Өткен жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған «Құнанбай» фильмі көрерменнен өзінің жоғары бағасын алғаны белгілі. Енді бұл отандық фильм 5 – 11 қыркүйек аралығында Қазан қаласында өтетін XII Қазан халықаралық мұсылман киносы фестиваліне қатыспақ.
Аталған конкурсқа қатысуға әлемнің 50 елінің режиссерлері мен продюсерлерінен барлығы 700-ден астам өтініш келіп түсіпті. Алайда, конкурс бағдарламасына 33 мемлекеттің 60-қа тарта деректі, анимациялық және ойын-сауық сипатындағы фильмдері кірген. Қазақстандық фильммен Ресей, Иран, Қытай, Сербия, Біріккен Араб Әмірліктері, Бангладеш, Малайзия секілді елдердің кино туындылары бәсекеге түспек.
Бұл күндері көрермендердің назарына конкурстан тыс кең ауқымдағы бағдарламалар да ұсынылады. Мәселен, фестиваль аясында кинематография саласының майталмандарымен түрлі шеберлік-сағаттар, байқауға қатысушылармен шығармашылық кездесулер, кино өнері саласының өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстелдер мен баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылады.
Конкурстық бағдарламаны режиссер, сценарист, продюсер Сиддик Бармак, режиссер, кинооператор Усман Сапаров, режиссер, сценарист Юсуп Разыков және кинооператор Валерий Севастьянов бағалайды. Фестивальға төрелік ететін қазылар алқасының төрағасы – белгілі кинорежиссер, Ресейдің халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Александр Прошкин.
Бұл фестиваль – 2005 жылдан бері дәстүрлі түрде Татарстан астанасында ұйымдастырылып келе жатқан ең ауқымды кинокөрсетілім. Фестивальдың негізгі тұжырымдамасы «Үнқатысу мәдениетінен – мәдениет үнқатысуына» ұраны арқылы анық көрініс тапқан.
Жалпы, форумның бағдарламасына ұлтаралық үнқатысу орнатуды өзек еткен, бейбітсүйгіштік, өзге дінге құрметпен қарау, толеранттылық секілді идеяларды басшылыққа алған фильмдер таңдап алынған.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»