• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2011

Ерге қызмет – елге қызмет

624 рет
көрсетілді

Адамның жасы ұлғайған сайын өткен күндердің естеліктері санаңның түкпіріне жасырына бермей, әлсін-әлсін жарқырап, кедір-бұдыры жойылып, тура сол қабылдағаныңдай есіңе түсіп отырады екен. Біз де жас болдық, бақытымызды жақсы жардан, ең­бектен табуға талпынып ғұмыр кештік. Әсіресе, алпы­сыншы жыл­дардың басында он сегіз жігіт Днепродзержинск қаласынан оқу бітіріп келіп, Теміртауға жұмысқа орналасқан кездер есіме жиі оралады. Сонда ортамыздан оза шығып, бәріміздің ұйыт­қы­мыз болған Нұрсұлтан Назарбаев еді. Біз Елбасымен сонау жас шағынан қа­тар­­ласа келе жатқаны­мызды тағдырдың тамаша сыйы деп білеміз.

Қабидолла СӘРЕКЕНОВ,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

техника ғылымдарының докторы.

Еңбек жолымызды Қазақстан Маг­ниткасы аталған, сол кезде жаңадан бой көтерген осы қалада бастадық. Жап-жаспыз. «Бойда қайрат, ойда көз» бол­ған соң, ешқандай қиындыққа мо­йы­май, алға қойған мақсатымызға жетуге бір кісідей талпындық. Әйтпесе, оқу бітіріп келдің екен деп құрметтеп, «қызыл кілем жайып» қарсы алған ешкім де болған жоқ. Оның үстіне өзіміз мейрам күні, тұп-тура 1 мамырда жетіппіз. Тек 2-3 күн өткеннен соң ғана біздің қайдан, қалай келгенімізді қала­лық басшылық анықтап, трестке жіберді. Жұмыс жоқ, жатақхана мәселесі шешілмеген... Сон­дағы Нұрсұлтанның бей­несі де әлі күнге көз алдымда. Ол біз­дің оқудағы старос­тамыз болатын. Осында келген соң да, бәрімізді жинап алып: «Не істейміз?» деген өмірлік ма­ңызы бар үлкен сұрақ­ты қойды. Алғаш жауап берген мен едім: «Елге қайтқан ұят болар. Бір жа­рым жыл оқыдым. Оқы­ғаным зая кетпес үшін осында қаламын». Ұрымтал тұсқа дөп келген сөзге көпшілігі қосылды. Сөйтіп бәрі­міз де алғаш еңбек жолы­мыз­ды қара­пайым жұмысшылықтан бас­­тағанбыз. Нұрсұлтан мен Сараның танысатын тұсы осы кез. Еліміздің Тұң­ғыш Президентін Нұрсұлтан деп, мем­лекетіміздің бірінші ханымын Сара деп қана сөйлеуім біреулерге сөкеттеу де көрінер, бәлкім. Дегенмен, олардың жас­тық шағын айтатын тұста басқаша атау да табиғи шықпайтын сияқты. Бұл таныстық туралы Нұрекең кейін өз кітабында былай баяндағаны бар: «...Сол жылдардың өмір бойы есте қалатын ең бір елеулі оқиғасы – болашақ келіншегім Сарамен алғаш­қы кездесуім. Ал бұл кездесу... бір апаттан кейін домна пешінің жанын­да болған еді. Әдетте апат болып, металл жерге төгіліп жатқанда түгел ауысым бар қалдықты жинап, теміржол қозға­лысын қалпына келтіргенше ешкім ешқайда кетпейді. Күні бойы боласың ба, тәулік бойы бола­сың ба, өзің бүл­діргенді өзің ретке келтіруің тиіс. Осындай қолайсыз бір сәт еді – тәулік бойы дерлік табаны­мыз­дан тік тұрған кезіміз, тұла бойы­мыз қазанның түп күйесіндей қап-қара, тек көзіміз жыл­тырап, аппақ тісіміз ақсияды. Сол түні қосалқы электр станциясында кезекші болып, біздің пешіміздің түбінде не болып жатқанын көруге келген қызға кез бола кеттім». Нұрсұлтан бір күні маған: «Хорға барайық», деді. Мен түсінбей тұр­мын. «Біздің мұнда келгендегі мақ­саты­мыз – инженер болу еді ғой. Өзіміз таңер­теңнен кешке дейін ауыр жұмыс істейміз. Оның үстіне жоғары оқу орнына түсу үшін дайындалуға да уақыт керек. Енді хорды қайдан шығардың?». Мен көнбегенім­мен, «барайық» деп қиылып тұрып алған соң, ақыры дегені болды. Ол кезде Теміртау қала­сын­дағы №110 кешкі мектептің залына хор айтуға қазақ жастары жиналатын. Ұйымдастыру­шы­сы кейіннен Жоғарғы Сот судьясы бол­ған Кеңес Жар­мағамбетовтың зайы­бы Алтын деген кісі еді. Біз барған соң дау­сы­мызды тек­серіп, тенорлардың қата­ры­на жаз­ды. Бір рет ән салғанымыз есте. Үйірмеге Сара да барады екен. Оның даусы сопрано. Сараны көргеннен соң барып Нұрекеңнің неге осында келуге бейіл болғанын түсін­дім. Әрине, ол кісінің Сарамен алғаш қалай, қандай жағдайда ұшырас­қанын әлгінде айт­тық. Бірақ, жай ғана ұшырасу осы хор үйір­месінен ұшқын атып, әрі қарай үлкен сезімге, отбасының діңгегі – мерейлі махаббатқа айналғанын айтуы­мыз керек. Ол менің хорға алғаш және соңғы баруым еді. Нұрекең де бар­ма­ған шы­ғар? Сол оқиға туралы бүгінге дейін өзіне әзілдеп: «Бір барғаннан қалмадың ғой», деп айтып жүремін. 1961 жыл Нұрекең үшін ең бір атаулы жыл деп білемін. Өйткені ол осы жылы жаз айларының бірінде Хель­синкиде өткен жастар мен сту­денттердің Бүкілдүниежүзілік VIII фес­тиваліне қатысты. Ол өзі төрт жыл­да бір рет ұйымдастырылатын. Нұ­ре­кеңді осы фестивальға басшылық емес, ұжым жіберіп еді. Сол кездерде шешендік қабілетімен танылып үлгерген жас жігітті ұжымның да таңдай білуі кездейсоқ емес деп ойлаймын. Нұр­сұл­тан Хельсинкиден көп өсіп қайтты. Қанша дегенмен шет елді көрді, өзге жұрттың жастарымен ой-пікір бөлісті. Хельсинкиге бет алғанда ең алдымен Қарағандыға алып баратын таксиге Сара екеуін шығарып салғаным есте. Таксиге мінейін деп тұрып: «Қабдол, елге аман-есен оралған соң Сараға үйлене­мін», – деді. Мені Нұрекең ғана солай атайды. Қызық болғанда бұл оқиғаны Сәкең 45 жыл өткен соң барып есітіпті. Сөйтсем «үйленейік» дегенді болашақ зайыбына Хельсинкиден оралған соң бір-ақ айтқан екен. Шынында да олар сол жылы күзде үйленді. Шағын той өтті. Ол уақытта оны «комсомол тойы» дей­тін. Оның жай-жапсары Нұрекең тура­лы жазылған кітаптарда бар. Ол кезде көпшілігіміз бойдақпыз. Нұр­­сұлтан мен Сараның отауына жиі-жиі барамыз. Жұмыстан қарындары шұрқы­рап шыққан жігіттерге Сара ас дайын­дайды. Содан думандатып, ән салып, қалжың айтып таң атыратынбыз. Осы күндері алпысыншы жылдардың жастары қандай жайдары, жүйкелері темірдей мықты болған деп ойлаймын. Түні бойы отырсақ та, шаршамаймыз ғой. Таңер­теңгі шайды ішіп алып, қайтадан жұмыс­қа кетеміз. Онымызға қабақ шытып, ыдыс-аяқ салдырлатып жүрген Сара тағы жоқ. Қа­шан көрсең ақжарқын қалпында. Әзілі­ңе әзілмен жауап беріп, орнықты сөзге ұстамдылық көрсетіп, әрқашан да көңілің­ді тауып тұрғаны. Ол үйге жиі баруы­мыз­дың бір себебі, екеуі де қонақ­жай, сауық­шыл еді. Қосылып қазақтың небір тамаша әндерін шырқағанда қандай қиыншы­лықтың өзі жеңілдеп сала беретін. Сараны сонау бойжеткен шағынан бері танимын ғой. Біздің мекемеде қыз­дар аз болатын. Бірақ сол аздың өзі сүт бетіндегі қаймақтай өңкей жалын­ды, ақылды, көрікті бойжеткендер еді. Сол топта Сара да бар. Нұрекеңнің көзі жай­дан-жай түспеген болар? Үйлен­геннен кейін де екеуі бір-бірін толықтырып, жарасымды жұп бола білді. Бір жылдан кейін бұл отбасы Комсомол көшесіндегі жаңадан салынған пә­тер­леріне көшті. Онда да жиі-жиі бара­тын­быз. Небір думанды кештер, туған күн­дер, мейрамдар тойланған пәтер ғой ол. Жас кезінде Сәбит аға Оразбаев та сол пә­терде қонақ болған. Бір күні Нұр­сұлтан: «Біздің үйге жүріңдер, Сәбит келді, әнін тыңдайсыңдар», деген соң араласып жүр­ген кісілер бәріміз сол үйге жиналдық. Оразбаевтың жас кезі. Таң атқанша дом­бы­рамен ән салды. Әніне, сәніне тамса­нып біз отырмыз. Сара қалтқысыз қызмет етіп, қайта-қай­та шайын жаңалап, ән тыңдап, ол да мәз болып жүр. Қанша дегенмен көп нәрсе әйелге байланысты ғой. Егер Сара жылы қабақ танытпайтын болса, біз ол үйге жиі жиналмас едік. Бірақ, отана­сының ыстық пейілі бәріміздің ба­сы­­мыз­ды бір жерде түйістіріп отыратын. Жаңа үйге көшкен алғашқы жылдар­дағы бір оқиға есіме түседі. Менің әлі үйленбеген кезім. Нұрекеңмен бірге тұрған 5-ші жатақхананың ескі тұрғыны деген атым бар. Бір күні бөлмеме Нұре­кең келіпті. Өзі аздап ұрттаған, бірақ қызу емес. Құ­рылыс­шылардың орта­сын­­да бол­ғанға ұқ­­сайды. Ком­сомолдың тапсырмасы бо­йын­­­­­ша со­лар­ға Хельсинкиде болған оқи­ғалар­ды баяндап, көрген-білген қы­зық­тарын бөлісу үшін арнайы тап­сыр­ма­мен жіберген ғой. «Біздің үйге барып жата-жастана әң­гіме­лесейік», деген соң үйге екеуміз бірге келдік. Сара есіктің алдында жүр екен. Далада сақылдаған сары аяз. Паль­тосы жұқа болса керек, әбден тоңып­ты. Жүзін­де реніштің ізі бар. Сонда да маған бай­қат­­па­ған сыңай танытып, екеумізге ас-суын беріп, жақсы­лап күтті. Ішім­­нен: «Е, әйелім­нің алдында сәл же­ңіл­деу болсын деп әкел­ген екенсің ғой», деп мен отыр­мын. Сара­ның сондағы ұс­там­дылығына тәнті бол­дым. Жаман әйел күйеуінің досы ал­дын­дағы бедел-седелін ойлап тұрмай, тіке кетуі мүмкін ғой. Оның үстіне бұл Нұр­сұл­тан­ның ал­ғаш кешігіп келуі емес. Өз жұ­мы­сына қо­са комсомолдың тапсыр­масы шаш-етек­тен. Кез келген әйел ондай «кешігулерді» бірде түсінсе, бірде түсін­бей­тіні заңдылық. Әйел ерді ешқашанда ашумен жеңе алмайды. Тіпті ерлерден артық болуды көздеп, олармен іштей бәсекелестікке түс­кен әйелдер қанша жерден ердің жұ­мы­с­ын істеп, ермінезділік көрсеткенімен, ерден артық бола алмайды. Өйткені оның қаруы – қара күш, салқын ақыл емес, оның қаруы – мейірім, нәзіктік, сұлулық. Осы қасиет­терін жарқыратып аша білген әйел әр кезде де құрметті, сыйлы. Кезінде талантты жа­зу­шыларымыздың бірі Мұх­тар Мағауин: «Әлемдегі ең сұлу әйел – менің әйелім», деп жазды ғой. Ерінен он­дай сөз есту үшін әйел өзіне тән қа­сиеттерін мейлінше таныта білу керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, әйелдің жер бетінде ер адамдікіне мүл­де ұқсамайтын өз ми­с­сиясы бар. Ол – ана болу, ұрпағына мейірім-шапағатын төгу, сол арқылы жер бетіндегі қаты­гездік, жауы­з­дық атаулыны өршітпей, тепе-тең­дікті сақтап тұру деп ата­лады. Мен Сара­ның ұстамдылы­ғы­ның, нәзікті­гі­нің арғы жағынан жан-дүние­сінің терең­дігін, еріне деген адалдығын көремін. Сара Алпысқызының ана болған кездері де көз алдымызда. Жалпы, Алла бала тауып, соны бағып-қаға білетін кез келген әйелге аналық қасиетті 99 пайыздан кем бермейді деп түсінем. Олардың бәрінің бойында аналық сезім, мейірім ғажап байқалады. Сәкең де өріктей-өріктей үш қыз өсірді. Қыздары инабатты, әрқайсысы да ақылына көркі сай боп бойжетті. Бұл жерде ананың рөлі үлкен деп есептеймін. Өйткені, Нұрекең ел қамын жеп, басшы қызметтерде жүрді. Отбасының жүгі Сара­ның мой­нын­да болды. Ол қыздарының әрқайсысы үшін қуана білетін. Достардың арасында ана­лық мақтанышпен онысын айтып та отыратын. Алғаш Дариғаға аяғы ауыр кезінде әлі сол Теміртаудамыз. Ком­со­мол­дардың кезекті бір кешіне үшеуміз бар­дық. Ән-биден бөлек әр кеште аукцион ұйым­дастырылатын. Ең қызығы, аук­цион­ға түс­кен затты ешкім білмейді. Өйт­кені оның сыртын орап қоятын. Бұл жолы да сондай аукцион болды. Жүр­гізу­ші бір ораулы зат­ты ұстап тұр. Алу­шылар әлгі­нің бағасын тиыннан бастап бір рубльге дейін өсірді. Бір кезде біреу бір жарым рубль тікті. Оның соңын ала мен «бес рубль» дедім. Сөйтіп әлгіні мен сатып ал­дым. Өзім түнгі ауысымға ба­ра­тын бол­ған­дықтан, тықыр­шып тұр­ғам. Затты Сара­ның қолына ұста­та сал­дым да, жұ­мысқа кеттім. Кейіннен Сара айтады: «Сен сол ораудың ішінде не бар екенін де білген жоқсың ғой. Үйге келіп, ішін ашып қарасам, картонға жап­сырылған әріптер екен. Мен соны Дариға мектепке барған­ша сақтадым». Әрине, қазіргі заманда бәрі бар. Көп нәрселер таң­сық болудан қалды. Ал әлгі картон әріптер ол кезде әжептеуір көрнекі құрал еді. Оның үстіне Сара аналық махаббатымен, әйелдік ұқыптылығымен әлгі затты жеті жыл сақтап тұр емес пе? Алматыда Госснабтың ғылыми-тех­ни­калық басқармасының бастығы қыз­метінде жүрген кездегі оқиға да көз ал­дымда. Жұмыста отырсам Сара телефон соғады: «Бүгін Әлия теледидардан ән айтады. Соны көрші», дейді қиылып. Онда әр нәрсенің қат кезі. Теледидар қазіргідей әркімнің үйінде кездесе бермейді. Мекемелерде бірінші бастықтың ғана кабинетіне сән беріп тұратын. Мен енді: «Теледидар көруім керек еді», деп төрағаның кабинетіне кірмейтінім түсі­нікті ғой. Содан тоғыз қабатты ғимарат­тың подвалына түстім. Электриктердің ермек қылып отырған, экраны кішкентай ғана теледидары болатын. Сол теледидардан Әлияның бір мезгілде пианинода ойнап әрі «Маусымжан» әнін құй­қылжыта орындағанын көрдім. Кейіннен: «Қалай, жақсы ма?»деп сұрайды ғой. «Керемет!» дедім. Сондағы алып-ұш­қан ана жүрегінің дүрсілі телефон­ның арғы жағында болса да, әлі күнге кө­кейімде қалыпты. Біздің жолдас­тар­дың арасынан ең алғаш немере сүйген де Нұрекеңдердің отбасы. Мен бір жолы сұрағаным бар Сарадан: «Немерелі бол­ған қандай екен?» – деп. Сонда: «Алды­мен немерелі болсайшы, сосын көресің қандай тәтті екенін», дегені. Өмір жолы бұралаң. Бұралаң жолда біреулер өз-өзін мүлде жоғалтып, күре­сінде қалады. Ал біреулер өсіп, көр­кейіп, өзінің де, өзгенің де қамын жейтін деңгейге жетеді. Азаматтығын шың­дап, ұйымдастырғыш қабілетін да­мы­та түседі. Сараға келер болсақ, ол о баста, сол жас кезінде-ақ адамдармен тіл та­быс­қыш, көмек көрсетуге даяр тұратын, ұйымдастырғыштық қабілетке ие жан­дардың қатарынан еді. Ол қанша дегенмен, ауылда өскен, Алпыс секілді орта­сында беделі бар, ел сыйлайтын жақсы әкенің тәлімін көрген қыз емес пе? Сондықтан да оның әрбір іс-әре­кетінен дарқандықтың, қонақжайлы­лық­тың, көп­шілдіктің лебі есіп тұратын. Одан кейін де талай заман өтті. Нұре­кеңдердің отбасы Алматыда. Өзі мемлекеттік үлкен қызметте істейді. Ал, біздің отбасы Теміртауда. Мен қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін­де­мін. Қырыққа жақындаған кезім еді. Негізі көпшілік қырық жасын тойлай бермейді. Мен де ескермегенсіп қоя салайын деп жүргенмін. Бірақ біз күтпеген оқиға бол­ды. Туған күнім қарсаңында Алматы­дан Сара келе қалсын. Өзі мерекелік көңіл-күймен жүр. «Неғып жатырсыңдар, қы­рық­­қа келгенді тойлау керек, тез қамда­найық», деп өзі ұйымдастырып, туған күннің басты жоспарын сызып та қойды. Мен тура сол күні комсомолдардың жиы­нына қатысуым керек-тін. Ол өзі түнгі он бір-он екісіз бітпейтін ұзақ мәжіліс. Содан ебін тауып ертерек шығып, дос-жарандарды жинап, шүу, қарақұйрық деп Топарға бір-ақ тарттық. Сол жақта жі­гіттердің бірінің демалыс базасы бар еді. Сол жерде мен қырық жасымды атап өт­тім. Топар Қарағандының арғы жағында. Одан түнделетіп Теміртауға қайтқанша таң­ғы сағат бес болды. Теміртаудың жа­нын­дағы ауылда Сараның төркіні бар. Біз сол жолы оны шығарып салып, Теміртауға таң атқанда келгенбіз. Иә, Сара Ал­ма­тыдан келмегенде, менің туған күнім тойланбайтын еді. Ол да бір дариға-дәурен, тап-таза дос­тық пейілдің шынайы көрінісі ретінде жадымда жаттаулы. Әлгінде Сара Алпысқызы­ның жас кезін­де-ақ адамдарға қамқор қасиеті бар болғанын айттым ғой. Сол жылдар уа­қы­т өте жетіліп, ұш­талып, аза­­мат­тық сипат ал­ды. «Бөбек» өмірге аяқ асты­нан немесе жарнама үшін келе салған қор емес. Оның негізі Сараның дарқан жүре­гін­де баяғыда-ақ салынып, іргетасы бекіп қой­ған деп айтуға болады. Ол үшін сәл шегініс жасайық. Біз мектепті бітірген 58-59-шы жылдары елі­міздегі көптеген балалар үйлері мүл­дем қыс­қа­рып кетпегенімен, көптеп жа­бы­лып жат­ты. Ашар­шы­лық­тың, репрес­сия­ның, со­ғыстың ауыртпалы­ғы­нан әлі де ең­се­сін тіктей қой­маған халқымыз негізінен со­ғыс­тың кесірінен жетім қалған, еш кі­нәсі жоқ сәбилерді бауы­рына басты. Өз басым асырап алған баласын өз баласынан кем көрмей ба­ғып-қаққан, жетілдірген талай адамдарды білемін. Отан­дас­тарымыздың сол кездегі мейірімділігі, ертеңгі күнге деген үміті соншалықты зор бола­тын. Елдегі бұл жағ­дайды Са­ра­ның көрмеуі, білмеуі мүм­кін емес. Сондықтан мы­нан­дай тыныш заманда, соғыс­сыз-ақ балалардың тірі жетім атанып, ал балалар үйі­нің қай­тадан жауыннан соңғы са­ңы­рау­құлақтай қаптап кеткені оның да жүрегін шан­шыт­қаны анық. «Бөбектің» жұмысы жетім балаларға көмек көрсету­мен ғана тұйықтал­майды. Со­ның ішінде ауыр нау­қасқа шал­дық­қандарды шет мемлекеттерде емдетуге де көп көңіл бөліп отырған бірден-бір қор осы. Сәкең осы қор арқылы өзінің адамсүй­гіштік қасиетін дәлел­деп-ақ келеді. Теледидардан әр шы­ғып сөйлегеніне, газеттердегі сұхбаттарына кәдімгі­дей риза болып отырамын. Бір жыл­дары шет мемлекеттерге бала­ларды асырып жіберуге, яғни, шетелдік азаматтардың жетім бала­ларды асы­рап алуына еркін жол ашылды. Сол кездердегі Сара­ның шырылы газет беттерінен түспейтін. Ол өз балалары­мыз­дың сыртқа кетуіне кәдімгідей алаңдап, қоғамдық пікір туғы­зып, қарсылығын білдіріп жүр­ді. Қазір енді бұл жағдай біраз саябыр­сыды ғой. Жалпы, ол негізін қа­лаған қор атының «Бөбек» деп алынуын­да да мән бар. Біз оларды қанша жерден жетім балалар, тас­танды балалар деп, іштей аяу­шы­лықпен қара­ғаны­мыз­бен, шын мәнінде олар еш кінәсі, күнәсі жоқ бөбек қой. Өмір­де бөбектің пәк күлкісі мен тәтті қы­лығынан артық не бар дей­сің? Енді сол бөбектерге жан жылуын сыйлап жүрген Сәкеңнің ана­лық мейіріміне қалай сүйсінбейсің? Соңғы жылдары Сара Алпысқызы айналысып жүрген ірі жобалардың бірі  «Өзіңді өзің тану» деп аталады. Қазір бұл жоба бо­йын­ша мектептерде арнайы пән жүргізі­леді. Осы жоба бойынша Сәкең кітап та жазды. Оның негізгі мағынасы «Қайткенде адам қалады адам болып?» дейтін жауа­бы күр­делі үлкен сауалдың төңірегінде жұртқа ой салу десек қа­те­леспейміз. Шы­нында да, қазір жер беті түрлі ауыр күнәлардың ор­да­сына айнал­ды. Күніне қанша мың жа­зық­сыз адамдар адам қолы­мен өлтіріліп, аз ғана топ­тың ашкөздігінің кесірінен мың­даған адамдар аштан қыры­лып, діни қақ­ты­ғыс пен ымы­ра­сыздық­тың салдарынан неше мыңы тірідей жер жастанып, зина­ның етек алуы­нан неше мың жасөспірім қыз­дар зорла­нып жатыр. Бұл айтқанға оңай болғаны­мен, жү­рекке салмақ түсі­ретін оқиғалар. Шо­ғыр­­ланған топтың обыр­­лығынан, иман­­сыз­дығынан, ын­сап­­сыз­­дығынан, ұятсыз­ды­­ғынан мил­лион­да­ған қарапайым бұқара адамгершілік, ар-ұятты ойлап емес, ертеңгі күніміз не болады, ертең қандай тамақ жейміз деп өмір сүретін болды. Әлемді жаулаған осы бір сүреңсіздікті біздің еліміз қалай аттап өтсін? Біздің қоғамның да ішкі рухани проблемалары аз емес, әсіресе, адам­дарда имандылық, ар-ұят категория­ларының екін­­ші кезекке қарай ысырылуы өте нәзік әрі жақсылап саралауды қажет ететін күйде тұр. Біз бір кездері «жаным – арым­ның садағасы» деген өте биік ұғым­мен күн кешкен халық едік, енді ақшаның ар­бауы­на түсіп, «бұлбұлдың да жемсауы бар» деп өз-өзімізді ақтайтын болдық. Осы тұрғы­дан алғанда «Өзіңді өзің тану» бағ­дар­ла­масы адамның адамгершілік қа­сиет­терін ұштап, адамның аңнан айыр­ма­сы сана­­сында екенін, сол сананы жақсы, оң істерге пайдалану керектігін, сол сияқ­ты адам өзінің жаман қасиеттерін де біліп, кез кел­ген жағдайда өз-өзін ұстай білуін наси­хаттайды Елбасының әйелінің әрбір қадамы жұрт­­тың көз алдында тұрады емес пе? Тырнақ ас­тынан кір іздеу, түймедейді түйе­­дей етіп жариялау – қарсыластар, бәсеке­лес­тер үшін түк те емес боп қалды ғой. «Ақ­парат ғасыры» дегенді пай­да­ланып, кей­бір ниеті жаман адамдар басы­мыз­дан, бейнелеп айтқанда, қо­қыс­ты да жау­дыра беретін болды. Ал «Өзіңді өзің тануға» келер болсақ, бұл әйгілі Платон шалдың: «Өзіңді өзің та­ны», дейтін ұла­ғатты на­қылы­мен үндес, та­мырлас бастама. Тек ада­ми құнды­лық­тарға тәр­биелеп, адам­ның адамгершілік сезімін оятуды көздей­ді. Шынын­да қазір жан-жағы­мыз­ға қа­райықшы, белең ал­ған қылмыстан жан түршігеді. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» демекші, адамның аңнан да төмен болып кететін тұстары кездеседі. Мен жуырда Ма­лы­шев­тің «Мир как он есть», Ламоновтың «Стратегия нового раз­вития» деген кітаптарын оқып шық­тым. Екеуі де профессорлар. Терең­нен тол­ғап, байыппен пішіп жазыпты. Адам­ның ең алдымен өзін тануы, өз таби­ғат­ына үңілуі әсіресе осы ғасырда ең қа­жет­тілікке айналға­нын олар да айтады. Сон­дықтан Сара­ның «Өзіңді-өзің таны» деп бастама көтеріп, оны мек­тептерге пән ретінде енгізіп жүр­генін қолдаймын. Алла бұл істе оған қуат берсін. Бастаған ісін соңына жеткізердей мүмкіндік берсін! Маған кейде журналистер: «Сіз Назарбаевтар отбасымен көп жылдан бері араласып келе жатырсыз. Назарбаев Елбасы атанды, Сара Алпыс­қызы бірінші ханым болды. Осындай дәреже­ден кейін олар бұрынғы қарапайым қалып­тарынан өзгеріп кеткен жоқ па?» деген ма­ғынада сұрақтар қойып жата­ды. Алла­ның таңдауымен хан болған адам түгілі қарапайым пенденің өзі мінезін мың құбылтып, не өмір сүру стилін, достарын өзгертіп жатады. Өмір соған жетелейді. Санасы солай бұйрық берген соң сөйтеді. Сонда хан болған, ханым болған адам неге өзгермеуі тиіс? Әрине, олар да өзгерді. Олар жақсы жағына қарай өзгерді. Өркөкіректеніп кеткен жоқ. Көбінесе ел басшыларымен, жо­ға­ры қауым өкілдері­мен араласатын бол­ғандықтан, бекзаттық қа­лыптас­тыр­ды. Мен мұны бұрын оларда ондай жоқ еді немесе олар тым қара­пайым еді дегенге меңзеп отырған жоқ­пын. Керісінше, екеуі де елден ерек мі­нез-құлық­тың, адами асқақ болмыстың иелері болатын. Бірақ, бірі елін-жерін жау­дан қорғаған атақты Қарасай батыр­дың сегізінші ұрпағы, екіншісі Арқа өңірінде мол дәулетімен танылған Қона­қайдай атақ­ты байдың немересі болғаны­мен, олар­дың өздері өмір сүрген уақыт Ке­ңес Одағы тұсына тура келді де, тұр­мыс­тарында қарапа­йым­дылықтың бол­ға­ны жасырын емес. Оның үстіне сол кезде енді ғана қалыптасқан Теміртауда көп жыл­дарын өткізді. Тіпті Алматыға алғаш келген кез­дері туралы Дариға­ның өзі жаз­ды емес пе? «Бізді қалай қар­сы ал­ғанына отбасымыз ренжіп қал­ды. Ал­матыдағы жаңа үйімізге партия­лық бас­тықтар бас сұққанда, олардың әйел­дері біздің ар­зан­қол ыдыс-аяғымыз бен көй­лек-көн­шек­терімізге көңіл қал­дырар­лық­­тай ескертулер жасады. Бізді мына шең­бер қабыл­дамайтындай сезіндік». Бұл Назарбаевтар отбасының Кеңес өкіметі тұ­сында дүниеге, сән-салтанатқа онша қы­­­зықпа­ғанының ар­қа­сында ай­тыл­ған сөз­­дер ғой. Бірақ, тәуелсіздік тұ­сында бәрі­­­міз де өзгердік. Өмірге, қо­ғамға көз­қарасымыз өзгерді. Кеңес кезіндегі ын­сап­сыз адамдар, со­лардың ұрпағы сол күй­лерінде қалып, елді тонаумен айна­лысып жат­қанда тәуелсіздіктің арқа­сын­да санасы жаңа сатыға көтеріл­ген адамдар елдің бола­шағының карта­сын сызып отырды. Жақында ғана Данияр Әшімбаев «Кто есть кто» деген кітапта: «Екінші Назарбаев қолма-қол болмайды», деп жазыпты. Мен де осы ойға келісемін. Елбасының жолдасы болғаным үшін емес, өмір көрген, жақсы-жаманды ажырататын адам ретінде оған әзірге балама жоқтығын анық айтамын. Әрине, Сара туралы айтқанда оның жан жары Елбасыны айтпай кету мүм­кін емес қой. Сосын да тоқтап, орайын келтіріп әңгімелеп жатқаным. Өз басым бұл екеуіне қызыға қараған, тілектес болған жолдастарының қа­тары­нан кө­рін­генімді мақтан тұтамын. Әсіресе жас кезіміздегі Назарбаевтар отбасы­мен аралас­тық­­ты са­ғы­на еске ала­мын. Бұл тек бір-екі жас­тардың басын қосып, мейрам­датып жү­ре­тін емес, адал көңілдерінің арқа­сын­да кәдімгідей көп­теген жолдас­тары­ның ба­қы­тына куә болған, көпші­лігі­міз­ді көп­теген жақсы адамдармен та­ныс­тыр­ған берекелі де мерекелі, дас­тар­қаны кең, жомарт отбасы еді. Сондықтан қазір жас келіп, жылдар өзі­нің аларын алған тұста қарым-қа­тына­сы­мыз біраз сирегенімен, жас­тық шақ­тың қызу да қызық күндері, әсіресе Сараның ақ­жарқын мінезі, шы­найы болмысы, әзіл-қалжыңға да шебер елгезек ақылы осы күнге дейін көз алдымда. Сара туралы бір мақала жазу аздық етеді, ол жайында кітап жазу керек деп ойлаймын. Қалың қазағы елдің бірінші ханымы ту­ралы білсін, өнегелі өмірінен үлгі алсын. Ең бастысы – бүгін өмірінің өрелі белесіне көтеріліп отырған Сара Алпыс­қызы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың әлем­дік деңгейдегі дара саясаткер болып қа­лып­тасуына, бар күш-жігерін, білімі мен білігін, ел мүдде­сіне алаңсыз арнауына бар жағдайды жасау арқылы мемлекеті­міздің мы­ғым­данып, тәуелсіздігіміздің тұ­ғыр­лануына үлкен үлес қосты. Еріне қызмет еткен әйел еліне де қызмет етеді. Жазып алған Айгүл СЕЙІЛОВА.