• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2016

Қоғамнан оқшауланбайды

342 рет
көрсетілді

«Ардос-Жүрек» мүгедектер бірлестігінің бастамасымен «Инк­люзивті білім – болашаққа бастар жол» жобасының тұсауы кесілді. Қалалық демалыс орында­рының бірінде орналасқан оқу-дамыту лагерінде бүгінде 50-ге жуық жүріп-тұруы қиын балалар түрлі пайдалы істермен шұғыл­данады. Қазақстанның Бірінші Президенті қорының қолдауына ие болған жобаны жүзеге асыру­шылардың бірі – «Ардос-Жүрек» мүгедектер ұйымының жетекшісі Ақжан Кәрімнің айтуынша, бағдарламаны қаржыландыруға 2 миллион теңге грант жұмсалып, оның аясында интерактивті семинарлар, тренингтер, музыкалық, арт жаттығулар, ойын терапиялары жұмыс істейді. Ақжан өзінің туабітті мүгедектігіне қарамастан қимылы ширақ. – Аяқ-қолы бүтін, денсаулығы жақ­сы қатарластарына қарағанда, мүмкіндігі шектеулі балалар өздерін кем сезініп, жа­сқан­шақтап тұратыны жасырын емес. Осындай әлеуметтік теңсіз­діктерге жол бермес үшін инк­люзивті білім берудің артық­шылықтарын пайдалану, ең бастысы, кішкентай тұлғаның жан-жағына қызығушылық, қоршаған ортаға бейімделу сияқты қабілет-қарымдарын ашып, қалыптастыру – басты мақ­сатымыз, – дейді психолог маман Ғалия Баязитова. Осында екі ұлын ертіп әкелген ата-аналардың бірі Татьяна Пипус қоғамдық ұйымға деген риза­шылығын жасырмайды. Қызылжар өңірінде қолға алынған қанатқақты бағдарламаны ұйымдастырушылар келешекте мектеп бағдарламасы шең­берінде үйде білім алатын мүм­кіндігі шектеулі балаларды онлайн оқыту жүйесімен қамтуды көздеп отыр. Мұндай санаттағы бал­дыр­ғандардың саны 150-ге жуық. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы