Еліміздегі ең ірі мегаполистің іргесінде орналасқандықтан болар Іле ауданындағы өндіріс орындарында бүгінде еңбектің қара қазаны қайнап-ақ жатыр. Тапсырыс мол. Тек құрылыс қажеттіліктерін өтейтін өндірістің бірі ғана былтырғы жылы мемлекетке 512 млн. теңгеден астам салық төлеп, бюджет қоржынын толтыруға қомақты үлес қоса білді. Шетелдік инвесторлар басшылық ететін осы «STYNERGY» ЖШС үсті болатпен жұқалап жабылған өнім шығарады. Тұрғын үйлердің төбелерін жабуға арналған құрылыс материалдары – черепица сан алуан түспен, әртүрлі көлеммен шығарылып сатылады.
«Биыл біз қазақстандық рынокқа баса назар аударып, жан-жақты сараптама жүргізе отырып, заңнама шеңберіндегі жұмысымызды жүйелі түрде жалғастырудамыз. Компаниямыздың Алматы, Теміртау, Қарағанды қалаларында өндірістік кешендері бар. Жалпы 272 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 42 азамат келісім-шартпен еңбек етеді. Еңбекақы қоры былтыр 451 млн. теңгеге жетіп, компанияның жылдық айналымы 10-13 млрд. теңгені құрады», деді «STYNERGY» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Халдер Тапас.
Негізі бұл өндіріс орны 2005 жылы металл өнімдерін сату кәсіпорны ретінде құрылған. Бүгінде еліміздегі ірі өндіріс орнына айналып, қазақстандық рынокта металл өнімдерін шығарып сату бойынша 18-22 % үлеске ие болып отырған жайы бар. Барлық өнімдері ISO 9001-2009 сапа стандартына сәйкес өндіріледі. Алматы қаласы мен облысының шекарасында 1,8 гектар жерді иеленіп әрі теміржол тұйығын да сол жерге енгізіп отыр. Шикізатты Қарағанды металлургия комбинатынан орамдалған болат түрінде әкеліп балқытып черепица шығаруда. Сонымен қатар, үш қабатты сэндвич-панель деп тізбеленетін 12 түрлі өнім тағы бар. Әрқайсысы өзіндік тартымдылығымен назар аудартады. Оның өзі бұл құрылыс материалының қандай да бір қажеттілікті өтейтіндігін білдіреді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Іле ауданы