Бас хатшылықтан талайдың үміті бар
Әлемдік бас ұйымға жетекшілік ету аса жауапты жұмыс екенімен қатар, аса беделді де абыройлы қызмет. Оған кез келгеннің қолы жете бермейді. Тіпті, оған үміт етуге де талайдың жүрегі дауалай қоймайды. Ал Австралияның бұрынғы премьер-министрі Кевин Радд тәуекел етіп отыр.
Ол елдің қазіргі үкіметіне өзін сол БҰҰ Бас хатшылығына ұсынуға және қолдауға қолқа салды. Оған жауап беруде әдеп араласатын шаруа. Ел үкіметінің бұрынғы басшысы өтініш айтса, оны орындамау да қиын, сонан соң осыған өзіңді лайықты санайсын ба деп айта да алмайды. Сөйтсе де елдің сыртқы істер министрі Джули Бишоп бұл мәселе ел үкіметі толық жасақталып болған соң, ресми түрде талқыланатынын мәлімдеді.
Австралияда жақында ғана парламент сайлауы өтіп, биліктегі Либерал – ұлттық коалиция орнында қалған. Премьер-министр Малькольм Тернбулл арада екі апта өтсе де үкіметті толық жасақтауға асықпай, бұл мәселе ашық қалып отыр. Әңгіме онда да емес, өтініш айтқан соң, оны қанағаттандырып ұсынарда. Әңгіме Кевин Раддтың соған баруында болып отыр. Ол Австралия үкіметін 2007 жылдан 2010 жылға дейін, сондай-ақ 2013 жылы маусымнан қыркүйекке дейін басқарып, сайлауда жеңіліп, одан соң бұл елде қалмай, АҚШ-қа кеткен. Мерзімі аяқталып, құрметпен кетсе бір сәрі, халықтың қолдауына ие бола алмаған адамның өзін әлемдік қызметке ұсынуы оғаштау көрінеді.
Ұсынып жатса, Кевин Радд БҰҰ Бас хатшылығына бесінші үміткер болып тіркеледі. Бірақ, бұрынғыларға лайықты бәсекелес болатынына күмән көп. Бұрынғылар дегенде, Бас хатшы Пан Ги Мунның өкілеттігі биылғы жылдың аяғында бітетін болған соң, жаңа Бас хатшыны сайлау жарияланғанда, алғашқы болып БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі департаментінің бұрынғы жетекшісі Кристиана Фигуэрес ұсынылды. ЮНЕСКО-ның атқарушы директоры Ирина Бокова біраз ел, ұйымдар қолдаған бас үміткер саналады. Хорватияның бұрынғы сыртқы істер министрі Весна Пусич, сондай-ақ Жаңа Зеландияның бұрынғы премьер-министрі Хелен Кларк күреске түспек.
Қарап тұрсаң, Бас хатшылыққа үміткерлікке бұған дейін кілең әйелдер қосылғандай екен. Оған да себеп бар – былтырғы мамырда өзінің кететіні, жаңа сайлау өтетіні жайында сөз еткенде, Пан Ги Мун (ол үшінші мерзімге сайлауға түсе алмайды) келесі Бас хатшы әйел қайраткер болуы тиіс деп нық айтқан еді. Сірә, соның әсері болса керек, әйел қайраткерлер белсенділік көрсетті. Солардың қатарына қосылғанда Кевин Раддтың жолы бола қоятынына көңіл сенбейді.
Бұған дейін сегіз Бас хатшы сайланған екен. Бәрі де ер адамдар. Көпшілігі екі мерзімді өтеді. Пан Ги Мунның әйел қайраткер сайланса дегені әсте де ұстаным емес, тек тілек қана. Бас хатшылыққа БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше елден сайлануға болмайды деген тәртіп болмаса, басқадай шектеу жоқ. Тек бір өңір қайталанбай, әр өңірден сайланса деген ұсыныс-тілек жүреді. Осы бір тілек-ұсыныс та Кевин Раддтың жолын аша қоюы екіталай. Ал Шығыс Еуропаның өкілі Ирина Бокованың қолайына жағады. Бұл аймақ өкілі де Бас хатшы болмаған.
Пхеньян райынан қайтпайтындай
Әлем Түркиядағы қарулы төңкеріс жасау әрекетіне байланысты дүрлігіп жатқанда, КХДР-дың үш баллистикалық зымыран ұшыруы елеусіздеу қалды. Бұл Пхеньянның халықаралық қауымдастыққа қыр көрсетуінің бір көрінісі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімін қабылдамаймын дегенінің белгісі еді.
Әңгіме сол зымырандарды ұшырғаннан осы аймақта әскери-ядролық күштердің ара салмағына айтарлықтай өзгеріс бола қалатындай емес, Солтүстік Корея милитаристік-волюнтаристік режимінің халықаралық талапты орындамауына барып тіреледі. Сонда мұның аяғы не болады? Халықаралық ұйым бұл елді ядролық бағдарламасын тоқтатуға күшпен мәжбүрлей ала ма? Шектен шыққан диктаторды өз елінде тоқтатар күш бар ма? Басқа жерлерде болып жататын төңкерістерден Ким Чен Ын қорықпай ма? Бұл елдің халқы асқынған волюнтаристік өктемдікке көне бере ме?
Мұндай сұрақтар талайларды толғандырады. Жұрт жауап іздейді. Біледі-ау деген сарапшылардың аузын бағады. Жақында Пхеньян халықаралық талаптарды белден басып, тағы да баллистикалық зымырандарды ұшырғанда, «Лента.ру» сайтында Ресей ҒА-ның Экономика институты жанындағы Ресейдің Азиялық стратегиялық орталығының директоры, «Валдай» клубының сарапшысы Георгий Толораяның сұхбаты жарияланды. Онда біраз мәселенің басы қайырылған.
Бұл сарапшы Солтүстік Кореяны қырық жылдан бері біледі екен. Бірнеше жыл сонда тұрған көрінеді. Жиі барып тұрады. Бұл елге өз елінің мүддесінен қарайды. Халықаралық ұйым Пхеньянға қатаң санкция енгізгенде, содан КХДР, оның халқы зардап шегіп отырғанын айтумен қатар, Ресейдің бұл елмен экономикалық қарым-қатынасының шектелуінен 50-100 миллион доллардай тауар айналымынан айырылғанына өкінеді. Тіпті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2270-ші шешіміне Қытайдың, өз елінің вето қоймағанына таңданады.
Сол шешімде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Пхеньянның ел қаржысын қарулануға жұмсап, бұдан ел халқының «тұтынудың өтелмеуінен» өте қатты зардап шегетіні айтылған. Ал санкция бұл елдің ядролық бағдарламасын жүзеге асыруды, қаржыландыруды шектеуді көздейді. Ал милитаристік басшылық сол бағдарламадан бас тартпай, барлық қаржыны халықтың аузынан жырып алып, қарулануға жұмсауда. Бұдан халық күйзелген үстіне күйзеле түседі.
Жалпы, елдегі жағдай мүшкіл. Ким Чен Ын ұстанған саясаттың тұйыққа апаратынын оның төңірегіндегілер, билікке қатыстылардың барлығы, әскери басшылық та жақсы біледі. Сонда олардың қол біріктіріп, тым еркінсіп кеткен диктаторды тақтан тайдыруларына болмай ма? Болмайды, дейді сарапшы. Бір диктаторды алғанмен, оның орнына екінші сондай тұлға келеді. Жүйе солай. Ол жүйені өзгертуге майлы қасықты жалап отырғандар мүдделі емес. Содан олар жас диктатордың барлық қылықтарына шыдайды. Жақында Ким Чен Ынның сигареттері мен темекісіне 140 миллион доллар жұмсалғаны туралы хабар жарияланды. Халқы аш елдің басшысы сөйтеді. Басқалар оған шыдайды.
Жапа шеккен халық ше? Ол да шыдайды. Бірнеше ұрпақ шыдап келе жатыр. Олардың көпшілігі басқадай өмір барлығын да білмейді. Бұл ең алдымен басқалардан оқшаулану саясатының «жемісі». Ұзақ ұйқыға кеткен халықты ояту оңайға соқпайды. Осындай жағдайда Пхеньян басшылығына қауіп жоқ. Қауіп болмаған соң, олардың райынан қайтуы да екіталай.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.