Үкімет басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Оралдағы қоғам және зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Pm.kz-тің хабарлауынша, кездесуге қатысушылар аймақтың экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуының өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, құрылыс, жол-көлік инфрақұрылымы, жастарды жұмысқа орналастыру тақырыптары көтеріліп, Жайық өзеніндегі экологиялық ахуал туралы айтылды.
Премьер-Министрге өз ұсыныстарын шығармашылық зиялы қауым өкілдері де білдірді. Мәселен, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева жастарға рухани тәрбие берудің және мәдени дәстүрлер мен құндылықтарды сақтаудың маңыздылығы туралы айтты.
Өз кезегінде Батыс Қазақстан Инновациялық университетінің доценті А.Әбділманов белгілі қазақ жазушысы Хамза Есенжановтың есімін балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық кітапханаға беруді ұсынды.
Орал тұрғындарын толғандырған сұрақтарға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова тұшымды жауаптарын берді.
Айдар ӨРІСБАЕВ