• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Тамыз, 2016

Мың бір мамандық: таңдауың қандай, жеткіншек?

734 рет
көрсетілді

  Президент Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқа­сында еліміздің экономика және әлеуметтік жағдайы жыл­дан-жылға дамып келеді. Алдың­ғы қатарлы шетелдермен тере­земіз тең, көкейкесті мәсе­ле­лерді шешуде әртүрлі жиын­дар­да өз пікірлеріміз бен ұсыныс­тарымызды ұсынудамыз. Өз Жолдауында экономиканы инновациялық бағытта қар­қынды дамытуда, жастарды тех­никалық мамандыққа қарай бағыттау, бүгінгі күннің өзекті мәсе­лесіне айналып отырғанын Елбасымыз көрегендікпен айтып қана қоймай, нақты жоспарлы іске асыруды тапсырған болатын. Осы бағытта республика бойынша жұмыстар жүйелі қолға алынып, Білім және ғылым министрлігі тарапынан және жеке ашылған орталықтардың жұмыстары жандана түсуде. Дегенмен, мамандық таңдау өзекті мәселеге айналып отыр, олай дейтін себебім, мектептерде оқушыларды мамандыққа баулу жұмыстарында олқылықтар орын алуда, мектеп психологтары бұл жұмыстарды жете талдау­да оқушылар мен ата-аналарға нақты бағыт-бағдар бере алмауда. Әртүрлі ойындар, тренингтерді жүргізуде оларды қызықтырып, әр мамандықтың қыры мен сы­рын ашып, мамандықты дұрыс таңдау арқылы елімізге өнді­ріске қандай үлес қосатынын жет­кізуде біліктіліктерінің азды­ғын байқатуда. Сондықтан мектеп­тердегі психологтарды қайта оқытуға шетелдерде оқыған тәжі­рибесі бар білікті мамандарды тарту арқылы атқарған жұмыстарға сапалы талдау жасап, мониторинг жүргізу қажет. «24KZ» арнасының «Келіссөз» бағдарламасындағы сұхбатта кәсі­би бағдар беруші маман Гүлмира Құлшарбекова айтқандай, бүгін­гі таңда мамандық таңдау орта мектепті бітіретін кезде науқан­шылыққа айналып барады, қай мамандықта грант көп болса, ата-аналарына сыйлық жасағандай, соған қарай құжаттарын тапсыра салады. Ата-аналар балалары ол мамандықты жан-дүниесінің қалауымен таңдады ма, жоқ па, оған көңіл бөлмейді, әйтеуір «жұрттың баласындай» жоғары оқу орнына түссе болғаны деп есептейді. Қазіргі таңда екінің бірінің қолында құқықтану мен экономика бойынша, әлде қаржы саласының дипломы. Елімізде қаншама адамдар дипломдарына сәйкеспейтін басқа мамандықта жұмыс істеп, кейбіреулері базарда тұр. Өзі қаламай түскен оқуды кейін тастап кетеді, кейбіреулері бітіргенмен мардымды жұмыс атқармайды, яғни өзіне де қоғамға да берері аз болатынын өмірдің өзі көрсетуде. Жұмысшы мамандығын бере­тін орта оқу орындарына жастарды тарту қазіргі таңда қатты қолға алынуда. Жұмысшы мамандығына қорықпай бару керек екеніне Елбасымыздың өзі үлгі. Президентіміз Теміртау қаласындағы металлургия зауытында алғаш еңбек жолын бастаған болса, бүгінде өмірлік жинаған тәжірибесін мемлекетті басқаруға пайдаланып отыр. Қазақстанды әлемге танытуы жастарға үлгі-өнеге беріп отыр емес пе?! Бойында күш-жігері мол білікті жастарға бүгінде жол ашық. Елбасының өзі қолдап отырғанда қорықпай алға қарай нық қадам жасауымыз қажет. Мамандыққа бағыттау орта­лық­тарының жұмысын әзір­ге көпшілік дұрыс түсінбейді. Ма­мандыққа бағыттауды ата-а­н­а мен оқушыларға ойын­ша ор­та арнаулы және жоғары оқу орындарындағы әртүрлі маман­дықтарға насихаттау жүргізу деп түсінеді. Шындығында тәжірибеде бай­қағанымыз, оқушылармен жүргізілетін педагогикалық-пси­хологиялық тестер арқылы, не балалармен сұхбаттасу кезінде немесе басқа әдістемелер арқылы олардың жан-дүниесіндегі қиялдары мен ой өрістерінің мол екенін анықтап, олардың білім деңгейін, яғни қабілеттерін, қызығушылығын біле отырып, қай мамандыққа бейімділігін анықтап, нарық сұранысына сай мамандыққа қарай бағыт-бағдар береміз, дейді Құлшарбекова. Өкінішке қарай, мектептердегі психологтардың көпшілігі ондай зерттеу жұмыстарын жүргізбей, ғаламтордан әртүрлі дайын әдіс­темелік нұсқаулықтарды пайдалана салады. Бұл жұмысты жүргізудің әдістемелік арнайы құжаттары болмағандықтан, неден бастау, қалай жүргізу керектігі оларға түсініксіздеу. Бүгінгі таңда балаларды мамандыққа бағыт­тау жұмыстарын 3-11 сыныптар аралығында олардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, сатылай жүргізсе түпкі нәтиженің жемісті болатыны да айтылды. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы елінің нағыз жан-ашыры, патриоты болса, еліміздің келешегі кемел болмақ, сондықтан бастауыш сыныптан бастап ерте мамандыққа баулу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілсе, нұр үстіне нұр болып, экономикамыз инновациялық жағынан қарқынды дамитыны сөзсіз. Осы тұста тағы бір көңіл аударатын жағдай – мектептерде оқытылатын ғылым жүйесіне талдау жасап, бастауыштан кейін мамандыққа қарай оқыту мәселесі бес күндік оқытуға көшкенде еске алынса деген пікірім бар. «Ел болам десең бесігіңді түзе» демекші, елі­міз дамысын десек, Елбасының алға қой­ған міндеттерінің бірі маман­дық таңдау мәселесін ел болып қол­ға алсақ шешілмейтін түйін жоқ. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей, еліміздің бірлігін нығайту өнері өрісті, шешенінің сөзі жемісті қазақ халқының ын­тымағының артуы білімге байланысты. Мамандықты дұрыс таңдау келер көкжиекке кең жол ашады. Үміт ҚОСЕКЕЕВА, білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері