• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2016

Мақсат – мемлекетшілдік сана қалыптастыру

502 рет
көрсетілді

Жемқорлық – жегі құрт. Жең ұшынан жалғасқан сыбайластық ұшпаққа шығармақ емес. Біздің қоғам бұл дерттен құлантаза, ада деп айта алмаймыз. Мемлекеттік қызмет көрсету саласында да осындай келеңсіздік кең етек жайған. Мұндай пікірді жуырда ғана Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің алқа мәжілісінде айтылған деректер айғақтай түседі. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оларды анықтау, жолын кесу, ашу мен тергеу бойынша салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылатын аталған ведомствоның есебі бойынша, ағымдағы жылдың алғашқы жартысында 588 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 11-і республикалық, 39-ы облыстық, 79-ы қалалық және аудандық органдардың қызметкерлері, сонымен қатар, 16 әкім мен олардың орынбасарлары тағы бар. Сыбайластық ұшпаққа шығармайды Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов­тың төр­ағалығымен өткен 1-ші жарты­жыл­дықтың қорытын­дыларына арналған кеңейтілген алқа мәжі­­лісінде арнайы баяндама жаса­ған Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес жөніндегі ұлттық бюро төрағасының орынбасары Тал­ғат Татубаев елдегі сыбайлас жем­қор­лыққа ең көп жол беретін мем­лекеттік органдардың бір­қатарын тізіп шықты. «Сыбайлас жем­­қор­лыққа көп жол беретін орган­дар, ол – әкімдіктер мен ішкі іс­тер ор­гандары, Ауыл шаруа­шы­­лы­ғы мен Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министр­лігі, ква­зи­мем­лекеттік сектор мен Мем­ле­кет­тік кірістер комитеті», – деді ол. Байыптай қарасақ, төраға орынбасарының бұл пікірі көптің көкейіндегісін дөп басқандай-ақ. Тіпті, бұл қатарды білім саласында орын алып жатқан былық пен мемлекеттік сатып алу қызметіндегі қулықтармен толықтыра түсуге болады. Мемлекеттік қызмет сала­сын­дағы жемқорлықты түп-тамыры­мен жою мақсатында өткен жыл­дың желтоқсанында Елбасы Жар­лы­ғымен Мемлекеттік қыз­мет істері министрлігі жасақ­тал­ғаны белгілі. Бұрынғы Мем­ле­кет­тік қыз­мет істері және сы­бай­лас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гінің негізінде құ­­рылған бұл ведомствоның мақ­­сат-міндеті – сы­бай­лас жем­қор­­лыққа қарсы күрес жүр­гізе оты­рып, қыз­ме­т­кер­­лер ара­сын­да мем­ле­кет­шілдік сана қа­лып­­тастыру. Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкіл­дері, мемлекеттік мекемелер­дің әдеп жөніндегі уәкілдері, министр­ліктің аумақтық депар­та­менттерінің басшылары мен ор­талық аппаратының қызмет­керлері қатысқан шара бары­сын­да Н.Назарбаев жариялаған Ұлт Жоспарындағы бірінші инс­титут­тық реформаны жүзеге асы­ру жөніндегі жұмыс қорытын­ды­лары пысықталды. Осы бағыт­та арнайы баяндама жасаған вице-министр Нұрлан Ыбырайым ми­нистр­ліктің алғашқы жарты­жыл­дықта мемлекеттік қызметтің кон­курс­тық іріктеуге негізделген ман­сап­тық моделі енгізілгендігін мәлімдеді. «Барлық конкурстардың жал­пы санындағы (жалпы және ішкі) 48 пайызында бос орындарға өзге мемлекеттік қызметшілер ауыс­ты, былтырғы жылы бұл көр­сет­кіш бар-жоғы 26 пайызды құра­ған еді. Бұдан өзге, тек қана мемле­кет­тік қызметшілердің арасын­да өткізілетін ішкі конкурстар инс­ти­туты енгізілгелі, төменгі деңгей­ден жоғары деңгейдегі лауазым­дарға тағайындалған қызмет­ші­лердің саны өткен жылмен салыс­тырғанда 16 пайызға өсті», – деді ол. Сонымен қатар, баяндамашы азаматтар арасында мемлекеттік қызметке деген қызығушылық арта түскенін атап өтті. Оның бір айғағы ретінде мемлекеттік қызметшілердің түрлі мекемелер арасында алмасу деңгейінің шамамен екі есеге төмендеуін келтіруге болады екен. «Егер өткен жылдың 1-ші жартыжылдығында мұндай алмасулар 5,6 пайызды құраса, ағымдағы жылдың сәй­кес мер­зімінде бұл көрсеткіш 3,6 па­йызға тең түсті. Сондай-ақ, қа­был­данған шаралардың арқа­сында мемлекеттік қызметтің тиім­ді­лігін анағұрлым арттыруға мүмкіндік туды. Нәтижесінде, қызметтерді көрсету мерзімдерін бұзу фактілері 16 мыңнан 3,8 мыңға, яғни, 4 есеге дейін төмен­деді», – деді Н. Ыбырайым. Баяндамашының сөзіне қара­ғанда, елдегі мемлекеттік қыз­мет жүйесінде жаңа министрлік құзы­­ретінде оң өзгерістер жедел байқалып келеді. Ол мемлекеттік қызметте өсу сатысының төмен­нен басталуына басымдық бері­луіне байланысты. Бұл жас­т­ар­дың шалғай аймақтарға жол тартуына себепкер болуда. Сон­дай-ақ, жал­пы конкурстық негіз­дегі мери­то­кратия есебінен үміт­кер­лерді қызметке қабылдау жүйе­сі мен үш деңгейлі іріктеудің іске қосылуы, қызметкердің заң­на­ма­лық сауатын жетілдіру әрі оның құқықтық тұрғыда қор­ғалуын қам­тамасыз ету жұмыс­тары же­тілдірілген. Ал маман білік­­ті­лігін сынау мақсатында ұйым­дастырылатын тестілеуден өткізу үдерісіндегі заманауи тех­но­­логияларды қолдану арқылы шы­найылыққа бетбұрыс бұл күнде айқын сезілуде. Яғни, тест тапсыру барысында веб-камералар мен бейне түсірілімдердің онлайн-режімде тікелей жүргізілуі, серти­фикатқа қызметкер суретінің орналастырылуы сынды әрекет­тер үміткерлер арасындағы күмән­ді ойдың бұлтын сейілткен. Соны­мен қатар, қызметкердің сы­нақ мерзіміне қатысты жаңа жүйе­нің қолданысқа енгізілуі жас маман­ның ұжымға тез бейімделуі мен өзін жақсы қырынан көрінуіне зор мүм­кіндіктер беріп отыр. Мәсе­лен, 3+3 жүйесі бойынша бүгін­гі таңда елімізде 1 404 мем­ле­кеттік қызметкер сынақ мерзі­мінен өтуде. Осыған орай, еңбек өнім­ділігіне қарай жалақы төлеу мәселесі де осы күндері күн тәр­тібіне шығарылуда. Келер жылдың алғашқы жар­ты­­жыл­дығында «Б» корпусы сана­­тындағы мемлекеттік әкім­шілік қызметкерлерді кешен­ді аттестациядан өткізу жоспар­лан­ған. Мемлекет басшысының осындай тапсырмасын ойдағыдай жүзеге асыруға министрлік ма­мандары қазірден дайындық жұ­мыстарын жүргізуде. Бұл ба­ғытта да министрлік тара­пы­нан нақты жоспарлар мен нормативтік-құқықтық базаларды ақпараттық түсіндіру бағытындағы тың жобалар қолға алынуда.   Кереғар шешім – құқық бұзылуының бастауы Жиында министр Талғат Донақов өзі жетекшілік ете­тін ми­нистр­ліктің бақылау уәкі­лет­тігін жүзеге асыру шеңберіне қа­тыст­ы мәселелерді де қозғады. Бұл бағытта атқарылатын жұ­мыс­тардың бір парасы ретінде мемлекеттік қызмет заңнамасын сақтау саласында бүгінге дейін 351 тексеріс жүргізіліп, нәти­же­сінде 345 заң бұзушылық анық­­талғандығын атап өтті. Осы та­қы­леттес мәселелерге нақты дәйектер келтіріп, мұндай жай­сыз­дықпен күресудің жаңашыл бағыттары жөнінде баяндау үшін сөз кезегін өзінің тағы бір орынбасары – Мемлекеттік қыз­мет істері вице-министрі Айгүл Шаймоваға берген болатын. Ол ә дегеннен-ақ, мемлекеттік қыз­мет істері органдарының күші­мен жүргізілген тексерулер нәти­жесінде жүзден астам аза­мат­тың құқығы қорғалып, қалпы­на кел­тірілгендігін алға тарт­ты. Бұған қоса, мемлекеттік қыз­мет­шілердің де бұзылған құқықтарын қал­пына келтіру және қорғау бо­й­ы­нша бірқатар шаралар қабылданған. «Атап айтқанда, мемлекеттік мекемелерге заңға кереғар қабыл­данған шешімдердің күшін жою бойынша 138 ұсыныс ен­гі­зіл­ген болса, соның ішінде 110-ы орын­да­лып, заңға қайшы қабыл­данған 39 бұйрықтың күші жойылды. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда мем­лекеттік қыз­метшілердің тәртіп­тік жазаға тартылуы үштен бірге ке­мі­ген­ді­гін көрсетеді», – деді ол. Вице-министрдің айтуынша, 1-ші жартыжылдықта Ар-намыс кодексінің нормаларын бұзғаны үшін облыстық және аудандық деңгейдегі 115 қызметші тәртіптік жазаға тартылса, былтырғы жыл­дағы бұл көрсеткіш 163 бол­ған екен. Мұны министрлік маман­дарының сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасау әдісін кеңінен қолдану нәтижесімен байланыстырған жөн. Айталық, жыл басынан бері орталық мем­лекеттік органдардың 2 құры­лым­дық бөлімшесі мен жергілікті атқару органдарының 76 бөлім­шесінің қызметтеріне талдау жүргізілген. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анық­тау мақсатында 50-ден аса құ­қық­тық актілерге және 56 стан­дарт пен регламентке талдау жаса­л­­ған. Ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сымен де бірлесе отырып, сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдерін анық­тау үшін 380-нен астам норма­тив­­тік-құқықтық актілерге тал­дау жүр­гізілген. Атқарылған осыншама шаруаның нәтижесінде, ми­­нистр­­лік тарапынан мұндай тәуе­кел­дер­ді жою бойынша арна­йы ұсы­ныстар әзірленіпті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың бекі­тілген кешенді жоспары аясы­нда 900-ге жуық әлеуметтік маңы­зы бар іс-шаралар өткізілген, оған бар­лығы 85 мыңнан аса адам қатыс­қан. Вице-министр әртүрлі әлеу­меттік топтар үшін бұл жұ­мыс идеоло­гиялық өзекті мәсе­лел­­ер­­ді талқы­лап, пікір алмасатын үнқа­тысу алаңына айналғандығын атап өтті. Талдау – кімдерге қолдау Енді алғашқы жартыжылдық­та жүргізілген талдау нәтижесін таратып айтар болсақ, осы кезге дейін мемлекеттік қызметкерлер тарапынан жауапкершілік жүк­теген жандарды былайша жіктеу­ге болады: 33 – ескерту, 38 – сөгіс, 29 – қатаң сөгіс, 10 қызметкердің өз лауа­зы­мына сәйкессіздігі анық­талып бір маманның қыз­меті төмен­детілген және 4 азамат мем­лекет­тік қызметтен аласта­тылған. Сондай-ақ, мемлекет атынан әрекет ететін қызметкерлердің басым бөлігі мас күйінде көлік тіз­гіндеу мен жұмыс орнында се­бе­псіз болмау, қызметтік көлік­ті жеке мақсатта пайдалану секіл­ді әрекеттерімен лауазымдық беде­ліне дақ түсіріп жатады екен. Мұндай оқиғалар жиі қайта­ланып, ол қоғам арасында қызу талқы­ланатын кездері де жоқ емес. Осының алдын алу және оған қар­сы амал-әрекеттер қатарында ағымдағы жылдың алты айында Ар-намыс кодексінің нормаларын сақтауға үндейтін 470 семинар-кеңес ұйымдастырылыпты. Сонымен қатар, жоспардан тыс тексеру нәтижесінде 114 аза­мат­тың құзырлы органдар тара­пы­нан жазықсыз зәбір көр­ген­дері әшкереленгенін атап өту керек. Осындай жағдайға бай­ла­нысты деректер келтіретін бол­сақ, қызметтік өкілеттігін пай­да­ланған Есіл ауданындағы ауыл­дық округ әкімі К.Мусин С.Грибанова мен Е.Рихтердің ша­ғымы негізінде тәртіптік жауап­кершілікке тар­тылып, қа­таң сөгіс алған. Сол сияқты құқық қорғау бағытында кері көрініс беруі заңдылық сияқты. Яғни, кей жағдайларда арнайы тексеріс нәтижесінде құрығы ұзын құзырлы орган өкілдерінің ар-намысы аяққа тапталған сәттер де айқындалған. Мәселен, Маңғыстау облысындағы Қарақия ауданы әкімі аппаратының бас маманы А.Кулиманова қызметінен заңсыз босатылған. Әдеп кеңесінің іске араласып, ұсынуымен ол өз қыз­метіне қайта оралды. Тағы бір мысал, Кедендік бақылау комите­ті­нің бұрынғы қызметкері де екі жылдық табанды күресінің арқа­сында өз құқының аяқасты етілге­нін дәлелдеп, қызметке қайта кел­ген. Осы секілді кемшіліктерге бой алдырған 55 мемлекеттік қыз­меткердің құқы қорғалып, оған кінәлі 149 адам тәртіптік жауап­кершілікке тартылған. Министрлік өкілдерінің айтуын­ша, мұның барлығы да мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексін жетік меңгер­меуі­мен тікелей байланысты көрі­неді. «Ел боламын десең, бесі­гіңді түзе» деген тәмсілге сүйе­не отырып, біз қоғам жастары мен бүгінгі балаларымызды сы­бай­лас жемқорлықтан қашық болуға жетелейтін таным-түсінік беру жолында тәрбиелеуге күш салудамыз. Сол үшін де ЖОО мен мектеп бағдарламаларына сыбайластыққа қарсы білім беретін сабақ пен арнайы сағаттар енгіздік. Осының аясында 1,5 мил­лионнан астам мектеп оқу­шы­сы мен 200 мыңға жуық лицей-кол­ледждердің, 125 мың ЖОО сту­дентінің аталған салада білім­дері толы­ға түсуде. Сонымен қатар, министр­лік бастамасымен 105 жоғары оқу орнында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негіздері» тақырыбында арнайы оқу бағдарламасы енгізіліп, оның аясында жыл сайын 114 мың сту­дент білім алатын болады деп күтілу­де», – деді А.Шаймова. Вице-министр келтірген дерек­­терге қарағанда, жемқор­лық­­тан қоғамды жеріндірудің алғышарттары да қолға алынған. Оның бір шеті әдебиет пен мәде­ниет және өнер туынды­лары­на келіп тіреледі. Соның бір бағы­ты ретінде соңғы кездері театр­лан­дырылған қойылымдар арқы­лы үгіт-наси­хат жүргізу қолға алынуда. Мысалы, Алматы қала­сында «Тендерге түскен келін­шек», Ақтөбе облысында «Коман­дос» және «Ескерткіш опера­ция­сы», Маң­ғыстау облысында «Серттесу», «Жолайрық», Сол­түс­тік Қазақстан облысында «Жетім тағдыр», «Реви­зор» мен «Смешные деньги» және Шы­ғыс Қазақстан облысында «Жем­­­қор­­­лықты жеккөрем» сын­ды спек­­так­льдерді көрермен назары­на ұсыну жоспарланған. Алқа отырысын қорытын­дылаған министр Талғат Донақов елді сыбайлас жемқорлықтан ада етіп, мемлекеттік қызметкерлердің пасық ойдан қашық болуын, ал қоғамның санасын сергітуді қатаң заңдармен ғана қамтамасыз ету мүмкін еместігін меңзей отырып, ұлтты рухани құндылықтарға ұйыстыру арқылы кім-кімнің де ар-ұятын күшейтуге үндейтін мұндай бастамалардың берері көп екендігін атап өтті. Руханиятқа қызмет ету, адам баласының ішкі әлемі мен жан дүниесін жақ­сы дүниелермен сусындату ар­қы­лы «жегі құрттан» ел-жұртты жерін­діру Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің мінсіз мін­детіне айналатындай. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА