«Қазақ кiлемi» атауын брендке айналдыруға күш салып жүрген Талғат Исхаховтың кәсiпкерлiк саласында қол жеткiзген табысы аз емес. Ол басқаратын «Бал Текстиль» ЖШС-нiң өнiмдерi Қырғызстан, Ресей, Тәжiкстан нарығында жоғары сұранысқа ие болғаны өз алдына, үйге қажеттi тұрмыстық заттар брендiн қалыптастыруда аты әйгiлi шведтiк IKEA International Group компаниясы «кiлемдi сiздерден алсақ» деген өтiнiштерiн бiлдiруде. «Бал Текстиль» кәсiпорны бүгiнде жылына 2 млн. шаршы метр кiлем тоқып, 3 мың тонна жiп иiрiп отыр. Қазақстанда баламасы жоқ кiлем тоқу кәсiпорнының жұмысымен Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы келiп танысуы да бекер емес. Алайда...
Бүгiн өз жолын айқындап алған өндiрiстiң иесi Талғат Исхаховтың кәсiпкер ретiнде танылып, табысқа жетудегi сыры қандай? Таңмен таласып тұрғанның бәрi де кәсiпкер болып кетпегенiн көрiп жүрмiз. Бизнесмен болуға әркiмнiң-ақ ынтасы бар. Әсiресе, оңтүстiкқазақстандықтарды «ширақ, бизнеске бейiмдi» деп жатады. Бiрақ, бәрiнiң бiрдей тiрлiгi «Бал Текстильдей» танымал бола қоймауының себебi неде? Осы жерден өткен күнге шегiнiс жасап көрейiк. Талғат Исхаховтың жүрiп өткен жолы қандай?
Жалғыз сиырын сатып Алматыға кеттi
Бәйдiбек ауданы Жүзiмдiк ауылында туып-өскен Талғат Жүнiсбекұлы Шымкенттегi сол кездегi М.Әуезов атындағы педагогика институтында сырттай оқи жүрiп, ауыл мектебiнде мұғалiм болатын. Үйленген, ол кезде екi кiшкентай қызы бар. Ел қатарлы күн көрiп-ақ жүр. Ал, бала күнгi арманына қол жеткiзiп, қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi деген дипломды алып, шаңырағына шаттана жеткен күнi көңiлi құлазып кеттi. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тұрмыстағы қиындық Талғаттың шаңырағын да айналып өтпеген. Мектеп мұғалiмiнiң айлап жалақы алмауы отауын жаңа тiктеген жас отбасына ауыр тиiп жатқан-ды. «Дипломды болдым» деп келгендегi қуанышын бөлiсерге, достарын шақырып думандатуға қолы қысқа. Ал, келiншегi жұбайының өмiрiндегi өзiндiк орны бар қуанышын отбасылық мереке етiп өткiзуге барын салып бәйек болып жүр. Дастарқанда... қара нан мен құмшекер ғана бар едi. Мұның өзi сол кезеңдегi жарты байлық дерсiз.
– Осы бiр көрiнiс маған қатты әсер еттi. «Отбасымды асырай алмасам, балаларымның тойып тамақ жеуiне жағдай жасай алмасам, несiне азаматпын деп жүрмiн» деген ой келдi. Осы ойға тас түйiн болып бекiнгенiм сонша, бала күннен арман етiп, ұстаз боламын деген мақсатымды кейiнге шегере тұруға бел будым. Тiрлiк iстеп, әрекет ету керек деп шешкенiммен, ол үшiн қолда қаржы болу қажеттiгiн ойлағанда тағы да мазам қашты, –дейдi кешегi күндi еске алған Талғат Исхахов.
Әкеден бес жасында қалған Талғат көп балалы отбасынан шыққан. Анасы үйелмелi-сүйелмелi 9 ұл-қызды жалғыз бағып-қағып, осы күнге жеткiзiп отыр. Кiмнен көмек сұрасын. Бауырлары да өзi секiлдi «шықпа жаным, шықпамен» тiрлiк кешiп отыр. «Бiрдеңе iстеу керек?» дегендi iштей жиi қайталағанмен, не iстеу керектiгiн нақты шеше алмай қиналды. Қапелiмде көзi түскенi есiктiң алдындағы жалғыз сиыр болды. Сол жылы ол да қысыр қалып, ағарғаннан айырылып, қамығып отырған-ды. Түнiмен дөңбекшiп, ауыр ойдан арыла алмай шыққан Талғат сол сиырды сату керек деп шештi. Ауылда мал алатындай ешкiмде ақша жоқ. Бәрi өзi сияқты жарты жылдап жалақы көрмей отырған жұрт. Нақты ақша қалалықтарда ғана бар. Ал Шымкенттiң базарына сиырын апару үшiн көлiгi бар ауылдасы 500 теңге сұрайды. Тәуекелге бел буды.
Ауылдағы малсақ ақсақалға сиырын көрсетiп едi «құны 5 мың теңге болады» деп болжамдады. Бұл тоқсаныншы жылдардың басында үлкен ақша болатын. Шымкенттiң базарына түнделетiп жеткен Талғат таң бозарып атысымен базарға келген алымшыларға сиырының құнын 5 мың теңге деп айтудан жалықпады. Күн қайтып қалған, базарда адам аяғы сиреген, ал, мұның сиыры өтпей тұр. Ауылына қайтып алып кетсе жалдап келген көлiкке қосымша тағы 500 теңге төлеуi тиiс. Алып келiп, алып қайтқаны мың теңге болмақ. Ондай ақша қалтада жоқ.
– Өзiме қоңды болып көрiнген сиырым базардағы малмен салыстырғанда кiп-кiшкентай, ап-арық болып шыға келмесi бар ма? Не iстеу керек? Өткен бағасына берiп тынайын дедiм де 2 мың теңгеге саттым. Оның 500 теңгесiн сиырды ауылдан алып келген көлiктiң иесiне берiп, мың жарым теңгесiне «Қырғы базарға» барып, үйге қажеттi азық-түлiк алдым. Ұн, құмшекер, пiсте май алып, ауылға баратын көлiктен «үйге апарып бере салыңдаршы» деп салып жiбердiм де, өзiм тиын-тебеннiң басын құрап, Алматыға қарай тартып тұрдым, – дейдi Талғат кешегi қиындығын еске алып.
Алайда, ауылдан келген жiгiттi Алматы да құшақ жая қарсы алмады. Жұмыссыздық жайлаған елде нәпақа iздеп алыс ауылдардан үлкен қалаға ағылған өзi сияқты азаматтар аз емес едi. Кездескен қара жұмысқа жалданып жүрдi. Ауылда қалған отбасын ойлағанда, күн-түн демей жұмыс iстеп, ақша табуға бар. Бiртiндеп қиын күндер артта қалып, Талғат сауда жасауға кiрiскен. Кентаудан шығатын су қайнатқыш құрылғыны (кипятильник) Алматы базарына апарып сатады. Сөйтiп жүргенде 1994 жылы базарда кiлем сататын нағашы ағасы Қайрат қасына шақырды. Алдымен Қытайдан, сосын Түркиядан келетiн кiлемдердi пойыздан өздерi түсiрiп алып, базарға алып шығады. Сауда өлтiрген жоқ. Отбасын Алматыға көшiрiп алды. Үйлi-баранды болып жүрiп жатты. Бiрақ «Неге бiздiң елдiң өз өнiмiн сатпасқа? Кiлем тоқу қазақтың қыз-келiншектерiнiң негiзгi кәсiбi едi ғой... Қазақстанда кiлем тоқитын зауыттың болмауы қалай?» деген ой маза бермей жүрдi. Түрiктiң кiлемiн сатып отырып, «қазақтың кiлемi» деген ұғымды қалай қалыптастырсам екен», деп бас қатырды.
Талғат Жүнiсбекұлына кiлем алушы қазақтардың базарға келгенде «Бельгиялық, ирандық кiлем бар ма?», «Түркияның кiлемiн iздеп жүрмiн» деген талаптары намысына тие бастады. «Кезiнде неше түрлi ою салып, қалы кiлем тоқыған апа-әжелерiмiздiң өнерi ұмыт қалып, кiлем өндiрiсi тек шетелдiктердiң ғана қолынан келетiн кәсiп болғаны ма?» деген ой мазалай бастады. Жалған намыстан түк шықпайтынын, нақты кәсiп үйренiп, әрекет ету керектiгiн түсiнген шақта Түркиядан кiлем жеткiзiп берушi түрiк кәсiпкерлермен етене араласа бастады. Кiлем тоқудың технологиясын үйренуге ден қойды. Ой-арманы пiсiп жетiлгенде түрiк кәсiпкерлерiмен бiрлесе отырып, кiлем өндiрiсiн Қазақстанда өркендетудiң жоспарын түздi.
– Тәуелсiздiгiмiздiң арқасында кәсiпкерлiкке кең жол ашылды. Қолынан iс келетiн азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау жасалынып отыр. Осының барлығын неге тиiмдi пайдаланбасқа?! Менi ендiгi жерде отандық өнiм шығару идеясы мазалай бастады. Бизнес-жоспарымды пысықтап, облыс әкiмiнiң орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың қабылдауына жазылдым, – дейдi Т.Исхахов.
Бұл кезде Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Шымкентте «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жүрiп жатқан. Кәсiпкердiң кiлем өндiрiсiн ашу идеясы облыс әкiмдiгi тарапынан қызу қолдау тапты.
Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындауда
«Бал Текстильдiң» алғашқы өнiмi базарға 2013 жылы шыға бастады. Алдымен iшкi нарыққа жол тартқан тауардың сатылғанынан сатылмай тұрғаны көп болатын. «Сапасы нашар, бояуы оңып кетедi екен» деген қаңқу сөз кәсiпорын басшысының қабырғасына шаншудай қадалатын. Жоғары технологияларды басшылыққа алған, әлемдiк тәжiрибеде мәртебеге ие қондырғылармен тоқылып жатқан кiлемнiң сапасы шетелдiк тауардан бiр мысқал кем емес едi. Бар мәселе «Шымкенттiң кiлемi», «Отандық өнiм» деген ұғымға тұтынушының әлi де болса күмәнмен, күдiкпен қарауынан туындаса керек. Оны тексерiп те көрдi.
– Базардағы сатушылар бiздiң кiлемдi «Түркияның кiлемi», «Бельгияның кiлемi» десе сатылып кетедi екен. Осыны бiлген кей алыпсатушы әрiптестерiмiз «Қазақстанда жасалған» деген этикетканы жапсырмай-ақ қойыңыздаршы» деп өтiнiш айта бастады. Бұл менiң намысыма тидi. Сапасы артық болмаса кем түспейтiн отандық өнiмдi, салыстырмалы түрде алғанда бағасы да қалтаға қонымды келетiн кiлемдi, керiсiнше, мақтанышпен сатуымыз керек емес пе? Бiрақ, өкпелегеннен тұтынушының қызығушылығын арттыру мүмкiн емес. Сондықтан да түрлi деңгейдегi көрмелер ұйымдастыру iсiн қолға алдық. Елге қазақ та кiлем тоқи алатындығын, қазақтың кiлемi көзтартарлық ою-өрнекпен көмкерiлгендiгiн iсiмiзбен дәлелдеуге тырыстық, – дейдi Талғат Исхахов.
Өндiрiс орнын ашу бiр басқа да, өнiм шығару, оны тұтынушының сұранысына ие болатындай ету оңай шаруа емес. «Бал Текстиль» ЖШС-нiң басшысы ретiнде Талғат Жүнiсбекұлының алдынан ендiгi кезекте осындай мәселе шыға бастады.
– Қайтсек отандық өнiмнiң өрiсiн кеңейтемiз деп жүргенде Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев Шымкентке келген сапары барысында фабрика жұмысымен танысатын болды. Өз тауарымыздың сапасына сенiмдi болғандықтан Президентке кiлемдерiмiздi қысылмастан көрсеттiк. Әсiресе, қазақтың неше түрлi оюы салынған нұсқасын көргенде Елбасы «Мыналарың дұрыс екен. Менiң бала күнiмдi еске түсiрдiңдер. Әжелерiмiз бен шешелерiмiз кiлем тоқығанда осындай өрнек салушы едi. Осы қалыптарыңнан айнымаңдар. Отандық өнiмге әркез үлкен қолдау жасалады. «Қазақстанда жасалған» деген белгi ұрылған тауар ең сапалы, ең өтiмдi болатынына сенемiн» деп жiгер бердi. Негiзiнде Елбасымыздың болашақты болжай алатын, алдағы күнге сенiм артатын қасиетiн үлкен кiсiлердiң аузынан талай естiгенмiн. Осы жолы сол қағидатқа нақты көзiм жеттi. Президент келiп кеткен соң, жiгерлене жұмыс iстедiк. Ол кiсi берген тапсырманы бұлжытпай орындауға тырысудамыз, – дейдi кәсiпкер.
Елiмiзде баламасы жоқ, жобалық құны 8,450 млрд. теңгенi құраған өндiрiс орны осылай дүниеге келдi. Еуропа елдерiне танымал, түркиялық «Kartal Carpets» компаниясымен бiрлесiп ашылған «Бал Текстиль» кәсiпорны күнiне 6 мың шаршы метр кiлем тоқып, сауда нүктелерiнен бөлек, фабриканың өзiнде бүгiнде 240 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сауда нүктелерiндегi қызметшiлердi қосқанда серiктестiкте мыңнан астам адам еңбек етуде. Олар үш мезгiл тегiн тамақпен, жатақханамен қамтамасыз етiлген.
Елiмiзде фабрика кiлемдерi «Тұран», «Хантәңiрi», «Алатау», «Лидер», «Сарыарқа», «Барыс» маркаларымен танымал болса, шетелдер де қазақ кiлемдерiн «ANTIQUE IMPTRIAL», «ASTSNA DELUXE, VIZION, MASHAT SILK, KASHAN, тағы басқа маркаларымен тұтынушылар бiрден танып жатады. «Бал Текстиль» кiлем тоқып қана қоймай, кiлем тоқуға қажеттi Heat Set, BCF, Freeze полипропилендi жiптер иiрiп отыр. Жiп иiру, текстуралды созу, орау машиналарының бәрi де әлемдiк өндiрушiлерден, Германиядан, Бельгиядан сатып алынған қондырғылар. Себебi, мұнда ең бастысы сапаға үлкен мән берiледi.
– Қазақстанның барлық облыс орталықтарында өз өнiмiмiздi ұсынатын көтерме сауда нүктелерiмiз бар. Ресей, Тәжiкстан, Қырғызстан нарығында да қазақ кiлемдерiне деген сұраныс артып келедi. Алдағы кезде Қытай, Моңғолия нарығына шықсақ деймiз. Жақында Франциядан келген кәсiпкер әрiптестерiмiз де қызығушылық танытты. Өз елдерiнде бiздiң өнiмнiң сатылуына мұрындық болсақ деп отыр. Ал, шведтiк IKEA компаниясы үйге қажеттi барша тауардың басын бiрiктiрiп, брендтiк үлгiдегi тұрмыстық заттардың iшiнен «Бал Текстильдiң» кiлемдерiн көрсек деп отыр. Қазiр осы компанияның тапсырысы бойынша кiлемнiң бiрнеше нұсқасын тоқудамыз, – дейдi Талғат Исхахов.
Өндiрiстiң үшiншi кезеңi iске қосылады
Кәсiпкерлiкте қол жеткiзген табысының құпиясына қаныға түсу үшiн әлi де болса сыр суыртпақтап келе жатырмыз. Барлығы дерлiк автоматтандырылған фабрикада кiлең қаракөз қазақтың қыз-жiгiттерi жүр. Бiрi технолог, ендi бiрi дизайншы, жiп иiрушi... қазақтың ұл-қызы кәсiп игере бастаған. Әсiресе, дизайн бөлiмiнде отырған 20 жас маманды көргенде таңданысымызды жасыра алмағанымыз рас. «Осыншама дизайнер көп емес пе?» деймiз iшкi ойымызды сыртқа шығарып.
– Бұлардың төртеуi күн сайын жаңа дизайн ойлап табумен айналысады. Қалғандары өндiрiске енгiзiлген үлгiлердi қалыпқа келтiру, кем-кетiгiн түзету, жаңа дизайнды өндiрiске дайындау iсiмен айналысады, – дейдi Талғат Жүнiсбекұлы.
Расында да, жыл тұрмақ, ай сайын интерьер ауыстыруға құмбыл дамыған елдерге iлесемiз десек, үй жиһаздарымен үйлесiм табатын төсенiш кiлемдердiң де жаңа түрiн ойлап табу, оның тұрмыста қолдануға ыңғайлы болуын күйттеу оңай шаруа емес. Ауылдан келген жастарды Түркияға жiберiп, бiлiм алып, кiлем өндiрiсiн меңгерiп қайтуына жағдай туғызған да өздерi екен.
Есесiне, шетелдiк тауардан бағасы арзан болғанымен, сапасы бiр мысқал кем түспейтiн «Тұран», «Алатау» және «Барыс» сауда белгiлерiмен шығарылған «Бал Текстильдiң» кiлемдерi Еуропа төрiнде брендтi IKEA компаниясының таратуы арқылы танымал бола бастады.
Отандық өндiрiстi қолдауға басымдық берiп отырған «Даму» қоры арқылы қаржылай несие алып, өндiрiстi одан әрi қарай дамытуға бет алған «Бал Текстиль» ЖШС-нiң кiлем фабрикасы алдағы кезде өндiрiстiң үшiншi кезеңiн iске қоспақ. Ондай жағдайда жылына 15 млн. шаршы метр кiлем тоқылып, 8 мың тонна полипропилен кiлем жiбi иiрiлетiн болады. Бұл өз кезегiнде фабрикадағы жұмыс орнын 700-ге жеткiзедi деген сөз.
– Бизнесте ең бастысы адалдық керек. Жалқау, ерiншек, тiрлiктi тиiп-қашып iстейтiн адам ұзақ тұрақтай алмайды. Бiзге жұмысқа орналасып алып, көп ұзамай жұмыстан сұрана беретiн, әр нәрсенi сылтау етiп енжарлық танытатын адамдар кездеседi. Ондайлар көпке бармайды. Кәсiпкерлiк тазалықты сүйедi. Арам пиғылмен ұзаққа бару мүмкiн емес. Ал, ынтасы бар, iзденiсi, жауапкершiлiгi басым жастарды көрсек, қуана-қуана қолдап, оның бизнесте өсуiне қамқоршы болуға дайынбыз.
Талғат Исхаховтың кәсiпкерлiкте жеткен табысының басты сыры да осында болса керек. Тоқсан жасқа келiп дүниеден озған анасы ұл-қызына үнемi «бiреудiң ала жiбiн аттамаңдар. Барлығын да өз еңбектерiңмен, маңдай терлерiңмен табыңдар» деп отырады екен. Ана аманатына адал болуға тырысқан перзенттiң «қай iстi бастасам да бiр Аллаға сыйынып, абыройсыз ете көрмегейсiң деп бастаймын» деуi де көңiлге қуаныш ұялатады.
«Бар арманым «Қазақ кiлемi» деген брендтi қалыптастыру» дейдi кезiнде жалғыз сиырын сатып, кәсiп iздеп кеткенiне еш өкiнбейтiн, бүгiнде төрт ұл-қыз өсiрiп отырған кәсiпкер. Отандық өнiм өндiрушiнiң өз мақсатына жетуiне бiз де тiлектеспiз.
Жәмила МАМЫРӘЛІ,
журналист
Оңтүстік Қазақстан облысы