жас мемлекеттік қызметші кадрлық резервке енді
«Мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болады» деді Елбасы жыл басындағы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында. 100 нақты қадамды жүзеге асыру тетіктерінің бірі саналатын «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң аясында күшіне енген талап мемлекетті кәсібилендіру алғышарттарының бірі болмақ.
Провинцияда туып, Парижде тұруды поэзия өкілдері ғана емес, өзге кәсіп иелері де қалайды. Әсіресе, албырт жастардың дені астанадан бақыт іздейтіні жасырын емес. Ал біздің кейіпкеріміз – Ерболат Мұхамеджанов, керісінше, Астанадан ауылға ауысып келген, Президент мақаласында айтылғандай, мемлекеттік қызметті төменгі сатыдан бастаған азамат.
Жиырманың бел ортасынан асқан Ерболат Семей қаласында туып, Үржар өңіріндегі Қарабұта ауылында өсті. Барқытбелдің баурайында балалық бал күндерін өткізген ол 1995 жылы Қарабұта ауылындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 2004 жылы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мамандандырылған мектеп-интернатта білімін жалғастырды. 2006-2012 жылдар аралығында Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика және бизнес университетінде «экономика» мамандығы бойынша бакалаврлық және магистрлік білім алды.
Ол өзін өзі сынай білетін, қандай ортаға түссе де әріптестерімен тез тіл табысатын жас. Жоғары оқу орнын бітірген жылы алғашқы еңбек жолын қолданбалы экономикалық орталықта экономика сарапшысы ретінде бастады. Кейін Алматы сауда палатасы кәсіпкерлік мектебінің директоры болып, бірқатар жоғары оқу орындарында дәріс оқиды. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика және бизнес университеті мен Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде ұстаздық ете жүріп, жеке ғылыми ізденістерін жетілдіре түсті. Көзі қарақты көрерменнің жадында болар, Е.Мұхамеджанов «Қазақстан» ұлттық арнасында «Экономика жаңалықтары» сараптамалық бағдарламасының авторы әрі жүргізуші-редакторы болды. Осындай думанды шаһарды, қызықты әріптестер ортасын қалдырып, ауылға ауысқан Е.Мұхамеджановқа таңғала қарайтындар көп. Алайда, жаңа ортаны жатсынбайтын жас жарқыраған қаладан шекаралық шалғай аудандардың бірі саналатын Үржарға келе салысымен, бастапқыда аудан әкімінің көмекшісі, кейіннен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы болып мемлекеттік қызметке білек сыбана кірісіп кетті.
– Анам «Қазпошта» мекемесінде жұмыс істейтін. Арасында аудан орталығындағы «Қазпоштаға» есеп беруге келеді. Анама еріп келетін мен аудан әкімдігінің алдынан өткен кезде, болашақта осы мекемеде қызмет етсем деп армандайтын едім. Осылайша, жоғары сыныпта оқыған кезде-ақ өмірімді мемлекеттік қызметке арнауға шешім қабылдадым. Бала күнгі тілегімді біртіндеп іске асыра бастадым, – дейді Е.Мұхамеджанов.
Мемлекеттік қызметке келгеніне аз ғана уақыт болған жігерлі жас мұндағы тәртіп пен жауапкершіліктің салмағын сезіне бастағанын, абыройлы міндетке нұқсан келтірмеуге бар күш-жігерін арнап жатқанын жеткізді.
– Менің ойымша, ауылды жерде еңбек етудің өз артықшылығы бар. Мемлекет басшысы Ұлт Жоспарындағы 100 нақты қадамда кез келген мемлекеттік қызметші еңбек жолын төменнен бастауы тиістігін айтты. Себебі, жоғары мінберден еңбек жолын бастаған қызметкер халықтың мұң-мұқтажын түсіне бермейді. Таңертең кірсе, кешке бірақ шығатын қаладағы кабинеттік жұмыс режимі де елмен етене араласуға кедергі. Ал өңірлерде жұмыс істеген мемлекеттік қызметкер күн сайын халықты көреді, сондықтан, мәселенің түп-тамыры мен мәнін жақсы түсінеді, – дейді ол.
Е.Мұхамеджанов аз уақытта Шығыс өңірінің жастар кадрлық резервіне еніп үлгерді. Аталған жоба жөнінде әлеуметтік желілерден білген соң бірден жобаға қатысуға rezerv.kz. сайтына өтініш білдірген екен. «Жастар кадрлық резерві» партиялық жобасына қатысуға Шығыс Қазақстан облысынан 234 адам өтініш білдірді. Олардың арасынан екінші кезеңге 145 адам өтсе, жоба ережесіне сәйкес, соңғы финалдық кезеңге өзін жан-жақты дәлелдеген 2 адам өткен-ді. Е.Мұхамеджанов осы қос үздіктің бірі болды. Бұдан кейін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент мектебінде тәжірибе жинақтады. Республикалық комиссия алдында баяндама жасап, тест сынағынан мүдірмеді.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бағдарламасын жүзеге асыру жолында мемлекеттік қызмет мәртебесін өсіру туралы міндеттердің маңызды екенін жақсы білетін Е.Мұхамеджановтың өзіндік сараптамалары бар. Мәселен, тауар өндіруші компаниялардан алынатын салықтың сату көлемінің бес пайызынан аспауы, сот қаулысынсыз немесе қылмыстық іс қозғалмайынша мемлекеттік тексерулерге тыйым салынуы, мүлікті сату және сатып алуға, компания ашуға нотариалдық растаудың жеткілікті болуы сынды Германия, Сингапур, Жапония мен Оңтүстік Кореяда қолданылатын жүйелер алға жетелейді, – дейді ол.
Жас отбасының егесі белгілі саясаткерлер мен атақты тұлғалардың өмірбаянын оқығанды, ат спорты мен ақыл-ойды жетілдіретін ойындарды ұнатады.
– Жуырда Вячеслав Шестаковтың «Уинстон Черчилль. Интеллектуальный портрет» атты кітабын оқыдым. Әрқашан әскери кейіпте елестететін Черчилльдің мықты суретші болғанын және шешендік өнер бойынша әдебиет саласында Нобель сыйлығының лауреаты атанғанын білдім, – дейді жас та болса зерек кейіпкеріміз.
Саясаттан Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Сингапурдың бірінші Премьер-министрі Ли Куан Ю, Малайзияны тығырықтан алып шыққан Махатхир Мохаммад, экономикадан екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияны аяққа тұрғызған неміс экономисі Эрхард Людвиг пен ағылшын экономисі Джон Мейнард Кейнсті үлгі тұтады. Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі табанды мінездің болуында, дейді жас маман.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы