Фестиваль Ұлттық географиялық қоғам мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы аясында 15-19 тамыз күндері ұйымдастырылады. Шараның негізгі мақсаты – Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өту, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойына елге деген патриоттық сезімді қалыптастыру, тарих пен мәдениетке деген сүйіспеншілігін дамыту.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Хан қорық» фестивалі кезінде қатысушылар оңтүстіктегі тарихи жерлерге саяхат жасап, көненің көзіндей болған мәдени нысандармен танысады.
Шараға еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері мен байқау нәтижелері бойынша іріктеліп алынған QazaqGeo мүшелері қатысады. Онда ғылыми конференция өткізіліп, өлкетанушылар мен тарихшылар баяндамалар жасайды. Археологтар ел аумағынан табылған тарихи жәдігерлер жайлы ақпараттар беріп, жастарды қазақ даласының салт-дәстүрін сақтауға, Отанын сүюге үндейді.
Талғат РАЙЫМБЕК