Қоғамның басты байлығы – адам денсаулығы екені бесенеден белгілі. Әрбір мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндет – ел тұрғындарының денсаулық жағдайын нығайтып, олардың өмірінде салауаттылық салтын ұстануға барынша қолдау көрсету. Халқымыз қашаннан да денсаулықты құны жетпес қазына ретінде бағалай білген. Бұл орайда, Еуразия кеңістігінің орта тұсынан орнын еншілеген туған Отанымыз Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген толағай табысы көңілге медет болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығының нәтижесінде денсаулық сақтау саласында көптеген келелі істер жүзеге асты. Осындай қолдаудың арқасында қоғамның басты байлығы – адам денсаулығын нығайтуда оңтайлы істерге мүмкіндік жасалды. Мұндай игілікті жұмыстар Сыр өңірінде де көптің кәдесіне жарағанын айта кеткеніміз артық болмас.
1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен облыстық диагностикалық кеңес беру орталығы іске қосылды. Сол уақытқа дейін Сыр өңірінде мұндай сәулетті ғимаратта орналасқан, барлық медициналық құрал-жабдықпен толықтай қамтамасыз етілген денсаулық сақтау мекемесі мүлдем болмапты. Облыстық диагностикалық кеңес беру орталығы сондай қиындықтың артта қалуына септігін тигізіп, облыс өмірінде ерекше назар аудартқан елеулі істердің біріне айналды. Бұл халықтың келешек кемерінде елімізде атқарылатын жаңашыл жобаларға негіз қалады. Сонымен қатар, дәл осы уақытта біздің облыста тағы бір денсаулық сақтау мекемесінің тұсауы кесіліп, халықтың сұранысын қанағаттандыру бағытында өз қызметін бастады. Нақтылай айтатын болсақ, Қазалы аудандық емханасының жаңа ғимаратқа көшірілуі Сыр медицинасын бір серпілтіп тастаған толайым табысқа жол ашты. Әрине, бұл жылдарда қаржы мәселесі қыспаққа алып, көптеген түйткілді мәселелер алдымыздан шығып жатты. Сол жылдары салаға бөлінген қаржы көлемі бар-жоғы 850 миллион теңге болатын.
Халықтың әлеуметтік жағдайын жіті назарда ұстаған Мемлекет басшысы Кеңес одағы кезеңінде басталып, ақша жетіспеушілігі салдарынан аяқсыз қалған 750 адамды қабылдау мүмкіндігі бар облыстық медицина орталығының құрылысын толықтай бітіруге тікелей тапсырма берді. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан болгарлықтармен келісімдер жасалды. Бұл – өте үлкен жауапкершілік пен халық алдындағы міндет еді. Нәтижесінде, 1998 жылы ТМД елдерінде теңдесі жоқ орталық емделушілерге есігін айқара ашты. Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне Елбасының өзі келіп арнайы қатысты. Мұндай тарихи жағдайдың орын алуы – Сыр медицинасының әрі қарайғы дамуының даңғыл жолы болды. Қазақстан мен Жапония Үкіметтерінің келісімі нәтижесінде ең ірі жоба – облыстық медицина орталығына 3 миллион 800 мың доллардың медициналық құрал-жабдықтары грант түрінде алынды.
2005 жылы Мемлекет басшысы еліміздегі «Денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамыту» жөніндегі бағдарламасын бекітті. Бағдарламада саланың материалдық-техникалық жабдықталуы, дәрігерлер білімін жетілдіру, менеджмент дайындау іске асырылды. Сол жылы саланы қаржыландыру 5 миллиард теңге болса, арада бес жыл өткенде саланың қаржыландырылуы 13 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Осы жылдар аралығында Арал, Қармақшы, Сырдария, Қазалы аудандарында 4 туберкулезге қарсы күрес диспансері іске қосылды. Сондай-ақ, Жаңақорған аудандық ауруханасы, Арал аудандық емханасы және 56 ауылдық емдеу ұйымдары жаңа ғимараттарға көшірілді. Саланың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында 4 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлініп, қымбат бағалы құрал-жабдықтар, магнитті резонанстық томограф пен компьютерлік томография өндіріске енгізілді.
2009 жылы республикада алғаш болып, облысымыз өз қаржысымен шалғайдағы науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында ұшақтармен қамтылған санитарлық авиация қызметін қолға алды. Дәл осы жылы аймақта кардиохирургиялық орталық ашылып, жүрекке ашық оталар жасала бастады. Бағдарлама аясында денсаулық сақтау саласындағы менеджмент, ресурстарды басқару және қаржыландыру, дәрігерлер, жалпы мыңға тарта мамандар қайта даярлаудан өтті. 2011-2015 жылдар аралығында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Саланы қаржыландыру 14 миллиард теңгеден 34 миллиард теңгеге дейін көтерілді. Осының нәтижесінде бүгінгі заман талабына толықтай сай келетін Ана мен бала орталығы, №3 қалалық, Шиелі, Сырдария, Қармақшы, Жалағаш аудандық емханалары және ауылдарда 38 медициналық жаңа ғимараттар салынды.
Саланың санитарлық автокөліктерге деген сұранысы толықтай өз шешімін тауып, 5 жыл ішінде 375 мамандандырылған санитарлық автокөліктер жаңадан алынды. Соның ішінде шалғай елді мекен тұрғындарының денсаулығын тексеру мақсатындағы жылжымалы медициналық кешеннің қызметі орасан зор болды.
Мұндай өрелі өзгерістер жылдан-жылға жалғасын тауып, медицина саласының қарышты дамуына оң әсерін тигізді. Сыр өңірінде бұрынғы жылдарда қол жетпей келген көптеген мәселелер жан-жақты шешімін тапты. Мәселен, 2012 жылы нейроинсульттік орталық ашылып, инсульт алған науқастарға ота жасау мен қалпына келтіру қолға алынды. Осындай шаралардың арқасында 5 жыл ішінде 3529 науқасқа жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді. Біздің облыс тұрғындары Алматы мен Астананың жоғарғы клиникаларына баруды азайтып, өзіміздегі орталықтардың қызметіне жүгіне бастады. 2014 жылы облыс дәрігерлері елімізде 4-ші болып, бүйрек ауыстыру отасын жасады.
Облыстың медицинасы алыс-жақын 28 мемлекетпен қарым-қатынас орнатты. Халықаралық бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындарында оқыту жолға қойылды.Өңірдің денсаулық сақтау саласында 5 жыл ішінде 6000-ға тарта жалпы мамандар қайта даярлаудан өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен «2013-2014 жылдарға арналған Жол картасы» қабылданып, оны іске асыру үшін 4,4 миллиард теңге көлемінде қаржы қаралды. «Жол картасы» аясында ана мен бала денсаулығын нығайту үшін заманауи қондырғылар алынса, жедел жәрдем қызметі жетілдірілген автоматты жүйеге көшірілді. Облыстағы туберкулезге қарсы емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Осы жылы өңірлер арасында денсаулық сақтау саласы бойынша 1 тұрғынға жұмсалатын шығын 53 105 теңге болып, облысымыз Астанадан кейінгі екінші орында тұрды.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Елбасымыз 2016-2019 жылдарға «Денсаулық» бағдарламасын бекітті. Бұл облыстың денсаулық сақтау саласында іргелі өзгерістердің жүзеге асуына оң әсерін тигізді. Алғашқы медициналық көмек көрсету сапаға құрылып, емханаларда мамандандырылған бөлімдер ашылды. Биыл өңірдің денсаулық сақтау саласында көптеген игіліктер жасалмақ. Айтулы мереке аясында бірнеше емдеу ұйымдары, атап айтқанда, Жаңақорған аудандық емханасы, осы аудандағы Түгіскен дәрігерлік амбулаториясы, облыстық балалар ауруханасы пайдалануға берілмек. Мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында, аусымына 500 келушіге арналған емхананың құрылысы салынбақ.
Сыр медицинасы тәуелсіздік жылдарында қандай жетістіктерге жетті? Қандай оң өзгерістер жасалды? Осы сауалдар төңірегінде ой қозғайтын болсақ, көңіл толарлық ілкімді істеріміз көп. Бұл халықтың тыныс-тіршілігінде айқын көрініс тауып отыр. Мұндай көрікті көріністер әрбір елдімекеннен көзімізге жиі ұшырасып жатады. Соңғы 15 жылдағы жұмыстарды саралайтын болсақ, 2000 жылдан бері жалпы туу көрсеткіші 6,7 пайызға артып, ана өлімі көрсеткіші 42,4 пайызға төмендеді. Сәби өлімі көрсеткіші 10,8 пайызға төмендеді. Өмір сүру ұзақтығы 64,4 жастан 71,9 жасқа жетті.
Жыл басында Ана мен бала орталығында босанудан кейінгі сауықтыруға арналған 30 төсектік бөлімше ашылды. Ана өлімінің көрсеткіші 4,5 есеге төмендеген. Облыстық онкология орталығында 15 төсектік, аудандарда 35 төсектік паллативті көмек бөлімдері ашылды. Барлық ауданда 5 төсектік неврологиялық науқасы бар балаларға арналған бөлімшелер пайдалануға берілді.
Сөз басында айтқанымыздай, адам денсаулығы – қоғамның басты байлығы. Әрине, әрбір адам өз денсаулығын сақтауға ерекше мән беріп, мықты болу жолдарын қарастыруы тиіс. Он екі мүшесі сау, денсаулығы дімкәс емес әрбір жан еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Сондықтан, саламатты өмір салтын сақтауға назар аударып, соның жолында тиянақты жұмыс жасай білуі тиіс. Өйткені, еліміздің әрбір азаматы – кең-байтақ Отанымыздың келешегі. Қазақстанның көркеюіне зор еңбек сіңіреді.
Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА,
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Қызылорда облысы