Ақтөбедегі археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған бұл ескерткіштің ең басты ерекшелігі – олардың қару-жарақтарымен бірге жерленгендігі.
Биылғы далалық маусымда Ұлттық музейдің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты еліміз бойынша әрбір тарихи кезеңді қамтитын 10-нан астам нысанда археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Кезекті зерттеудің бірі Ақтөбе облысының Қобда ауданында орналасқан ж.с.д. VI–V ғғ. жататын Төртоба жерлеу-ғұрыптық кешенінде жалғасқан болатын.
Бұл кешендегі биылғы атқарылған жұмыстар мен алынған мағлұматтар туралы экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы бізге қысқаша баяндап берді.
–Жергілікті билік әулеті өкілінің құрметіне салынған Төртоба жерлеу-ғұрыптық кешеніндегі зерттеу жұмыстары 2011 жылдан басталды. Бес жылдық кешенді зерттеулер нәтижесінде ескерткіштің айналасынан 7 жерлеу орны мен 2 ғұрыптық рәсім атқарған нысандар зерттелінді. Ірі сәулет ескерткіші саналатын диаметрі 50 м, биіктігі 4,7 м топырақ үйінділі обада құрылыстың салыну кезеңдерін анықтауға байланысты қазба жұмыстарын жүргізу барысында биыл екі жауынгердің тоналмаған қабірі ашылды.
Бұл жерлеу ғұрпы негізгі ескерткіш тұрғызылғаннан бірнеше жүз жылдан кейін жасалынған. «Ер қуаты – қаруы» дегендей, екі жауынгер ату қаруы – оққа толы қорамсақты садақпен (садақтың тек ізі сақталынған), түйреу қаруы – темір ұшты найзасымен және кесу қаруы – қылыш, қанжарымен бірге жерленген. Оба үйіндісінің ортасындағы негізгі қабір шұңқырының шетіне қойылған үшінші жауынгердің қорамсағынан 184 қола жебе табылды.
Азамат БИТАН