• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
29 Шілде, 2016

Қазақ күресі: өзгерте бергеннен не ұтамыз?

737 рет
көрсетілді

немесе «Қазақстан барысы» турнирінен кейін туған ойлар «Қазақстан барысы» турнирінің алтыншы кезегі қалай өткені жайында әлі егжей-тегжей жазыла жатар. Ал біз осы жарыста көзіміз шалған кейбір жәйттер мен төл спорттың түріне кейіндеу енген өзгерістер жайы­нан жөпелдемеде ой қозғағанды жөн санадық. Мақсат – қазақ күресінің қарапайым жанкүйері ретінде қайтсе күресіміздің көші түзеле түсер екен деген мүбәрак тілекке үн қосу. Биылғы «Қазақстан барысының» алдында қазақ күресіндегі балуан­дарымыздың киіміне өзгеріс енгенін естігенбіз. «Жең мен балақ ұзарды» деген. Осы «жең» дегеннен шығады, күртенің жеңін шынтақтан шолтитып қиғаннан қазақ күресіндегі тартыстың қызығы арта түскенін байқай қоймадық. Керісінше, балуандарымыз жеңнен ұстай алмаған соң тұсаулы аттай кібіртіктеп жүр. Амалдың жоқтығынан жағадан қос қолдап ұстап, көбіне айла-тәсілді қара күштің көмегімен ғана іске асырады. «Әттең тонның келтесі» демекші, мүмкіндік шектеулі болғаннан соң, айла-тәсіл жасаудың аясы да тарылады емес пе? Осындайда «Шіркін-ай, дзюдо­дағыдай жеңді ұзартса ғой», деген ойдың қылаң беретіні рас. Шынында да, күресіміздің көркемдігін арттыру үшін күртенің жеңін неге ұзартпасқа немесе оны ұзартпай отырғандағы мақсат не? Күртенің жеңі ұзарып, шалбардың балағы сол бетінде қалса, «Дзюдоға ұқсап кетті», деп кім айта алады? «Балақ» демекші, жаңа ереже бойынша ол бар болғаны бес-алты сантиметр­ге ғана ұзарған сияқты. Осыны іске асырғандардың нені көздегенін түсіне алмай, дал болдық. «Тізе көрінбесін» деген әсіредіншілдердің әдеттегі әңгімесі ме? Енді қарап тұрсақ, тізеден сәл төмен түскен балақ балуандардың сықпытын алып, сәнін кетіріп-ақ тұр екен. Құдды бір қарны қампиған қырмасақал туристің тізеден түскен шортик-шолақ шалбарындай болған да қалған. Сонан соң, осы шалбар балуандар терлеген кезде тізеге жабысып, оның бүгіліп-жазылуына кедергі келтіретін де сияқты. Мұны, әрине, міндетті түрде балуандардан сұрау керек. Несін айтасыз, күрескерлеріміздің бұрынғы шолақ шалбары көрер көзге сүйкімді-ақ еді. Бір қызығы, балақ ұзартқыштар осы жайында балуандардың ой-пікірімен санасты ма екен?.. Әлем танысын деп әрекет етіп жүрміз, әлбетте, балуандарымыздың киген киімінің сырт көзге сәнді болмағы керек. Дизайн тұрғысынан келгенде, талғам таразысынан қара­ғанда. Сондықтан да, енгізілер өзгеріс­тер мықты деген мамандардың сүзгісінен өтіп барып, халықтың талқысына ұсынылса құба-құп болар еді. Күрестің киесі кілем болса, иесі халық емес пе? «Қазақстан барысында» биыл да бишілер мен әншілер киелі кілемнің үстінде аяқкиіммен асыр салып жүрді. Жапонның татамиін, сумосының шеңберін бөтен біреудің аяққа тапта­ғанын көрген жан бар ма? Әрине, жоқ. Өйткені, оларда дәстүр мен мәдениет сан құбылмай, әлдеқашан салтанат құрып қойған. Сонда біз неге қасиетті күресіміздің киелі кілемін ойын-сауықтың астына салып беріп жүрміз? Жә делік, спорттық мереке – билесін, ән де шырқалсын. Бірақ кілемнің үстін уақытша болса да жауып қоюға немесе басқа бір амалын табуға болады ғой. Сонан соң бір байқағанымыз – қанша белдесу өтсе де, кілемнің бетін сүртіп алып жүрген бір жанды көрмедік. Тартыс болған соң тер шүмектеп төгіледі, төреші оны аяқ киімімен таптап жүр, әрі-беріден соң кілем үсті кірлейді ғой. Әр белдесуден кейін лып еткізіп сүртіп алып отырса, күреске деген таза құрметтің бір түрі емес пе, бұл? «Төреші» дегеннен шығады, осы жолғы жарыстағы егделеу келген бір арбитрдің кілем үстіндегі енжар қимылы еріксіз назар аудартты. Әлде денсаулығы сыр берді ме, мүмкін табиғаты солай ма екен, әйтеуір, оның селсоқ тұрысы жан алысып, жан беріскен тартыстың тұсында көзге шыққан сүйелдей болды да тұрды. Төреші деген кілемді айнала жүгіріп, балуандардың әрбір қимылын аңдып жүрмеуші ме еді? Сонан соң бұған дейінгі біз көрген «Қазақстан барысында» төреші жеңген балуанның қолын алға қарай бір, сонан соң орнында айналып, артқа қарай тағы бір көтеретін. Ал бұл жолы әлгі төреші әдеттен жаңылып, жеңімпаздың қолын балуандарды еркін күрестегідей кілемді айналдыра сүйреп жүрді. Ұсақ-түйек нәрсе шығар, бірақ осының өзі-ақ қазақ күресінің өзіне тән кіп-кішкентай ғана тәртібіне нұқ­сан келтіргендей әсер еткені рас еді. Айта берсе, әңгіме көп. «Қазақстан барысы-2016» өтпес бұрын БАҚ беттерінде додаға қатысатын төрт ба­луанымыздың, атап айтқанда, Мереке Тұраев, Александр Косачев, Айбек Нұғымаров және Самир Мамедовтің допинг қабылдағаны туралы ақпар жарық көрді. Іле «Төртеуі де жарыс­тан шеттетілді», деген қатаң үкімді де естігенбіз. Бірақ көп ұзамай осы төр­теудің үшеуіне күресуге рұқ­сат берілді. Бақсақ, бұлардың қолданғаны титтей ғана допинг екен. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан». Демек, бұл балуандар допингтің дәмін бұрыннан татып жүрген сабаздар болды-ау деген күдіктің бой көрсеткені жасырын емес. Жарысты ұйымдастырушылардың  допинг пайдаланғандар қанындағы мельдоний концентрациясы 1 мкг/мл-ден аспағанын желеу етіп, жал­пақшешейлік танытқаны таң-тамаша қалдырады. Жалпы, бұл әрекет қайта бір оралып, терең зерттеуді, тәп­тіштеп тергеуді қа­жет ететін сияқты. Өйткені, бүкіл әлем допингпен алысып жатқанда, біз онымен күресте «бармақ басты, көз қыстыға» жол берсек, күресімізді төрге шыға­рамыз деп жүрген тірлігімізден түк те шықпайды. Елге жеккөрінішті қыл­ғаннан басқаны көріп те тұрған жоқпыз. Сөз соңында айтпағымыз, «Қазақ­стан барысы» қазақ күресін дамыту қорының» төрағасы Арман Шораев мырза «төл күресіміздің атауы өзгеруі мүмкін» деген пікір айтыпты. Балақ пен жеңді ешкімге айтпай, бес-алты сантиметр ұзартқандарымен қоймай, күні ертең халықпен кеңеспей, күресіміздің атауын адам танымастай өзгертіп жіберер ме екен деп те уайымдайсың. Рас, мың құбылған мына дүниеде қазақ күресіне де заманның талабына сай өзгерістер керек те шығар. Бірақ, біз дәстүр деген дүниеге келгенде діні қатты болуымыз керек. Баяғыда бұл «қазақша күрес» еді, кейін «қазақ күресі» болды. Бұған жөн дедік. Ал енді өзгерткенде ол не болмақ? Оның атын өзгерткеннен кім не ұтады? Ең бастысы, ол кімге және не үшін керек? Ал айналаны бұзып шапқандай, қалыптасқан дүниенің тұнығын шайқап, түп қазығын ырғай бергеннен ұтпасымыз анық. Не істесек те, кеңесіп істесек еді. «Келісіп пішкен тон келте болмас», дегенді аталарымыз тегін айтпаған шығар?! Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ