• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2016

Рио-2016 сайыстары мен саңлақтары туралы әлеуметтік желі не дейді?

286 рет
көрсетілді

Атлант мұхиты аймалаған айхой қала Рио-де-Жанейрода дүбірі бөлек доданың күн өткен сайын көрігі қызып келеді. Ғаламат сайыстың ғажаптары мен күнтізбедегі жарыстардың күнделікті нәтижелерін көзі қарақты оқырман қауым өркениеттің бүгінгі игілігі – интернет арқылы сол заматында-ақ көріп-біліп отыр. Телевизия мен газеттер де тыным таппай, қатарынан қалып қоймаудың қамымен жүр. Әйтсе де, ақпарат олимпиадасында айналайын тұтынушының тамырын тап басқан әлеуметтік желінің айдарынан жел есіп-ақ тұр. Сонымен, Бразилияға бару бақыты бұйырмаған біздер болсақ, «әлеумет не деп жатыр?», деп әлеуметтік желінің біздің әріптестер көп отыратын бір бұтағы – Facebook әлемінің бір күніне шама-шарқымызша шолу жасағанды жөн көрдік. Бір ескерте кететіні, желідегі жазбалардың орфографикалық ерекшеліктері сол күйінде сақталды. Рио-2016 Олимпиадасының алғашқы күні біздің дзюдошыларымыз жанкүйерлерді айтып-жеткізгісіз қуанышқа бөледі. Мұның соңы ұлан-асыр тойға айналар ма еді, егер Елдос Сметовіміз алтыннан алқа таққанда. Әттең дейміз, сынапша сусып кетті-ау уыстан сол «сары темірі» құрғыр! Бұл турасында павлодардық спорт журналисі Есенбек Санатұлы фейсбуктағы жеке парақшасында былай деп өкініш білдірді: «Елдостың осы жолы алтын алатын мүмкіндігі бар еді. Мұндай сәтті қадам үнемі бола бермейді ғой, әттең». Ал оңтүстікқазақстандық спорт журналисі Ғабит Сапарбеков болса, ФБ бетінде былай деп өлеңдетіп жазба қалдырды: Елдостікі ұлы іс еді, Неткен шымыр күш еді. Лақтырсаң да аспаннан, Қолын тіреп түседі. Қуануда ауылың, Әлпештейді нар ұлын. Жақсылық ағам секілді, Бір жапырақ бауырым. Жүрегің неткен түкті еді, Білегің неткен мыкты еді? Ерлігінен Елдостың, Шын қазақты таныдым! Жалғыз Ғабит емес, Елдостың күміс жүлдесіне күллі қазақтың қуанғаны рас. Мысалы, Чехияда тұрып жатқан белгілі журналист Ғалым Боқаш: «Шымыр Елдостың арқасында дзюдода «күмісті қанағат тұтатын» дәрежеге жеттік. Бәрекелді, балуаным!», деп ФБ-дағы парақшасы арқылы қуанышын жеткізді. Сондай-ақ, ол: «Жарайсың, Отгонцэцэг! Әйел балуандардың бәсекесін көру бір керемет, жеңілген де жылайды, жеңген де жылайды. Бір-біріне құрметі де ерекше», деп қола жүлдегер болған дзюдошы қыз Отгонцэцэг Галбадрахтың атына да мадақ сөздер жазды. Спорт журналистерінен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан да қалыса қоймады. Желі қолданушы жазушы өз парақшасында мынадай жазба қалдырды: «Бәрекелді! Гүлбану-Галбадраx қоржынымызға алғашқы қола медальды салды! Алтынға сәл ғана қалып еді-ау, жапон қызы жолды қиып кетті... Дәтке қуат. Құтты болсын! Кубаның қара маржанын таза ипонға тастап кеткен қарындасымыз күллі қазақтың абыройын асқақтатып тұрып, монғолдардың өзегін өртеп кетті. Галбадраxтың бағын байлап келген қандасы, монғол қызы қолаға да ие бола алмады. Жартылай финалда әзербайжан жігітін вазаримен жеңген Елдос сәлден соң ақтық сынға ресейлік Бесланмен кілемге шығады. Алла жар болғай! Олимпиада басталмай жатып былғары қолғабын шешуге тура келген Берік Әбдіраxманов көкдөнен-көңілдің аяғына жем түсіріп, ақтық мәреге жақындағанда шайтанарбасы шабан тартқан Андрей жүйке талшықты бір талдап суырып еді... Дзюдошылар Рио кілемін қуырып жатыр. Тәуба!». Қазақ елінің қоржынына Риодағы тұңғыш медальді салған дзюдошы қызымыз Отгонцэцэг Галбадрахты мақтағандар да, оның түп-тұқиянын қазбалағандар да, тіпті мағынасыз бірдеңелерді айтып, моңғол қызын кекетіп, мұқатпақ болғандар да табылды. Біреулер оған «Гүлбану» деп ат қойып, айдар тақса, енді біреулер тегін тергеп, «Бадырақтың қызы» деп жатты. Осылардың бәріне жоғарыда біз айтқан павлодардық Есенбек Санатұлы өзінің ФБ парақшасында мықтап тұрып тойтарыс берді: «Гүлбану» деп сандырақтағанды қойыңдар! Отгон деген «кенже» деген мағына береді. Ал, цэцэг – гүл, яғни Кенжегүл. Қазақ жігіттері жар етер болса, қыздың атын солай өзгертуге болады»... Осы орайда фейсбук белсенділерінің бірі Нұрболат Әлменовтің мына жазбасы бір кебісті бір кебіске кигізіп отыратын қазекемдерге ой салды деген үміттеміз. «Мемлекеттің спортты дамыту саясатын сынауға, пікір айтуға болады. Демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз дегендей. Бірақ, спортшылардың шыққан тегін, нәсілін, діни наным-сенімін күлкі қылып, аты-жөнінін әжуалау – надандық, сауатсыздық, найсаптық. Спортта «no to racism!» деген ұран бар. Бізге ешкім ондай құқық берген жоқ. Олардың есімінің қазақша мағынасына да бас ауыртпалық. Атымызды ана тілімізде дұрыс жазып алайық!», деп жазды Нұрболат. Олимпиада сынында «ә» дегеннен-ақ сәтсіздікке ұшыраған былғары қолғап шебері Берік Әбдірахманов пен дзюдошы Жансай Смағұлов та желіде өз «сыбағаларын» алды. Алғашқы жекпе-жегінде америкалық жас боксшыдан оңбай ұтылған Әбдірахманов турасында жұмыссыз жүрген спорт журналисі Диас Ахмет-Шәріп: «Есесіне 30 жасында Рионы көріп қалды», деп мысқылдады. Ал «Спорт» апталығының бас редакторы Дүрәлі Дүйсебай дзюдошы Смағұловты былайша сынға алды: «Бауырымыздың көзінен от көрмедік. Олимпиада – спортшы өміріндегі ең ірі жарыс. Ол жарысқа бардың ба, өзіңді қыдыруға барған турист ретінде сезінбей, барыңды сал. Ұтылмайтын адам жоқ, бұл – спорт. Бірақ ұтылсаң да жанып барып ұтыл». Серкесінің мүйізі қағылған соң ауыр атлеттеріміздің жағдайы ауырлай түсті. Мұны зілтеміршілердің Риодағы алғашқы аяқ алыстарынан аңғарып отырмыз. Маргарита Елисеева мен Қытайдан қалап алдырған Арли Чонтей жүлдеден құралақан қалды. Бұл сәтсіздіктер әлеуметтік желіде кәдімгідей киіз үйді құлатардай құйын тудырды. Мәселен, «Қазақ спорты» газеті бас редакторының орынбасары Төлеубек Қадырмолла былай деп қатты айтты: «Медаль алуға сәл ғана жетпей қалды...», «Төртінші орын алды», деп тым жұмсарта берудің қажеті қанша? Нәтижесіне неге қарамаймыз? Қола медаль алған таиландтық ауыр атлет 289 килоны бағындырды. Біздің сорлы 278 килоны ғана көтерді. Бақандай 11 кило айырмашық. 11 кило!!!». Ал Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз хатшысы Ардақ Тоғымов зілтеміршінің осыдан төрт жыл бұрын Англияға «қыдырып» барғанын еске салды. «Есімде, Олимпиада-2012 кезінде оны да Лондонға алып барды. Турист ретінде. Ол жарысқа мүлдем қатысқан жоқ», деп жазды өзінің парақшасында А.Тоғымов. Әлеуметтік желідегі жазбаларды қарап отырсаң, кеше ғана күллі әлем таңдай қаққан тактик, ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Нидің де басына бұлт үйіріле бастады ма деп қаласың. Мәселен, спорт журналисі Рауан Оқас өзінің парақшасында: «Қандай нәтижемен оралса да, Алексей Геннадийұлы Нидің отставкасын талап етуіміз керек. Қытайлыққа құйылған ақша ақталмады. Уақыты келді кетуге», деп жазды. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым болса, қаһарына мініп, Нидің шаңын қағып алуға шақырды. «Əр нəрсенің сұрауы болады шынымен. Мысалы, Риодағы Олимпиададан кейін тек легионерлерге үміт артқан спортпен қоштасу керек болады. Өз спортшыңды өсірмей, өзіндік мектеп ашпай, дəстүр қаламай ұшпаққа жетпейміз. Жаһанданудың да шегі болады. Ни сияқты тренерге мен тіпті қылмыстық іс қозғар едім, тіпті пайғамбардың үмбеті болса да. Қаншама ақшаны желге шашып жатыр. Қаншама келімсекке көкбайрақты төлқұжат жасатты. Допинг дегені тағы бар. Допингсіз командасы шашылып қалды», деп шамырқана жазды ол желіде. Сөйткен Нидің телефонына WhatsApp мессенджері арқылы Зүлфия Чиншанлодан мынадай жазба келіпті. Мұны да фейсбуктен оқып білдік. «Менің салмағымда өнер көрсеткендерді көрдіңіз бе? Токиода мен солардың бәрін айырамын!», дейтін көрінеді басы даудан арылмай жатқан кекілді «қызымыз»... Әлеуметтік желіде сәуегейлік танытып, болжам айтушылар да аз емес. Солардың бірі – спорт журналисі Бек Төлеуов. «Бокстан Олимпиада ойындарының жеребесі тартылды. Менің болжамым былай: Елеусінов чемпион. Жеребе ыңғайлы етіліп жасалды. Чемпион Раби мен Замковой екінші сеткада. Әлімxанұлы, Левит, Ниязымбетов жүлдегер болады. Дычкоға Меджидов қарсылас атаныпты. Сондықтан бос қалады деп ойлаймын. Общым, Даниярға қой беріңіздер 3,55 коэф», дейді «жауырыншы» журналист. Тағы бір спорт журналисі Әли Битөре әріптесінен асып түсті. «Қорыта айтқанда, Қазақстан құрамасы бокстан 2 алтын, 2 күміс және 1 қола алуы мүмкін. Әрине, бұл – менің болжамым. Анығын бірінші Алла, сосын АИБА басшылығы біледі. Қыздар боксы туралы айта алмаймын», деп батыл түрде жорамал жасады батырың фейсбукте. Реті келіп тұрған соң осы жерде айта кеткен жөн сияқты. Бүгінгі күнде «Біз Лондон-2012 Олимпиадасындағы табысты қайталай аламыз ба, деңгейіне жете аламыз ба?» деген сұраққа жауап іздеушілер көбейіп тұр. Шынтуайтына келгенде, ол табыс пен деңгейдің өршіп тұрған даудан кейінгі өлшемі қандай болмақ? Сайыпқыран спортшыларымыз алған жеті алтынның төртеуінің түп-төркініне қазіргі уақытта спорттық қауымдастық күмәнмен қарап отыр. Сонда бұл шытырманның жауабын кім айтады? Дәрі ішіп, дара шығып, енді келіп, дүйім жұртты алдаған ба, деген дүдәмалға ұрынғандардың алдағы тағдыры қандай болмақ? Міне, осы сұрақтар қазір екінің бірін мазалайды және де ол күн тәртібінде өте өткір тұр. Рио Олимпиадасынан кейін бұл мәселе реттеліп, өзінің құқықтық тұрғыдағы бағасын алуы керек деп ойлаймыз. Несін айтасыз, бүгінде Олимпиада тақырыбы қызыққа һәм хитқа айналып-ақ тұр. Ерінбеген пост жазып, пікір білдіріп жатыр. Арасында езу тартқызатындары да жоқ емес. Мысалы желі қолданушы Мөлдір Еркінқызы ФБ-дағы парақшасына: «Олимпиаданы ескеріп, жұмыс уақытын сағат, тым құрығанда, 10-да басталатындай ету керек қой. Үкімет қайда қарап отыр?», деп жазыпты. Құй сен, құй сенбеңіз, қазіргі таңда әлеуметтік желі буырқанған тірлігіміздің нағыз барометріне айналды. Тасада отырып, тарпа бас салудан  тайынбайтын тасырлығы да бар мұндай алапат күшпен санаспасқа тағы болмайды. Газеттерде жазыла бермейтін, телевизияда көзге түсе бермейтін томпақтау тақырыптар төңірегіндегі бірқақпайларға келгенде әлеуметтік желі, әсіресе, Facebook қамшы салдырмайды-ақ. Бір қуанарлығы, отандық желі қолданушылар, оның ішінде спорт тақырыбына қалам тербеп жүрген әріптес ағайын бұл салада көштен қала қойған жоқ. Сондықтан төртжылдықтың төре жарысын сөз еткенде, әлеуметтік желіде айтылған өткір сын, құнды пікір және сұңғыла сараптамаларды көзге ілмеу – бүгінгі күн шындығы тұрғысынан келгенде барып тұрған көрсоқырлық болар еді. Қайрат ӘБІЛДИНОВ