• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Тамыз, 2016

Судың да сұрауы бар

600 рет
көрсетілді

Су – тіршілік көзі. Еліміздің кейбір өңірлерінде су ресурстарының тапшы­лығы экономиканың кен игеру салаларын, сонымен қатар, жеке қалаларды және өнеркәсіптік кешендерді дамыту үшін табиғи әлеуетті толық іске асыруға мүмкіндік бермейді. 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының су секторы мен су шаруашылығы саясатын дамыту тұжырымдамасында су ресурстарының тапшылығы, жербеті және жерасты сулары­ның ластануы, су шығындарының норма­дан тыс көп мөлшерде болуы, халық­ты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәсе­ле­сінің шиеленісуі, мемлекетаралық су бө­лісу мәселелері ашық айтылған. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығын сумен қамту біршама қысқарды, яғни жүйелі суарылатын алқап көлемі екі есе азайды. Су шаруашылығының тұрақты дамуына су ресурстарын интегралды пайдалану, суару жүйелерін кешенді қайта құру және суды үнемдеу технологиялары мен суарудың заманауи техникасын ендіру жолымен қол жеткізуге болады. Осы мәселелерді тиімді шешудің жолы су шаруашылығын ғылыми қамтамасыз ету болса керек. Бұл әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық­ты және еліміздің даму бағытын елеу­лі дәрежеде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Міне, Тараз қаласында өткен «Су шаруашылығын ғылыми қамтамасыз ету – тұрақты даму факторы» атты II халық­аралық ғылыми-практикалық конференциясы су шаруашылығын тұрақты дамыту мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне арналды. Жиынға Ресей, Орталық Азия және Кавказ мемлекеттерінің су шаруашылығы саласының жетекші ғалымдары мен мамандары қатысып, суарудың инновациялық технологияларын пайдалану, су шаруашылығының экономикасы және экологиясы, ауыл шаруашылығын сумен қамту және жайылымдарды суландыру бойынша ойларын айтып, пікірлерімен бөлісті. Трансшекаралық су ресурстарын дамыту­дағы және басқарудағы ынтымақ­тас­тық көршілес мемлекеттердің жалпы әлеуметтік және экономикалық тұрақт­ы өсуінің, қоғамдық денсаулықты сақтау­дың, азық-түлік және энергетикалық қауіп­сіздіктің, қоршаған ортаны қорғаудың, апат­тар­дың алдын алудың, қаланың және ауылдың тұрақты дамуының, климаттың өзгеруіне бейімделуінің негізі болып табылады. Сондықтан халықаралық құқық нормаларына сәйкес, трансшекаралық және сектораралық мәнде су ресурстарын бірлесіп дамытуды және басқаруды күшейту қажет, дейді су шаруашылығының мамандары. Иә, шынында су ресурстары тапшы­лығының күшеюіне және экологиялық тұтастықты сақтап қалу қажеттігіне байланысты мелиорация мен су шаруашы­лығын дамытуда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру керек. Сондай-ақ, ауыл­шаруашылық дақылдарын әртарап­тан­дыру барысында жербеті және жерас­ты суларын пайдалану негізінде суды үнемдеу технологияларының кеңінен ендірілуі, шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту үшін ауыз су, шайынды суларды тазарту, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және жайылымдарды суландыру бойынша нақты шараларды қолға алу үшін «Мелиорация туралы» және «Гидротехникалық құрылым­дардың қауіпсіздігі туралы» заңдардың қабылдануы қажет. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы