• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2016

Роналду Португалияны финалға шығарды

262 рет
көрсетілді

*Дода Францияда өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатында ең соңғы аккордтар ойнала бастады. Мұнда бұрнағы күні түнде бірінші жартылай финалдық ойын ойналып, Португалия құрамасы Уэльсті 2:0 етіп ұтты. Осылайша екі голды да өзінің лидері Криштиану Роналдудың қатысуымен салған португалдар финалда кездесетін жұптың алғашқы сыңарын құрады. Кұрлық чемпионаты басталар алдында жоғарыда аталған екі терме жа­мағаттың жартылай финалға дейін жетіп, бұл екеуінің бір-бірімен өткел үстінде кездесетіндерін дәл болжаған ешкім бола қоймаған шығар. Қазір тіпті осыған салмақ салған әлдекім табыла қал­са да, оның сөзіне илана салатын жан табыла бермес. Себебі, соған дейін екі командада да чемпионаттың фавориттері болып табылатындай өрнекті ойын көрсете алған жоқ еді. Мамандар солай көп үміт арта қой­маған екі команда жарыстың осы кезеңіне екі түрлі жолмен жетті. Айталық, іріктеу тобында Исландия (1:1), Австрия (0:0) және Венгрия (3:3) құрамаларымен тең ойнап, үшінші орынмен плей-офф кезеңіне шыққан Португалия содан кейін де ойынның негізгі уақытында жеңіске жете алмады. Ол алдымен 1/8 финалда хорваттарды тек овер-таймда ғана ұта алса (1:0), 1/4 финалда поляктармен экстра таймда да итжығыс түсіп (1:1), матч­тан кейінгі пенальти сериясында 5:3 етіп жеңді. Бұған қарағанда, топта жалғыз Англиядан ғана жеңіліп (1:2), Словакия (2:1) мен Ресейді (3:0) тізе бүктірген, 1/8 финалда Солтүстік Ирландиядан (1:0), 1/4 финалда Бельгиядан (3:1) басым түскен Уэльс едәуір әлеуетті көрінді. Бірақ соған қарамастан, 6 шілде күнгі жартылай финалдық шайқаста валлиліктер үшін бәс тіккен адам кездесе қоймады. Сөйте тұра, матч алдында екі құрама сапында ойнайтын Мадридтің «Реал» командасының екі жұлдызы – Криштиану Роналду мен Гарет Бэйлдің текетірестерінің қалай бітетініне ой жү­гіртпеген жанкүйер кемде-кем болды. Ә дегеннен бұл жекпе-жек алдыңғы кезекке шыға келді. Бұл күні Уэльс жасағы са­пынан «сары қағаздары» саны көбейіп кетуі салдарынан Ааорон Ремзидің алаңға шыға алмай қалуына байланысты Гареттің мойнына артылатын жүк едәуір артты. Қорғаныстың ортаңғы шебінде жарақаты салдарынан алаңға шыға алмаған Бен Дэвисті Джеймс Коллинз алмастырды. Ал португалдар құрамында тап осындай себеппен Вилльям Карвалью шет қалды. Дегенмен, Фернанду Сантушке жарақаты бар қорғаушы Пепенің ойынға қосыла алмауы бәрінен қатты батты. Лион көрермендері матчтың басынан барынша сақ қимылды футболды көрді. Екі жақ футболшылары ойын шептерінің бірін ашып алудан айрықша абай болды. Себебі, мұндайда жіберген қателіктің құны қымбатқа түсетін еді. Мұндай сақтық швед төрешісі Юнас Эрикссонге де бірден әсер еткен сияқты. Ол сондықтан 10-минутта Уэльс қақпасына белгіленуге тиісті пенальтиге батылдық жасай алмады. Тап сол сәтте Джеймс Коллинз қапталдан айып алаңы ішіне берілген допқа ұмтылған Криштиану Роналдуды ашықтан-ашық ұстап, жібермей қалды. Ал дарбазаға туралай төнген қауіп сәл кейін орын алды. Ро­налдумен доп қақпақылдасқан Жоау Мариу 15 метр жерден шірене ұрды – оны­сы бағанның дәл жанынан зу ете түсті. Валлиліктердің тайм ортасына қарай қайтарған қарымта шабуылдары да әсерлі шықты. Әдетте, футболдағы жартылай фи­нал­дық ойындар қызықсыз болмайды деседі. Бірақ бұл ойынның бірінші таймы сол қағиданың кейде қағыс кетіп қала­тынын көбірек көрсетті. Мұның орнына біз бірқатар жағдайларда Уэ­льс ойын­шыларының ретсіз дөрекі қи­мылдары мен португалдардың қара жерге соқа қадап, сүйрегендей ауыр ойындарын көрдік. Ойын табаға түскен майдай еріп ала жөнелген жоқ. Алаңдағы келбет екінші таймда едәуір өзгеріп сала берді. Осы тұста «Бразил португалдары» біршама ашыла ойнап, суырыпсалмалық әрекеттерге ерік бере бастады. Ойынды белсенді қимылдармен бастаған олар қатарынан екі рет стандарттан доп ұру құқығына ие болды. Солардың екіншісі нәтижелі аяқталды. Бұрыштамадан Рафаэл Геррейру әуелете жіберген допқа уэльстік Джеймс Чес­термен қатар секірген Роналду жеңіп шықты. Оның қарсыласын бір қадақ төмен қалдырып барып, баспен ұрған добы қақпа бағанының астын ала торға топ ете түсті. Бұл Криштианудың Еуропа чемпионаттарының финалдық бөлігінде салған тоғызыншы добы еді. Осылайша ол француз Мишель Платинидің бұл жө­ніндегі рекордтық көрсеткішін қай­талады. Айта кететін жайт, Платини өзінің бұл голдарын 1984 жылы өткен бір біріншілікте салған болса, Роналдуға оған жету үшін төрт чемпионат (2004, 2008, 2012, 2016) керек болды. Дегенмен, алда әлі бір ойыны бар португал шабуылшысы үшін енді бұл рекордты жаңартуға да мүмкіндік бар. Негізінен, Португалия құрамасы бұл күнгі қарсыластарын бас-аяғы 3 ми­нуттың ішінде ауыздықтап үлгерді. Егер Криштианудың голы 50-минутта соғылса, Нанидің аяғынан бұрылып барып, қақпа сызығын қиып өткен келесі доп 53-минутта тіркелді. Мұнда да Ро­нал­дудың қолтаңбасы болды. Осы жолы ол өзінің бала жасынан дағдысына сіңіріп, машығына айналған тәсілін қолданып, допты алдыңғы шептегі өз әріптестерінің «тәрелкелеріне» салып бере қойды. Бұл ретте оны қақпаға қарай ұрмағаны айдан анық. Осылай дөп етіп келе қалған доптың Нани аяғының ұшымен бұрып жібере салды. Гол! Осыдан кейін өздеріне деген берік сенімге енген португалдардың үшінші, төртінші голдарды салатын да орайлары болды. Бірақ тағдыр бұл күні мұны оларға қолай көрмепті. Есесіне, команда бәрін ақырына дейін сәтті апарып, алғашқы таза жеңісіне қол жеткізді. Ал кеше кешке Германия – Франция құрамалары екінші жартылай финалдық ойынды өткізді. Финал 10 маусым күні ойналады. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар