Біз білетін депутат Бағила Баймағамбетова – бойында қазақтық қаны бар, айтар ойы бар, жанымен жұртыма қызмет етсем дейтін қазақтың қайраткер қыздарының бірі. Содан да болар, оның еліміздегі жоғары заң шығару органы – Парламент Мәжілісінде өз орны бар. 154 мемлекеттің парламентарийлері енетін Парламентаралық Кеңесте Әйелдердің үйлестіру комитетінің мүшесі, біздің Мәжіліс пен Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы арасындағы Парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның тең төрайымы Бағила Бірмағамбетқызының жоо бітірген соң алғашқы еңбек жолы мектепте француз тілі пәнінің мұғалімдігінен басталыпты.
– Егер өткен өміріме көз салсам, қазақтың небір марқасқа ұлдарымен, аймаңдай қыздарымен дәмдес-тұздас, қадірлес-сыйлас, қызметтес болыппын. Олардың арасында өмірден озғандары қаншама. Сырағаң мен Ғафаң–Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Әзекең – Әзірбайжан Мәмбетов, Шайсұлтан Шаяхметов, Бәйкен Әшімов сынды асқар таудай ағаларымның «қарындасым» деген жылылығын сезіндім. Барлығы күні бүгінгідей көз алдымда.
Ең бір қатты толқыған сәттерің кейде көз алдыңнан кинолентадағыдай сырғып өтіп жатады. Мен қарапайым отбасында тәрбиелендім, институтты бітіріп жұмысқа тұрғанымда әкем Бірмағамбет милициялығынан зейнеткерлікке шыққан болатын. Бірақ мектептен бір жылдан кейін мен Жітіқара қалалық комсомол комитетінің хатшылығына шақырылдым. Сөйтіп, қалалық кеңестің ең жас депутаты болдым.
30-ға енді қарағанымда облыстық депутаттар кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалып, артынан Қостанай облыстық партия комитетінің хатшылығына ұйғарылдым. Ол кезде әрине әрбір үлкен қызмет Мәскеудің рұқсатынсыз жүзеге аспайтыны белгілі, сол жолы Кремльге барғаным есімнен кетпейді. Сонда алғаш рет Кремльдің үлкен-үлкен залдарын көргенім, ОК хатшысының қабылдауында болуым ертегідегідей әсер етті. Жаңа айттым ғой, қарапайым отбасында өстім деп, ал мен үшін мұндай жағдай өмірі болмайтындай көрінетін. Бір қызығы, қабылдаған хатшы: «Сіз Ресеймен көрші жатқан орыс тілділер көп облыс басшысының бірі боласыз, сондықтан осы орынға шовинизммен, ұлтшылдықпен ауырмайтын сіз тәрізді адамдардың келгені дұрыс», – деді. Бұл мен үшін үлкен ойланарлық сабақ болды. Ресейде отырып, біздегі қандастарының жағдайын қамдағаны үлкен саясаттың қайда жатқанын ұқтырды.
Жұмысқа бар ықыласыммен кірістім, біздің Қостанай өңірі, жоғарыдағы хатшы айтқандай, қазағы азайған жер болды ғой. Сондықтан ұлттық мәдениетке, тарихқа, әдебиетке қатысты шараларды өткізуде өзге қазағы көп аймақтардай емес, көп еңбектенуге, тер төгуге, жүгіруге тура келетін. Әлі есімде, Биағаның – Бейімбет Майлиннің 100 жылдығын өткізгеніміз. Біз мерейтой өткізіп қана қоймай, Биағаңның кіндік қаны тамған ауылын қайта көтеруді мақсат еттік. Апта сайын Әйет өзенінің бойында жатқан сол ауылға барып, ұйымдастыру жұмыстарына ақ тер, көк тер болып кірістік. Содан Қостанайда алғаш рет республикалық дәрежеде үлкен той өтті. Қостанайлықтар өмірі жүздерін көрмеген ұлтымыздың талай зиялы тұлғаларының Қостанай топырағына табандары тиді.Үлкен шараны өткізіп, ауылдың қайта тірілгенін көріп, Биағаның ұрпақтарын қадірлеп шығарып салып тұрып, өзімнің осы іске қатысқаныма қуандым. Осындай әрбір жасаған шаруадан халық рухани азық алып, жаны байып жатқанына қалай қуанбайсың.
Тағы бір осындай сәт жадымнан кетпейді. Ол – дүние жүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы. Қаншама қуаныш, ақжарма пейіл, атажұртқа алыстан аңсап жеткен жұрттың жүректерін сыздатып келген сағынышының нөсері төгілген күндер. Біздің Қостанай облысы кәдімгідей киіз үйден үлкен қалашық құрды. 20 жүк көлігімен артынып-тартынып, сойыс малдарын да өзіміз алып барғанымыз есімде. Қостанайлықтар қазақша қонақ қабылдауды онша білмейді екен деп айтпасын деп намысқа тырысып, ұшақпен сол құрылтай күндерінде елден қымызға дейін алдырып тұрдық. Францияда, Германияда тұратын қазақтарды күтіп, алдарына табақ-табақ ет тартып, ұлттық тағамдарымызды жайнатып, ән-жырымызды айтқан соң, меймандарымыз риза көңілмен аттанды. Сонда жауаптыларды облыстағы шаруашылықтардың ішінен бойларында қаны бар жігіттер басқаратын кеңшарлардан іріктедім. Кілең намысты азаматтар жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып шықты.
Жалпы, облыс әкімінің орынбасары болып жүргенімде, біраз қолынан іс келетін қазақ қыздары мен жігіттерінің қызметтің басқышпен көтерілуіне қолымнан келгенімді жасадым. Мен осы жұмысқа кіріскенімде әлеуметтік салаларда бір де бір ұлты қазақ басшы жоқ екен. Енді, міне, қарасаңыз, қанша басшылар өсіп шықты, олардың біразы: «Бізді Бағила өсірді», деп айтып жатады.
«Осы сіздің анаңыз бар емес пе, нешеге келді?» – дедім Бағила Бірмағамбетқызына. «Иә, мамам бар, ол кісі 86-да. Аты – Князь, ата-анасы баласы тұрмаған соң ырымдап солай қойған екен. Барлығы Кінәз деп атап кеткен. Ал шынында мамам Кінәз десе кінәз, үлкен отбасының ұйытқысы, үйіміздің қашаннан келе жатқан дәстүрлерін сақтап, балаларының, немерелерінің, құдаларының барлығының басын қосып отырады. Әрбір жаңа жыл, үлкен-кіші мерекелер анам отырған үйде қарсы алынады. Жаңажы-лдық дастарқанға міндетті түрде жиналу – әулетіміздің бұлжымайтын заңы. 40-тан астам адам жиналамыз. Жалпы, үлкен қариялар елдің тілекшісі ғой. Оның үстіне үлкен кісілер ақсақалдық, болмаса ел анасы дейтіндей болса, онда ол–тұтас ұлттың олжасы. Маған Өмірбек Бәйгелди ағаның ақсақалдық қалыбы керемет ұнайды. Қандай өнеге боларлық, елге қажетті ой айтатын нағыз үлкен адам. Ол кісі мені көрген сайын: «Бағила, қалқам, жағдайың қалай, анаңның денсаулығы жақсы ма?» –деп сұрап жатады. Ағаларым анамның амандығын сұрап жатқанда ішім елжіреп тұрады. Кенжеғали аға Сағадиев, Әбіш аға Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанұлы ол кісінің жағдайын біліп жатады. Анама осындай кісілер сізді сұрады десем, ол кісі батасын беріп, тілектерін тілейді. Мына дүниеде негізі адамдардың бір-біріне ешқандай есепсіз тілектестігіне, жанашырлығына жететін ештеңе жоқ қой».
Б.Баймағамбетова, сонымен қатар, бойындағы барымен, білімімен, жинақтаған тәжірибесімен шын мәнінде халықтың шамалы бір кәдесіне жарасам деп жүреді. Алдына келген адамды дұрыстап тыңдап, қолынан келген көмегін жасауға тырысады. «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауына келгендердің шаруасымен кейде арнайы министрлерге барудан ерінбейді. Өмірімізге еніп жатқан қажетті заңдардың қабылдануына өз үлесімді үзбей қосып жүрмін деп есептейді. Ал Қостанайға бара қалса, дүкенге, базарда болсын жұртшылық танып, қасына жиналып, сол жерлерде кішігірім митинг өткізіп жатады.
«Жаратқан иемнің берген несібесіне ризашылығымды білдіруден жазбаймын», дейді депутат Бағила Бірмағамбетқызы.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.