• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2016

Кітапханашылар үн қосты

321 рет
көрсетілді

Ақтөбе облыстық Н.Байғанин атындағы балалар кітапханасының кітапханашылары «Рио-2016» Олимпиадасына қатысушыларға өз тілектерін білдірді. Қашанда ел мақтаныштарын өзгелерге насихаттауда үлкен шаруа атқарып жүретін кітап­ханашылар бұл жолы да қарап қалған жоқ. Мектеп оқушылары жазғы демалыста болғандықтан, балаларды жинап, іс-шара өткізу оңай емес. Соған қарамастан, облыстық балалар кітапханасының кітапханашылары журнал-кроссинг ұйымдастырып, саябақта кешкілік демалып отырған қала тұрғындары мен қонақтарға спортшыларымыз туралы мәліметтер мен олар туралы жазылған басылымдар таратты. Көзі нашар көретін қарттарға Олимпиадаға қатысушы жастар туралы жазылған мәліметтер мен ақпараттарды оқып берді. Олар, сондай-ақ, «Рио-2016» Олимпиадасына қатысушыларға жалынды сәлем жолдады. «Рио-2016   Олимпиадасына қатысу­шы­ларға сәлем!» деп жазылған пла­катты алып, саябақтар мен қала тұрғындары жиі жүретін көшелерді аралады. – Бүгінде аналарымыз тақымын қысып, әкелеріміз намысын қайрап отырған шығар. Ұлт абыройын қорғайтын әрбір қазақ спортшысы үшін бәріміз де жауапты екенімізді сезінуіміз керек. Сол себепті біздің ұжым кітапханаға келген әрбір оқырманға, көшедегі қарапайым халыққа спортшыларымыз үшін жанкүйер болудың маңызы туралы үнемі айтып отырады, – дейді кітапхана директоры Гүлжайнар Қалдина. Жаз мезгілін кітапханашылар толық қазақ спортына арнап отыр. Олар Олимпиада басталғанша лагерьлер мен балабақшаларда, спорт мектептері мен үйірмелерде балалар арасында спорттық жарыстар өткізіп келді. Жеңімпаз болған балалардың кеудесіне медаль тағып, болашақта мықты спортшы болуға үндеді. Айнұр НЕРМИЕВА АҚТӨБЕ