Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында ұйымдастырылған фестивальдің «Желтаудың желмаясы» атануы елең еткізген. Желмаяны халқымызға жайлы қоныс іздеген Асан қайғы бабамызбен байланыстырамыз. Данышпанның желіп жүріп көз жеткізгені – қазақ даласының барлық пұшпағы жұмақ екендігі. Желтауды Абылайды хан көтерген Қанай би Құттымбетұлы таңдаған екен. Ал Абылайдың ақ түйесі хан жорықтарының сәттілік символы ретінде қастерленеді. Кейінірек Желтауды жағалай Қанай бидің алты ауылы қоныс тепкен. Бүгінгі танымдық шара би ұрпағы Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдулллиннің ауылы Қойсалғанда өтуде.
Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Мәлік Ғабдуллин музейі ұйымдастырған тарихи этно-мәдени фестиваль қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін молынан қамтыған ауқымды шара болды.
Жаңбырлы жаз ғой. Алыстан мұнартып көш-керуен көрінді. Мерекесі мен берекесі шалқыған көңілді көш. Ауа райының кез келген уақытындағы көшпелі өмірге дағдыланған топты Қойсалған ауылы қуанышпен қарсы алды. Арнайы киіз үй тігіліп, іргесіне желмая шөктірілді. Әнші Аслан Мұхамедиярдың орындауындағы Құдайберлі Мырзабектің қазақ көшін кейіптеген әні жұртшылықты толқытып жіберді.
Ел думанына жиналған қалың көпшілікті Зеренді ауданының әкімі Асқар Мұратұлы, облыстық ішкі саяат және мәдениет басқармаларының басшылары Айна Мысрәлімова мен Сәуле Бөрібаева, қоғам қайраткері Аманкелді Садырбеков, Қазақстанның кинологтар федерациясының президенті Оралбек Кайсанов, ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік бапкер Рамазан Сатыбаев, Көкшетаудағы М.Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабеков құттықтады.
Бұдан соң Құрманғазының «Көңілашар» күйі ойналып, көрермен алдынан Мемлекеттік Туымызды көтеріп, ақбоз ат мінген М.Ғабдуллин бейнесіндегі офицер соңына екі сарбазын ертіп шауып өтті. Еліміздің Әнұраны қалықтап, Көк байрағы желбірегенде рухтанып, арқаланбаған адам қалмады. Енді бір сәт көпшіліктің назары тойдың басталғанын хабарлап, ат үстінде домбырасын дүбірлеткен жаршы Сәрсенбай Хасеновке ауды. «Базарың тарқамасын, ардақты елім» деп алқалы топтың алдында Әбдісалық Салық кетті әуелетіп.
Фестиваль аясында киіз үйлер, ұлттық тағамдар, қымызмұрындық, өнертапқыштар, ұлттық қолөнершілер байқаулары мен табақ тарту, сағыз қайнату сияқты ұлттық дәстүрімізден көріністер ұйымдастырылды. Облыстық ұлттық спорт мектебі шәкірттерінің қатысуымен қауым алдында аударыспақ, көкпар, жамбы ату, теңге ілу, қыз қуу сияқты ұлттық ойындар ойналып, тазы мен төбет сияқты қазақтың текті иттерінің көрмесі де қызықтырды.
Алты ауыл жүйріктерін ортаға шығарып, өзара бақ сынасқан бәйгеде Қойсалған ауылының тұрғыны Алмас Башировтың аты бірінші келсе, Сарыөзек өкілі Әділ Сәлімжан екінші орынды иеленді. Үшінші орынды Дархан Зинатоловтың жүйрігі алды. Бұдан соң ортаға балуандар шығып, боз кілем үстінде белдесті. Қазақ күресінен үшінші орынды Сәкен Сейфуллин ауылының балуаны Расул Жүсіпәлин иеленіп, екінші орын Бірлестік ауылының тұрғыны Қайыржан Сағындықовқа бұйырды. Бірінші орынды Игілік ауылының балуаны Нұрлыбек Қабдолов жеңіп алды. Ал Қанай ауылының тұрғыны Абылай Баяділов «Желтаудың желмаясының» түйе балуаны атанды.
Жиын барысында ақындар айтысы, дәстүрлі әншілер байқауы өткізіліп, облыстық аналар ұйымының мүшесі Рауза Бәйкенова Гүлшат Жолдыоңғар есімді нәрестені бесікке бөледі. Сондай-ақ, бес нәрестенің тұсауы кесіліп, жақында сүндеттелген Даниал Сәрсенбаевқа бәсіре тайы мінгізілді.
Далалық көрме алаңында «Kazakhstan Innovations» қоғамдық қорының төрайымы Мәриям Әбішева иннновациялық жоба таныстырылымын өткізсе, жергілікті қолөнер шеберлері Кенжебай Смағұлқызы, Рустам Яковлев, Ермұхамед Қазиханов өз қолымен дайындаған ұлттық бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы
Суреттерді түсірген
Ермұрат ДОСЫМОВ