Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзіндегі бір ерекшелік, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуда арзан жалдық тұрғын үй тетігін ойластырып, оны жеңілдікпен ұсыну қажеттігін атап көрсетті. Бұл биылғы Жолдауында атап айтқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына басты назардың жалғасындай көрінді. Сондықтан әрбір елді мекенде жас мамандарға арнап, қазіргі тұрмыс талабына сай үйлер, әлеуметтік-мәдени нысандар салуды жоспарлаған дұрыс.
Бұл біздің елдегі тұрғындарының жартысына жуығы ауылдық жерде тұратындықтан, өте өзекті мәселе деп білемін. Ал Жолдауда айтылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін реформалау – қала тұрғындары үшін шешуін күткен шетін мәселе болып табылады. Аталған реформаны жүргізу үшін «Тұрғын үй қарым-қатынастары» Заңына және тағы басқа құқықтық-нормалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Сондықтан, осы салаларға қатысты мекемелер өкілдері мен аудандық, қалалық әкімдік және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Елбасы Жолдауын жан-жақты талқылауды күн тәртібіне қойып, айтылған пікірлер мен ұсыныстарды топтастырып, қорытындылап, тиісті органдарға жеткізуі тиіс деп ойлаймын.
Қандай да болмасын жақсы жоспардың орындалу сапасы мен деңгейі оны іске асыруға жауапты әрбір деңгейдегі сала басшыларының халық алдындағы жауапкершілігіне, адалдығына, кәсіби шеберлігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне және әрқайсымыздың азаматтық белсенділігімізге байланысты. Ол үшін біздің партия мүшелеріне өз міндеттерін жетік білумен қатар, жұртшылықты ортақ мүддеге жұмылдыру ісі тапсырылады. ХІІІ съезд делегаты ретінде осы мәселелер мұқият талқыланып, басшылыққа алынады деген сенімдемін.
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттердің орындалу барысын бақылауға алуды «Нұр Отан» ХДП және қоғамдық ұйымдарға тапсырды. Партияның кезекті ХІІІ съезінде аталған мәселе нақтылана түсті. Бұл жетекші партиямызға жүктелген үлкен сенім және жауапкершілік. Ел үмітін ақтау нұротандықтардың абыройлы парызы екендігін жұртшылық жақсы біледі.
Мейрамбек ҚИЫҚОВ, «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы cаяси кеңесінің мүшесі, съезд делегаты.