Өткен аптаның соңғы күндерінде Қытайдың бірқатар өңірлерінде су тасқыны жүрді. «Женьминь жибао» партиялық газеті жариялаған ресми мәліметтерге сүйенсек, Қытайдың орталық, солтүстік және солтүстік-шығыс аудандарын басқан су тасқынынан 150-ден астам кісі көз жұмып, ондаған адам із-түзсіз жоғалған. Жүздеген мың тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілген.
Мемлекеттік «Синьхуа» ақпарат агенттігі табиғи апат салдарынан ең көп зардап шеккендер саны Хэйбэй мен Хэнань провинцияларында тіркелгенін хабарлады. Арнайы қызмет өкілдері дер кезінде дабыл қағып, шұғыл іске кіріскенімен, қаза тапқандар мен жоғалғандар саны көп болды. Сарапшылардың айтуынша, жағдайдың осыншалықты ушығуына қатысты қоғам арасында пікір қайшылықтары да жоқ емес.
Атап айтқанда, «South China morning post» басылымы күні кеше ғана Хэйбэй провинциясының бірнеше қаласында тұрғындар төтенше жағдай орын алуы мүмкін екендігін ескертпеді деп билікті кінәлап, ереуілге шыққан.
Ал Қытайдың Азаматтық әкімшілік министрлігі жанындағы Табиғи апат зардаптарын жою бөлімінің басшысы Ян Сяодун журналистердің сауалдарына жауап бере келе, биліктің шарасыз күй кешіп, қол қусырып отырмағандығын мәлімдеген. Сондай-ақ, ол өз кезегінде жергілікті тұрғындарды сабырға шақыруда. Азаматтарды аз уақыт ішінде түскен жауын-шашын мөлшерінің рекордтық көрсеткішіне түсіністікпен қарап, қарсы әрекетте табанды әрі жігерлі болуға үндеді. Оған қоса, шенеунік кейбір жергілікті органдарда орын алған кемшіліктерді ашық мойындап, олқылықтарды тез арада түзеуге уәде етті.
Үш күн бұрын ғана ҚХР орталық билік органы жоғарыда аталған Хэйбэй провинциясының зардап шеккен азаматтары үшін 250 млн. юань (37,37 млн. доллар) қаржы бөлген болатын. Елдің ақпарат құралдарында бұл қаражаттың бірінші кезекте тасқын судан зардап шеккендерге және оларды қауіпсіз жерге көшіріп, олардың алғашқы қажеттіліктерін өтеуге жұмсалатындығы айтылуда. Сонымен қатар, бүлінген үй-жайларды қалпына келтіру мен қаза тапқандардың ағайын-туыстарына да материалдық көмек қарастырылатын болады деп күтілуде.
Жалпы, мамандар Қытай аймақтарында жаздың жаңбырлы маусымы ай соңына дейін толастамауы мүмкін деп болжайды. Әсіресе, Янцзы өзенінің бойындағы елді мекендер үшін қауіп күшті. Су тасқыны жағынан биылдың өзінде екінші рет орын алып жатқан мұндай табиғи апатқа жауын-шашынның шамадан тыс көп түсуі себеп. Бұған дейін маусымның алғашқы жартысында Қытайдың оңтүстік және орталық аудандарында су тасқыны жүріп, жүздеген адам мерт болып, мыңдаған тұрғын үдере көшкен болатын. Ол кезде Гуанси, Хунань, Хубэй, Сычуань мен Хэнань секілді провинциялардың ондаған мың үй-жайы қызыл судың астында қалған.
Табиғаттың тосын мінезі тіпті, Қытай астанасы Пекинде қатты сезіліп, тоқтаусыз жауған үш күндік жауыннан қала көшелері суға лықа толған еді. Сол кезде жыл басынан бері жауын-шашын салдарынан келген апат зардаптары есептелген. 1 074-тен астам адам көз жұмып, 270 жан із-түзсіз жоғалған және экономикалық шығын көлемі 298 млрд. юаньды (44 млрд. доллар) құраған. Төтенше жағдайларды жою жөніндегі бөлім меңгерушісінің орынбасары Ян Сяодун осы жағдайларды ескере келе, Орталық үкімет 1,67 млрд. юань көлеміндегі қаражатты мұқтаж жандарға көмек ретінде таратып бергендігін айтады. Ал арнайы мамандар болса, Қытай тарихының соңғы жүзжылдығында мұндай жағдай тіркелмеген дейді.
Толассыз жауған жауын салдарынан орын алып жатқан Қытай елінің қайғысына бүгінде әлем жұртшылығы ортақтасып, көңіл білдіруде. Мемлекет басшылары да көңіл айтқан жеделхаттар жолдауда. Олардың қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар.
Руслан Изимов,
қытайтанушы