Британдық археологтар Корнуолл графтығының аумағынан біздің эрамыздың VI ғасырына тиесілі қамалдың орнын тапты. Король Артур туралы аңыздарда осы аймақтағы жер атаулары жиі айтылатынын, сондай-ақ, аршылып алынған жәдігерлердің сипатын ескеріп, ғалымдар бұл қамалды әйгілі король мекендеген деп жорамалдап отыр.
– Өз заманында өте қымбат бұйымдарды тұтынғанына қарағанда, қамал қожайыны ақсүйек адам болғаны байқалады. Қару-жараққа құмарлығы, сауыт-саймандары оның асқан батыр адам екендігін білдіреді. Король Артур туралы аңыздарда дәл осы жерлердің атаулары айтылуы бекер емес деп ойлаймыз. Дәу де болса, ол осы қамалды мекендеуі мүмкін, – дейді археологтар.
Аңызға сенсек, британдықтардың көсемі Король Артур жан-жақтан анталаған жауларына тойтарыс беріп, ұзақ жылдар бойы елін қорғаған хас батыр болыпты. Оның Эскалибур деген атпен әйгілі қылышын тастан суырып алып жатқан мүсіні дәл осы Корнуолл графтығында орналасқан.
Король Артур әлемдік әдебиеттегі, кинодағы, бейнелеу, мүсін өнеріндегі ең әйгілі кейіпкерлердің бірі болып саналады. Заманауи компьютерлік ойындарда да оның образы үлкен қызығушылыққа ие.
Нұртөре САМАРҚАН