«Имстальконның» өндірістік қуатына қалай тұсау салынып отыр?
«Имсталькон» акционерлік қоғамының өмірлік-өндірістік еңбек жолы елордамыз – Астананың өсіп-өркендеуімен тікелей байланысты. Олай дейтініміз, Астананың көркін ашқан «Бәйтеректен» бастап, Президенттің Ақордасы, Парламент Мәжілісінің ғимараты, Республика сарайы, Есіл өзеніне асылып салынған көпір, «Астана-Арена» стадионы, «Алау» мұз сарайы, конькишілер стадионы, республикалық велотрек, Назарбаев Университет, халықаралық әуежай... тізбегіндегі барлық ғимараттың қабырғасын сом темірден тұрғызып, керегесін керген осы мекеме. Бұл арада Алматы мен еліміздің басқа да ірі қалаларындағы компанияның ғимарат салудағы өзіндік көрнекті қолтаңбасы туралы еске алып та отырған жоқпыз. Металл құрылымдарын жасау мен құрастыруда республикамызда бірінші болып 1991 жылы өндірістік қызметін жаңаша бағытта, соны үлгіде бастаған, байырғы «Казстальконструкция» құрастыру тресінің (1956 ж.) заңды мұрагері – Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы – «Имсталькон» осы жылдар ішінде артынан жаманат сөз ілестіріп көрмепті. 2013 жылғы Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс нысандарын салуда «Жыл таңдауында» №1 орын алуы да тектен-тек төбеден түсіп келе салған сый яки мәртебе емес. Құрылыс салуда қызметі таза, атқарған ісі адал, атағы дардай осы компанияның басына аяқ астынан бұлт үйірілді...
Қазіргі нарық заманында байдың бір мезетте кедей, кедейдің өмірде сирек те болса бір мезетте байып шыға келуі секілді құбылыстар таңсық емес. Дегенмен, 7 мыңдай кәсіби маман-жұмыскері, республика бойынша барлығы 27 металл құрылымдарын жасау мен құрастыру зауыты, бірқатар монтаждау кәсіпорындары бар алпауыт мекеме қай жерде сүрінді екен деген сауал тууы заңды?! Танымал кәсіпорынды 25 жылдан бері үлгілі басқарып келе жатқан – бас директор Михаил Резуновтың өтініші бойынша орын алған оқиғаның ақ-қарасын анықтауға атсалысып көрдік.
Елбасымен Теміртауда бір зауытта иық тіресе еңбек еткен білікті инженер өзінің өмірлік тәжірибесінде өзі басқарып отырған өндіріс орнының бұрын-соңды дәл бұлай тығырыққа тірелмегенін айтады. Бәрі де ресейлік «Сбербанктің» шартта көрсетілген бастапқыдағы 11 пайыздық сыйақы мөлшерін ешбір сұраусыз бірден 18 пайызға көтеріп жіберуінен басталыпты...
Оқырманға түсінікті болу үшін әрі бұл түйткілді мәселенің мәнін ашу үшін күнделікті өмірде өзіміз куә болып жүрген оқиғалардың төңірегінде аздап сөз қозғауға тура келіп тұр: сіз судай жаңа шетелдік яки отандық дейікші, көлік сатып алғыңыз келіп, Алматыдағы самсаған автосалонның біріне бас сұқтыңыз. Алдыңыздан құрақ ұшып шыққан салон менеджері сіздің қолыңыздағы жетпей тұрған қаражатыңызды бүтіндеу үшін салонмен тікелей жақсы қарым-қатынастағы мүдделес банктің тізімін алдыңызға тастай қояды. Бірақ, маған жақын, менің жалақы алып отырған банкім ол тізімде жоқ. Амалсыз, көз жауын алған көлік үшін салонның мүдделес банкінің талабына мойынсұнасыз. Бұл мысалды не үшін алға тартып отырғанымыздың жайын қазір түсінесіз...
Мән-жайға жөпелдемеде қаныққан соң бас директорға менің алғашқы қойған төте сауалым: «Қазақстанның алып құрылыс мекемесі Қазақстанның өзінің банктерінен неге несие алмаған, кешіріңіз, әрине... «айдаладағы» «Сбербанкте» не ақыларыңыз қалып еді?» болды. Естіген жауабым: «Сауалыңыз өте орынды. Металл өзіміздің Теміртауда шыққанымен, құрылыс нысандарына қажетті әрі оңтайланып құйылған барлық темір-терсек құрылымдарын «Имсталькон» Ресей зауыттарынан сатып алады. Әрі ұзақ жылдардан бері солай, үздіксіз сатып алып келеді. Тапсырыс берушінің ұсынған жобасына орай жасалатын құрылыс материалдары түгелдей Ресейдің зауыттарында жасалады. Мың-мыңдаған тонна металл құрастырылымдарды сатып алуға қаражат тапшылығына тап келгендіктен де компания («Имсталькон»), әдеттегідей зауыттардың өзі ұсынған, жоғарыда айтып өткендей, мүдделес банктерден несие алуға мәжбүр. Ресейліктер «Алмасаңыз, өзіңіз біліңіз, ал сіздердің Қазақстанның банктерімен біз есеп айырыса алмаймыз!..» дейді бірауыздан. Ширек ғасыр ішінде ешбір өндірістік теке-тіреске келмей-ақ сенімді әріптестікпен әрі ынтымақтастықпен жұмыс істеп келетін, несиені үстеме пайызымен шашып беріп жүрген ресейлік «Сбербанктің» мінезі өткен жылғы ақшаның девальвацияға ұшыраған кезінде бірден құбылды. Банктің аяқ астынан оянған «қызылға деген тәбеті» қазақстандық құрылыс компаниясын қас пен көздің арасында тәлтіректетіп тастады. Тығырыққа тұтқиылдан кездейсоқ тұмсық тіреген «Имсталькон» амалының құрығанынан Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан қол ұшын беруді өтінді. Істің алға жылжығандай болып, үміт отының жылт еткен кезі осы тұс. Қазақстандық құзырлы ұйымның назына назар аударған ресейлік банк басқармасы көп кешікпей Мәскеуде (16 шілде 2015 жыл) «Сбербанк» ЖАҚ Басқармасының төрағасы Герман Грефпен қазақстандық құрылыс ұйымының басшыларын бетпе-бет кездестірді. Өзінің туған «кіші Отанына» құрметі ме, әлде еш уақытта ұятқа қалдырмаған имсталькондық «отандастарына» ризашылығы ма, әйтеуір, сол кездесуде банк басшысы қазақстандық компания үшін үлкен жақсылық жасады. Атап айтқанда, «Сбербанктің» еншілес компаниясына Герман Грефтің өзі болып банктік желі бойынша несиенің мерзімін ұзартуды (пролонгация) 2019 жылдың шілдесіне дейін созуды, сыйақы мөлшерін 11-13 пайыздан өсірмеу туралы тапсырма берді. Түйткілді мәселенің түйіні Мәскеу кездесуінен кейін осылайша шешілгендей сыңай танытқан. Алайда, арада екі ай өтер-өтпесте Мәскеу банкі өкілеттігін пайдаланып несие мерзімін ұзарту, жаңа транш, сыйақы мөлшері туралы қазақстандық құрылыс компаниясына жаңа шарттар қойып, оны құжат түрінде компания атына қайта-қайта жіберуден жаңылмады. Онда несиені қайтару мерзімі уағдаласқан 2019 жылдың шілдесінен 2017 жылдың желтоқсанына дейін шегеріліп, сыйақы мөлшері қайтадан 18 пайызға өсірілді. Доллар бағамы – 1 АҚШ доллары 385(!) теңгеге тең деген көрсеткішпен бекітіліп кеткен! Түсінікті тілмен айтқанда, қазақтар ендігі жерде келісімшарттағы 494,4 миллион теңгенің орнына 2 млрд. 472 млн. теңге төлеуге мәжбүр етілді. Ол ол ма, кепілге қойылған жылжымайтын мүліктерге қатысты жаңа талаптар бой көрсетті. Мәскеуліктердің алға тартқан кейбір шарт-талаптары көпе-көрінеу Қазақстан Республикасының қызметтегі заң талаптарына томпақ келіп жатқанын қайтерсіз? Бұл оқиғадан құлағдар болған бірқатар тапсырыс беруші компаниялар ежелгі әріптесі «Имстальконнан» сырт айналып, аяқтарын тартып, «үрке» қалған сыңай танытты. Осы мезетті сәтті пайдаланған «Сбербанктің» тәбеті бұрынғыдан да ашыла түсті. Мәскеулік банктің мүдделес әріптестері – қазақстандық «Цесна Банк» АҚ пен «Еуразиялық Банк» АҚ «қатардан қалмай» төлем жасау шарттарын «сбербанктік» жаңа үлгіде жасау жағына көше қойды. Үстемелеп қойылған жойқын талаптар компанияға 2015 жылдың қарашасынан бастап өндіріс өмірінде алғаш рет 7000 жұмысшыға жалақы бере алмайтындай жайсыз жағдайға душар етті. 2015 жылдың 10 желтоқсанында несие беруші бір банктің арыз-талабына сай сот «Имсталькон» АҚ-қа қатысты банкрот рәсімін жариялады. Алайда, Алматы қаласы ауданаралық экономикалық сотының 2016 жылғы 30 наурыздағы сол шешіміне қиямпұрыс қараған «Сбербанктің» Қазақстандағы еншілес банкі бұған барынша қарсылық білдіріп бақты. Бірақ, аппеляциялық инстанция соттың бастапқы шешімін дұрыс деп тапты.
Осындай оңтайландыру маусымын дұрыс пайдалана білген «Имсталькон» АҚ теке-тіреске қарамастан тайталаспен өткен осы мерзім ішінде үлкен кәсіпорынның жұмысын бір күн тоқтатпай, мемлекеттік маңызы бар құрылыс нысандарындағы қызметін кідірткен жоқ. Бұл арада аса қиын жағдайға душар болғанына қарамастан шабысынан жаңылмаған компанияның қажырлы іс-қимыл әрекетін шын мәнінде ерлікке балап қойғанның да айыбы жоқ. Банкроттықты сот талқылауына салуды тоқтататын, борышқорды белгілі бір заңды жауапкершіліктен босататын ордерді пайдаланған қазақстандық компания банкроттық оңалту кезеңінде басқа түскен қиындықтан шығудың бар амалдарын жасап, қарастырып баққан. Бірақ, «Сбербанк» енді ресейлік жақын әріптесі «Альфа-Банктің» еншілес банкімен өзара уағдаласып «Имстальконның» басынан өткеріп жатқан банкроттық оңалту кезеңіне қосымша жаңа кедергілер қойып тастады. Дәл осы арада тәтті ас ішкен сайын тәбеттің арта түсетіні секілді, «Сбербанктің» көздеген ең түпкі мақсаты айшықталып, «менмұндалап» бой көрсетіп қалды. «Сбербанктің» онысы көп жыл бойы үзеңгі қағысып қатар жүрген әріптесіне мәдени қысым жасау арқылы «Имсталькон» АҚ бақылауындағы акция пакетін саттыруға мәжбүрлеу екен. Ең қызығы, қазір ресейлік «Сбербанк» алдын ала ойластырып қасақана жасалған рейдерлік қадамын, тіпті, заңдастырып алуға әрекеттенуде. Көрші ел банкінің ол ойы жүзеге асса ше... Ондай жағдайда – қазақстандық аса танымал құрылыс компаниясының барлығы 27 зауыты мен өзге монтаждау кәсіпорындары, 7 мың кәсіби білікті жұмысшысы, инженер-техник мамандары (олардың 60 пайызы бұл компанияда 15 жылдан бері еңбек етеді) бір мезетте Ресейдің иелігіне өтеді де кетеді деген сөз.
Ондай болған жағдайда – Қазақстан Республикасы жыл сайын қазына қоржынына тек салық түрінде түсіп тұратын (еншілес компанияларды қоспағанда) 3,1 миллиардтай теңгеден көзді ашып-жұмғанша қол үзеді.
Ондай болған жағдайда, иек астында көрініп тұрған ЭКСПО – 2017 ғимараттары, Конгресс Холл, Астанадағы жаңа темір жол бекеті мен Алматыдағы құрылысы бітуге таяу «Универсиада-2017» нысандарындағы қазіргі құрылыс ауқымы жұмысын тоқтатады.
Ондай болған жағдайда – Қазақстандық бірыңғай ұлттық зейнетақы қоры тек бір жылда ғана 1 миллиард 194 млн. теңгеден айырылады.
«Имсталькон» акционерлік қоғамы «Сбербанк» АҚ қысымынан қалайда құтылудың жолымен – амалдың жоқтығынан, екінші мәрте Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке хат жазды. Сол арқылы орын алған оқиғаға еліміздің Үкіметін құлағдар етіп, қазақстандық компанияны алпауыт банктің аранынан аман сақтап алып қалуды сұрайды. Ол үшін ел Үкіметінен бастап Ұлттық банк, Зейнетақы қоры кеңесіп қазақстандық компанияны банкроттық оңалту кезеңінен шығуына көмектесуі керек. Компанияның бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері Михаил Резунов еліміздің құзырлы органдарын құлағдар ету арқылы «Біз өзіміздің қазақстандық қуатты кәсіпорнымызды, Тәуелсіздігіміздің құрдасы – ұлттық төл компаниямыздың ғұмырын абыроймен сақтап қалуға бар күшімізді саламыз. Бізге ең болмаса үстеме несиені қайтару мезгілін шартта көрсетілген 2019 жылға дейін создырып берсе де жеткілікті. Ресейлік несиені толығымен қайтарамыз» дейді.
Өндіріс басшысы мен оның Директорлар кеңесінің мүшелері, жалпы компания өзіне де, сөзіне де сенімді. Бастапқы келісімшартқа сәйкес екі жақ 2019 жылды меңзеп қайта уағдаласса, «Имстальконның» сертінде тұрары сөзсіз. Үстеме несиенің бір тиынын кем қылмай қайтарады. Осы жылдар ішінде компания еңбек шарттарында көрсетілген талаптардан бірде-бір рет тайқып кеткен емес. Оған дәлел – құрылыстағы металл құрылымдарын жасау мен құрастырудағы қазақстандық білгірлер қаншалықты қиындықты басынан өткерген осы кезеңде қызметін әдеттегідей, бір күнге, бір мезетке де тоқтатқан жоқ. Көкке бой түзеген қазақстандық құрылыс нысандарының қарасы да көбейіп келеді... әлі көбейетіні қаншама?!
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ