• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2016

ШАРАЙНА

506 рет
көрсетілді

«Жапонияға төнген қауіп» деп атады Жапония билігі Солтүстік Корея ұшырған «Нодон» класына жататын орта қашықтыққа арналған баллистикалық зымыран 620 мильге дейін барып, кеше таңертең Жапон теңізіне түскенін хабарлады. Осыған байланысты Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ зымыран ұшыруды «ашу тудыратын әрекет» және «Жапонияға төнген қауіп» деп атап, Токионың бұл әрекетке қарсы екенін мәлімдеді. Оңтүстік Кореяның біріккен штаб басшылығы Солтүстік Кореяның зымыран ұшыруы «көршілес елдерге шабуыл жасау» ниеті бар екенін көрсетеді деп атады. Ал АҚШ тарапы екі зымыран ұшырылғанын, оның бірі межелі жерге жетпей, жарылғанын хабарлады. «Біз өзімізді және одақтастарымызды кез келген шабуылдан немесе арандатудан қорғауға дайынбыз. Біз алаңдаушылығымызды БҰҰ-да білдіретін боламыз», – деді АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Анна Ричи-Аллен. Трамп та қарап қалмады АҚШ президенттігіне республикашыл партиядан кандидат Дональд Трамп Барак Обаманың президенттік кезеңін «апат кезеңі» деп атады. Мұны Д.Трамп өзін Б.Обама «президент қызметіне лайық емес» деп атаған соң айтқан секілді. Президенттіктен үміткер Трамп «Fox News»-ке берген сұх­батында «Ол әлсіз болды. Сірә, ел тарихындағы ең нашар президент болған болар», – деген. Сондай-ақ, осы аптада Дональд Трамп егер республикашылар кандидаты президент болып сайланса, Қырымды мойындау мәселесін қайта қарауы мүмкін екенін айтып, қалың қауымды бір елең еткізген еді. Ал АҚШ-та президенттік сайлау 8 қарашада өтетінін тағы да еске сала кетейік. Бұған Қытай билігі қалай қарайды? Үндістан билігі Қытаймен шекара маңында «Брамос» зымыранымен жабдықталған полкті орналастыруға шешім қабылдады. Дереккөздеріне қарағанда, Үндістан премьер-министрі Н.Моди шекарада қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 100 зымыранды әскери кезек­шілікке қою туралы шешімді мақұлдаған. Бұл жерде сөз тягачтар, автономды мобильді іске қосу қондырғылары және жылжымалы командалық пункт жөнінде болып отыр. ҚХР мен Үндістан арасында жекелеген таулы учас­келерге қатысты даулы аумақтар бар. Ол ұзақ жылдардан бері шешілмей келеді. Ал «Брамос» екі сатылы қанатты зымыраннан тұрады. Оның ұшу қашықтығы – 290 шақырымға дейін жетеді. Қысқа қайырып айтқанда: Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мексикалық есірткі бароны Дэвид Гарса Авиланы пластикалық операция жасайтын хирургке бара жатқан жолда тұтқындады. Тінту кезінде оның автокөлігінен атылатын қару және он кило марихуана табылды. Ливияның шығысындағы Бенгази қаласында автомобильдің жарылуы салдарынан 22 адам ажал құшты және осыншалықты тұрғын жараланды. Жарылысты «Бенгази төңкерісшілерінің шурасы» деген ұйым өз мойындарына алды. Қырғызстан қауіпсіздік қызметінің мәліметі бойынша, 600-ден астам Қырғызстан азаматы Сирия мен Ирактағы содырлар қатарына өтіп кеткен. Олардың 100-ге жуығы әйелдер көрінеді. Мәскеу түбіндегі Подольск әскери архивінен рейхсфюрер Генрих Гиммлердің күнделігі табылды. Күнделік жазбалары 1938, 1942 және 1945 жылдар деп белгіленген.  Екі аптада үш қала басшысы өлтірілді Мексиканың Пуэбла штатында Хуэхуэтлан эль Гранд қаласының мэрі Хосе Сантоc Мария Заваланы атып кетті. «Би-би-си»-дің хабарлауынша, бұл осымен елде соңғы екі аптаның ішінде өлтірілген үшінші қала мэрі екен. Деректерге қарағанда, ол өзінің автомобилінде өлі күйінде табылған. Сол көлікте онымен бірге келе жатқан қала бас­шысының хатшысы полицейлер оқиға болған жерге келгенде болмаған. Қазіргі қала басшысы хатшысының қайда екендігі белгісіз. Сондай-ақ, қала мэрінің не үшін өлтірілгені жөнінде қандай да бір болжам айтылған жоқ. Шілде айында осы елдің екі қаласының басшысы қылмыскерлер қолынан қаза тапқан еді. Мексика қалалары мэрлері қауымдастығының деректері бойынша, елде 2003 жылдан бері 40 қала басшысы өлтірілген. Олардың 7-еуі жаңадан сайланған, ал 32-сі бұрынғы мэрлер екен. Жаңа лазер қаруы пайда болды Лазер қаруының жеке үлгілері Ресей армиясының қару-жарақтары арсеналына қабылданды. Бұл ақпаратты «Новости» агенттігі Қорғаныс министрінің орынбасары Юрий Борисовтың сөзіне сілтеме жасау арқылы таратты. «Бұл таңсық дүние де, эксперименттік үлгілер де емес. Біз лазер қаруының жеке үлгілерін қарулар қатарына қосып үлгердік», – деді осы жөнінде Ю.Борисов. Жаңа физикалық қағидаттарға негізделген бұл қару дәстүрлі қару-жарақта немесе жаппай қырып-жоятын қаруларда пайдаланылмаған физикалық үдерістер мен көріністер негізінде жасалған. Операциялық қағидатына байланысты ол лазерлік, радиожиіліктік және кинетикалық қару болып бөлінетін көрінеді. Интернет материалдары негізінде әзірленді