ZAS Architects фирмасы әзірлеген зәулім ғимараттар жобасының құны 550 миллион долларға бағаланған.
naked-science.ru ақпары бойынша, зәулім екі ғимараттан тұратын биік мұнаралардың жалпы аумағы 186 мың шаршы метр болады. Екеуі де 53 қабаттан тұрады. Олардың бірінде бірінші санаттағы 448 бөлмелік қонақүй болса, екіншісінде 280 пәтер бар.
Ғимарат ішінің кіре берісі келушілерді үлкен тропикалық орманда жүргендей сезімде қалдыратын арнайы 3D жобалармен жабдықталған. Қосымша аудиовизуалды, роботты техника мен 3D технологиялар оның әсерін күшейте түсетін болады.
Жаңа ғимараттардың басты ерекшелігі – ішінде аумағы 7000 шаршы метрді құрайтын тропикалық орман орналасатындығы. Бұл жерде қоғамдық аттракциондар, тропикалық өсімдіктер және тропикалық ылғалды ауа жүйесі бар. Архитекторлардың айтуынша, мұндай ылғалды ауа жүйесі тұман мен жаңбырды шынайы сезінуге мүмкіндік береді. Келушілерге арналған бірнеше демалыс орны, бассейн, жағажай, түрлі дәмханалар, сарқырамалар болады.
Жобаны әзірлеушілер ғимараттың алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықталғанын мәлімдеді. Жүкті жылдам қозғалатын лифтілермен бөлмеге жеткізетін роботты жүйе орнатылған. Ғимараттың құрылысын 2018 жылы аяқтау жоспарланған.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»