• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2016

Қарасорадан қағаз өндіріледі

433 рет
көрсетілді

Қарасора десең жұрттың есі­не сау адамның өзін есірік халге түсіретін есірткі түсері кә­дік. Оның кей­бір тү­рінің құрамында есірткі болмай­тындығын екінің бірі және біле бермейді. «Оңтүстік» арнайы эко­но­ми­калық аймағы маңында жай­қалып өсіп тұрған 20 гектар қарасорадан кәдімгі қағаз дайындалады. «Kagaz Shahary SEZ» серік­тестігі нарықтағы орнын табу үшін қағаз өндірісіне керек шикізатты алды Қытай, соңы Ресей, сонау Финляндиядан да тасып көріпті. Офистік техникаларға керек қа­ғаздар осындай қиындықтармен дайындалып келген. Алайда, шетелден арбалап тасып шығынға түскеннен өз еліңнен дорбалап тасудың қандай мүмкіндіктері бар, соны зерттеп көрген. Оңтүстіктің іскер жігіттері кәдімгі мақтаның қозапаясынан, Сыр­дың жағасын теңіздей тер­бетіп тұратын нар қамыстан өнді­ріске қажетті құрылыс ма­териал­дарын жасап жатыр. Олар­дан қағаз өнімін жасаудың ма­ша­қатынан бөлек өзіндік қиын­дықтары көп. Бәрін екшеп ойласа келе техникалық қарасораға тоқтаған. – Біз қағаз өндірісіне қозапая, қамыстан бөлек бидай сабанын да пайдаланып көрдік, – дей­ді «Kagaz Shahary SEZ» серік­тестігі директорының орынба­са­ры Бауыржан Манатов. – Олар біз күткендегідей нәтиже берме­геннен кейін қарасораны көрдік. Оның құрамында 72 па­йыз жабысқыш, иілгіш целлю­лоза бар. Ал, ол мақтада 48 пайыз, ағашта 24 пайыз ғана. Тех­ни­ка­лық қарасораның тұқымын Украи­на­дан әкелдік. Егер ол жерсініп кетсе, егіс көлемі ұлғайтылады. Қарасораның өндіріс орындары шоғырланған «Оңтүстік» АЭА жанында өсірілуіне келсек, мұнда мақта кластері мен тоқыма өндірісі жұмыс жасайды. Ал, құрамында есірткісі жоқ қара­сораңыздан өндіріске қа­жет­ті 25 мың түрлі зат алуға болады. Яғни, қай жағынан да ұтыл­майсыз. Дәрі-дәрмек шығаруға да пайдаланасыз, мал бордақылауға да жарамды. Тоқыма өндірісінен бөлек тағам жасауға да қажетті қоспалар алынады. Шикізатты шетелден әкелу қай кәсіпорынға болса да өте тиімсіз. Қайта-қайта жалаулатып ашылған «Азия-Керамикс» зауыты да қажетті шикізат шетелден тасымалданғандықтан тұралап тынған-ды. Қағаз өндірісінің еліміз үшін өте қажеттігі дау тудырмайды. Іскер жігіттер осы­ның бәрін жеті өлшеп, бір кесіп отыр. Бүгінде белуардан асқан қарасора өсе келе биіктігі төрт метрге дейін жетеді екен. Шауып ал да өндіріске сал. Қай салаға да жарай беретіндігін айттық. Ебін тапқанға амал көп қой. Бір жігіт балық өсіретін тоған салмақ болып, тәжірибе алмаққа Қытайға барыпты. Келген соң: «Қалай екен?» деп сұрағандарға: «Қытайда балық жүзбейді екен», депті. «Қалайша?» деп таңданады ғой бәрі. «Тоғанға сыймағаннан кейін жүзе алмайды да. Бәрі судан басын шығарып демалып тұрады екен». Сәл әзіл қосылса да, астарында шындығы бар. Адамы құмырсқадан да көп Қы­тайдың өндірістік қуаты да жой­қын. Мұндайда, ел ақшасы өзге мемлекеттің дәулетіне қызмет етпес үшін өндіріске керектің дені өзіңнен шыққаны жақсы. Қазақтың алдағыны көретін іскер жігіттері тәуекелдің қайы­ғына осылай мінген. Енді олар егістік көлемін молайту есебінен шикізатты көбейтіп зауыт салмақ ниетте. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы