• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2016

Инвестор ма, «экспортер» ма?

310 рет
көрсетілді

Шумахердің қасында Алдар көсеңіз аузын ашып айдалада қалады екен. Алдары бар болғыр ауыл арасындағы бірен-саран байларды алдап соғып, тапқан-таянғанын кедей-кепшікке үлестіріп береді ғой. Ал Шумахеріңіздің анау-мынау емес, тұтастай бір өңірді тақырға отырғызатындай мүмкіндігі бар. Кімнің амалы күшті екенін төмендегі жайттан өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз. Алдар ма, әлде Шумахер ме?! Әлқисса, Германияның азаматы болып табылатын Роберт Шумахер мырза «Ақ Құлын» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігі қожайындарының бірі ретінде осыдан бірнеше жыл бұрын Ақмола облысы Қор­ғалжын ауданының аума­ғынан ірі көлемдегі жер телімін ресімдейді. «Ақ Құлын» компа­ния­сының 2012 жылы дабылы жер жарғаны бар. Жер жарғаны сол, ауқымды алқапта ұзындығы 67 шақырымға созылған ор қазылды. Сондағысы, жайы­лым­ға басқалардың, яғни жергілікті халықтың мал тұяғын бастырмау. Жер дауы басталды дейсің осыдан кейін. Қара жерді қазғаны өз алдына, техниканың табаны зираттарды да қиратып ала жөнелді. Құқық қорғау органдары атал­ған мәселеге байланысты іс қозғады да. Қазылған мәйіт­тер­ден шығарылған сүйек­тер сарап­тамаға да жіберілген. Қыс­қасы, ойына келгенін істеп, ойнақшыған «Ақ Құлын» қара халықтың ырысын иемденіп қана қоймай, ата-бабаларының да аруағын мазалап, сүйектерін сыртқа сүйретіп тастағаны ха­лық­ты қатты қынжылтты. Роберт Шумахер мырза әу бас­та аты дардай «КазГерСтрой» БК» ЖШС құрылыс холдингі құрылтайшыларының бірі болыпты. Аты айқайлап тұрған соң, салған қаржысы да қомақты шығар деп ойлап қалуыңыз кәдік. Өйткені, шетелдік инвестордың қомақты инвестиция құйғаны өз алдына, тапсырыстарды жүзеге асыратын техникаларды сатып алады емес пе? Қай-дағы?! Сөйтсе, 2004 жылы құрылған «КазГерСтрой» БК» ЖШС-тың жар­ғылық капиталы 99 мың теңге ға­на болып шықты. Роберт Шума­хер құ­рыл­тайшылардың бірі рет­ін­де өзі­нің 33,3 пайыз мөл­шерін­дегі үле­сіне сәйкес, жарғы­­лық ка­пи­тал­­ға 33 мың теңге құяды. 33 мың тең­ге! Бүгінгі күні компа­ния­­ның жар­ғылық капиталы 444 мың тең­гені құраса, Роберт Шума­хер­­дің үлесі сол баяғысынша – 33 па­йыз! Бұл туралы «Время» газеті (26.07.2016) жеріне жеткізе жазды да. Бәрін айт та бірін айт, компа­­ния­­дан түсетін пайданы айт­­саңшы. Компанияның айна­лы­мы жыл сайын өсіп, құрыл­тай­шылар қомақты дивиденттерді алып отырғаны өз алдына бір әңгіме. Әрине, бас директор ретінде Роберт Шумахер қомақ­ты жалақы алатыны сөзсіз. «КазГерСтрой» БК» ЖШС жұ­мыс істегелі бері германиялық биз­­несменнің есепшотына 1 мил­­лиард 117 мил­лион теңге ауда­ры­лыпты. Инвес­тор емес, Қазақ­станның қаржы­сын сыртқа шыға­ратын құдды «экспортер» сын­ды. 33 мың теңге инвестиция салып, 1 миллиардтан астам пайда табатын болса, құдай-ау кез кел­ген қазақ­стандық инвестор болуға ұмты­лады ғой?! «КазГерСтрой» БК ЖШС-нің балансындағы техниканың біразы серіктестіктің өзінің қаржысына сатып алынса, ал келесі бір бөлігі лизингке алын­ған. Серіктестіктің бұрынғы акционері Данияр Тілеубергеновтің айтуынша, компанияның бар бизнесі автожолдар құрылысына қатысты мем­лекеттік тапсырыстың арқасында дәуірлеп тұр­ған көрінеді. Қысқасы, Шумахердің инвестор ретінде құйған 33 мың теңгесінен басқа ештеңесі байқалмайды. Қайта Қазақстанның ақшасы сыртқа кетіп жатқаны болмаса... Роберт Шумахердің атын шулатқан шаруаның бірі осындай. Ал, елорда іргесіндегі 29 мың гектар жерді иемденген «Ақ Құлын» бәз-баяғыша оны қажетіне жаратып келеді. «Жерді шетелдіктерге жалға беруге болмайды» деп жер-жерде жиын өткізіп, даусымыз қарлыққанша дауласып жат­қанда, Шумахерлердің істеп жатқан тірлігі мынау. Осыдан кейін жерді жалға беру туралы мәселе қалың көпшіліктің көңілінен шығатындай болып шешілетініне кәдімгідей күмәнданады екенсің. Бір қарағанда, мәселе Шумахерде тұрған жоқ сияқты. Гәп – керенау кеңселердегі ұлықтарда. Шумахердің құрылтайшы-серіктестерінде. Со­ларды қамқорлығына алып, сол бизнестен «өзіне тиесілі үлесін алып», шырт түкіріп отырған шенеуніктерде. Ендеше, Шумахер салған ізбенен ертеңгі күні басқа шетелдіктердің де «тоғызыншы территорияны» игеруге «инвестор» болмасына кім кепіл?! Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»