқа, қас-қағым уақытта еліміздің әлемнің дамыған алып мемлекеттерімен бір сатыда тұруға қол жеткізгеніне мақтанамын. Мұрат ХАМЗИН, ардагер кенші, зейнеткер СЕМЕЙӘлемдік қоғамдастықтың селкеусіз сенімі
Қазақстанның әлемдік қоғамдастық арасындағы әр қадамы үлкен істерден үміттендіреді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға сапары кезінде жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялағаны да күні кеше сияқты еді. Сол манифестегі бейбітшілік пен қарусыздануға бағытталған баянды бастамаларының жалғасындай Қазақстан Республикасының Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайлануы егемен еліміздің еңсесін көтеріп тастады. Бұл барша қазақстандықтар үшін қуанышты да тарихи оқиға болды. БҰҰ-дағы дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекеттің Қазақстанның кандидатурасын қолдауы еліміздің әлемдік саяси аренадағы салмағын арттыра түседі. Мұның өзі бейбітқатар өмір сүру саясатын ұстана отырып, тыныштықтың тұғырын бекітетін баянды бастамалар жасап келе жатқан Елбасының салиқалы саясатының арқасы. Еліміз егемендік алғаннан бергі уақытта алдына үлкен мақсаттар қойып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың әлемдегі отыз дамыған мемлекеттің қатарынан көрінуге талпынуы құр айтыла салған сөз емес. Мемлекет басшысы «Бес институттық реформа» 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында бұған қалай жетудің жолдарын айқындап, нақтылап берді. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында да дамуға бағыт ұстап отырған елімізде оған берік негіз бар. Дүние жүзіндегі ең салиқалы саяси органға кіруі, 15 мемлекеттен құралған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне еркін енуі Қазақстанның әлемдік саясаттағы орны айрықша екенін көрсетсе керек. Жанымызға жағымды жақсылық хабармен іле-шала Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Үндеуі жарияланды. Мемлекет басшысының Үндеуде «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлану – бүкіл Қазақстан халқының еңбек сіңірген табысы. Бұл – ұлт толысқандығының көрсеткіші. Біз бейбітшілік пен ынтымақтастықтың ортақ құндылықтарын ілгерілетуге қабілетті жауапкершілікті мемлекет ретінде өздерінің дауыстарын Қазақстанның кандидатурасына берген барлық елге ризашылығымызды білдіреміз. Біздің республикамыз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі өкілеттілігін қамтамасыз ету жөніндегі құрметті миссиясын лайықты орындайтынына сенімдімін» деуі де сондықтан. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқан, бейбіт бастамаларға ұдайы ұйытқы болып келе жатқанын әлем таныды. Бұл ақиқаттан ешкім де аттай алмайды. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілікті нығайтуға бағытталған сарабдал саясаты мен ұлағатты ұстанымдарының арқасы деу орынды. Қасымжан БАЙСАДАҚОВ, Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ақтөбе облысыБәріміз үшін тарихи жеңіс
Кейінгі жылдары жер шары аса мазасызданып кетті. Террористік актілер күтпеген жерлерден бұрқ ете қалады. Жақында ғана Ыстанбұл әуежайында болған жарылыс лаңкестерде адамдық қасиет, Отан деген ұғым жоқтығын көрсетті. Планетамыздың ізгі ойлы адамдарына мыңдаған халықты қайғының көз жасына суаратын қанқұйлы соғыс емес, бейбіт өмір керек. Біздің Қазақстанымыз осы мақсатқа қызмет етіп келеді. Өз басым БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болу жолында 138 мемлекеттің Қазақстан пайдасына дауыс беруін бейбітшілікті сақтауға берілген дауыс деп қабылдаймын. Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына тұрақты емес мүше болуы – тарихи жеңіс. Еліміздің, Елбасының жеңісі. Біздің еліміз – Орталық Азиядағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына сайланған тұңғыш мемлекет. Бұл жеңіске жету жолында Қазақ елі көп еңбектенді. Жағымды жаңалықты өңірдегі түрлі ұлттар мен ұлыс өкілдері де қуана қабылдады. Қазақстан – ядролық қарудан саналы түрде бас тартқан бірден-бір мемлекет. Қырып-жоюға бағытталған қаржы соғыс өртін тұтатуға емес, бейбіт мақсатқа жұмсалуы керек. Біздің Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік саясат аренасында осындай ізгі ниет, биік парасатымен айдынданып тұр. Бұл – еліміздің де, Елбасымыздың да жеңісі. Ол бейбітшілік жолында қыруар жұмыстар жасап жатыр. Хасан БАЦИЕВ, «Вайнах» чешен- ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысыШаттық кернеген сәт
Әрине, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қызметіне қатысу – еліміздің халықаралық дәрежедегі беделі. Жалпы, бұған дейін Орталық Азиядағы ешбір ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланып көрмеген. Енді еліміздің Азия атынан мүше болуы ерекше құрмет, мақтаныш қой. Ал, бұған себеп болған алғышарттардың бірі АҚШ-тағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммитте жарияланған Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ-ның ресми құжатына айналуы дер едім. Яғни, Елбасы манифесінің ықпалы зор, аса маңызды болғаны. Бұған дейін еліміз ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешім қабылдады. Осы тұста Елбасының да халықаралық алаңдағы тұлғасы айқын, анық көрінді. Енді міне, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында еліміз үшін мақтанатын маңызды шешім өмірге келді. Мұны ішкі және сыртқы саясаттағы үлкен табысымыз деп түсінемін. Бұл Мемлекет басшысының жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті тақырыптары бойынша 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінде сөйлеген сөздерінің, биыл Ядролық қарусызданудың жаһандық саммитінде айтылған соңғы бастамаларының нәтижесі екені сөзсіз. Бұл шешім қауіпсіздік саласындағы жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға, жалпы, Орталық Азия өңірінің мәселелерін халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Серік КӘРІМ, журналист, аудандық «Аққу үн» газетінің қызметкері Павлодар облысы, Лебяжі ауданы